Ветеринария - мал шаруашылығында маңызды орын алады. Өйткені саланың дамуы осы қызмет түрімен тікелей байланысты. Сондықтан бұл бағытқа елімізде ерекше мән беріліп келеді. Соның бір айғағы ретінде, мал басын сәйкестендіру жұмысын атап өтуге болады.

Сәйкестендіру – төрт түлікті есепке алу процедурасы. Ол таңбалау, чиптеу арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, малдарға жеке сәйкестендіру нөмірлері беріліп, олар туралы барлық мағлұмат арнайы деректер базасына енгізіледі. Яғни, олардың нақты есебі алынады. Бұл, өз кезегінде, дер кезінде мал дәрігерлік көмек көрсетуге, эпизотикалық, диагностикалық шараларды уақытылы жүргізуге, мал ұрлығын азайтуға мүмкіндік береді.

Осы мүмкіндіктен облыс жұртшылығы қалыс қалмауға тырысуда. Павлодар облысы ветеринария басқармасының басшысы Қайыржан Байжанов аймағымыздағы барлық ауыл шаруашылығы малдары сәйкестендіруден өткенін айтты.

- Жалпы, төрт түлікті сәйкестендіру тұрғындар үшін де, мал шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлерге де міндетті шара болып табылады. Атап өтерлігі, ірі қара, ұсақ мал және түйенің төлдері екі айдың ішінде сәйкестендіруден өтуі тиіс. Ал құлындар төрт айға дейін ресми есепке алынуы қажет. Малға берілетін сәйкестендіру нөмірлері бірегей болып табылады, - дейді Қ.Байжанов. Яғни, бір малға берілген сәйкестендіру нөмірі қайталануы мүмкін емес.

Аймағымыздың бас ветеринары бұл бағыттағы жұмыстардың қатаң бақыланатынын да атап өтті. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап форматтық-логикалық бақылау жүзеге асырыла бастайды. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы малдарының деректер базасына ескі ақпарат енгізуге немесе бір малды қайта есепке алуға мүмкіндік бермейді.

- Облыс тұрғындарына айтарым, «ветеринар маман қашан үйімізге келіп, сәйкестендіру шараларын жүргізеді» деп күтіп отырудың қажеті жоқ. Қорасында малы бар әр азамат өздері алдымен мал дәрігеріне тиісті өтініш жазуы қажет. Мемлекеттік қызметтің бұл түрі тегін көрсетіледі. Бұл қызмет төрт түлік иелері үшін міндетті болып табылады. Атап өтерлігі, малдары сәйкестендіруден уақытылы өтпеген тұрғындарға, кәсіпкерлерге айыппұл қарастырылған. Онымен қоса, ресми есепке алынбаған малдарға бірде-бір ветеринарлық анықтама қағазы берілмейді, - дейді Қайыржан Зайырбекұлы.

Қазіргі кезде Астана қаласында «Электронды ветеринарлық анықтама» атты пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Оған елорданың үш ірі базары қатысуда. Бұл жоба сауда сөрелеріне қауіпті әрі сапасыз өнімнің жайғасуына, жалған ветеринарлық құжаттардың рәсімделуіне жол бермеуге бағытталған. Яғни, ет өнімінің қауіпсіздігін растайтын электронды үлгідегі құжат болмаса, онда аталған сауда орындарына жол жабылады. Пилоттық жоба еліміздің барлық аймақтарында енгізілмек. Бұл – мал басын сәйкестендіру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі.

Қ.Байжановтың айтуынша, аймағымызда биылғы, жас төлдерді санамағанда, барлық мал сәйкестендіруден өткен. Ветеринарлық биркамен және малдың төлқұжатымен облысымыз толығымен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да қарқынды жүргізілмек. Атап айтсақ, ағымдағы жылы 136 223 ірі қара, 204 706 ұсақ мал, 34 332 жылқы сәйкестендіруден өтпек.

Атап өтерлігі, облыстық ветеринария басқармасының ресми сайтында аймағымыздың эпизотиялық картасы құрылған. Онда қай өңірде қанша мал ауруға шалдыққанын көруге болады.

Мамандардың айтуынша, аймағымызда сәйкестендірудің чиптеу әдісі кең тарауда. Тұрғындар сол арқылы қорасындағы малын ұры-қарыдан сақтауға болатынын түсінген. Себебі, чиптеу тәсілі ірі қара малды ұрлап, пайда табуды көздеген-дерді полицейдің құрығына лезде түсіретін көрінеді. Қ.Байжановтың сөзіне сүйенсек, мал басын таңбалаудың осы жаңа әдісі енгізілгелі бері аймағымызда мал ұрлауға бекінген 16 барымташы құрықталыпты.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz