Данияр АҚЫШЕВ, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
(kapital.kz сайтынан).

- Қандай да бір тәуекелдерге қарамастан, зардабын түсінбестен жылдам ақшаны рәсімдегендердің саны бүгінде еліміз бойынша 236 адамнан асып отыр. Қазіргі заңға сәйкес, онлайн-несие алғандар мен оны жабуға байланысты проблемаға ұрынғандарға ешқандай заңгер көмектесе алмайды.

Онлайн-несиеге көп тұрғындар қажет кезде жай ғана барып ала салатын оңай ақша деп қарайды. Әрине, жаны қиналған кезде адамның ойлау қабілеті басқаша жұмыс істейтіні анық. Бірақ ақ пен қараны, бар мен жоқты, өмір мен өлімді ажырата білетіндей білім мен сана ауадай қажет біздің қоғамға.

Біздің ұсынысымызбен жақында Парламент Мәжілісі онлайн-несие беретін компанияларды сабасына түсіретін «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңды бекітті. Құжат әрі қарай қабылданып кетсе, интернет арқылы мөлшерлемесі аса қымбат несие таратып жүргендерді Ұлттық банк бақылауға алады. Заң жүзеге асса, интернет арқылы несие беретін ұйымдар қысқарып, азаматтар өмір бойы қарыз төлеуден құтылатыны анық.


Айдос САРЫМ, саясаткер:

- Қарап отырсақ, біздің еліміз нағыз Қарызстанға айналып бара жатыр. Тұрғындарға берген қарыздың көптігінен оны қайтара алмай жабылып жатқан банктер де жетерлік. Қарызға белшеден батқан азаматтың елге де, экономикаға да, отбасына да берері шамалы. Қара тізімге еніп, қарабетке айналған адам ертең отбасын да жетістірмейді, кәсіп те аша алмайды. Себебі қажет кезінде несиені оған ешкім бермейді. Сайып келгенде қарыз проблемасынан банк және несие жүйесі дағдарып жатыр. Қайтарымы жоқтық жаңа қарыз іздеуге итермелеп, я шетелден қарыз алғызады, я мемлекетке жүгініп, ұлттық қорға қол салғызады.

Қазір жеке азаматтардың банкроттығы деген заң қабылданып жатыр.

Сол заңды дұрыс пайдаланып, біраз қарыздың әңгімесін жабу керек.

Жағдайы төмен, несиесі аса көп емес азаматтарға рақымшылық жасау керек. Бірақ бір шарт: рақымшылық алған адамдар 5-10 жыл бойы әбден миы қатып, піскенше несие алу құқынан айрылуы тиіс.

Несиені банктер тек нақты бизнес-жоспары бар, табыс көзін көрсете алатын азаматтарға ғана беруі керек. Білімге, ипотекаға беру керек. Тойға, жерлеуге деген несиелерді атымен жою қажет. Үйге қажетті техника алатын несие тек отбасыларға, ерлі-зайыптының екеуі де қызмет істейтіндерге берілгені абзал. Рас, бұл тұтынуды шектеуі ықтимал, бірақ жақсы смартфон алып, оның ақшасын қайтара алмай, үстемесін төрт есе етіп төлеу не масқара?!


Бақберді АБРАЕВ, ішкі істер саласының ардагері, заңгер:

- Ешкім жетіскеннен қарыз алмайды. Отбасыңда ақшаның жетіспеуінен, сананы тұрмыс билегеннен борыш қамытын барып киеді. Алайда несие алудың да өз мәдениеті бар. Біздің халық әлі күнге оны тегін беріліп жатқан олжа санайды. Оны қайтармау ерліктің түріне айналып барады. Бұл - жаман құбылыс әрі қылмыс.

Негізі, бұл келеңсіз құбылыстың түпкі себебінде қаржылық сауатсыздық жатыр. Жастар, жас отбасылар үйдегі үлкендермен ақылдаспастан пайызы сұмдық қымбат несие алып, қарызға белшесінен батады. Ол үшін ағарту жұмысын шын мәнінде мектептен бастау қажет. Балаларға түсінікті, қазақ тіліндегі көрнекі сабақ беру керек. Несиенің не екенін түсіну бала кезден, отбасыдан басталуы тиіс қой. «Көрпеңе қарай көсіл» деген тәмсіл бар. Кез келген қаражатты қарызға аларда төлеу мүмкіндігіңді ескеріп, ертең қиналып қалмаймын ба деген сауалға жауап іздеп көр. Әрі оның төлейтін мерзімін тым созып жіберген де дұрыс емес. Уақытын ұзартқан сайын комиссиясы мен мөлшерлемесі аса көп болатынын ұмытпаған жөн. Осы қарапайым ережелерді қаперде ұстаған жан банктердің құрығына түспес еді.

«Алаңды» үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz