Биыл Павлодар облысында бұл бағытта жаңа бастама қолға алынды. Аймақтағы балабақшаларды мемлекеттік тілге ауыстыру үрдісі жүргізілуде. Бүлдіршін-дердің мемлекеттік тілде тәрбиеленіп, латын графикасындағы қазақ тілі әріптерін үйренуінде тәрбиешілерге зор міндет жүктеліп отыр. Балғындардың бойына ана тілін сіңіру үшін алдымен педагогтар қазақ тілін оқыту курстарынан өтуде. Мәселен, өткен жылы Павлодар қаласында 225 тәрбиеші қазақ тілін оқыту курсына қатысып, А1 деңгейін меңгерген. Биыл тағы да 250 тәрбиеші аталмыш курстан өтеді деп жоспарлануда. Облысымызда тіл оқыту орталықтарының саны - 34. Оның 11-і мемлекеттік тілді үйретеді екен. 2016-2017 оқу жылымен салыстырғанда биыл қазақ тілінде тәрбиеленіп жатқан өзге ұлт өкілдері балаларының саны 437-ге өскен. Бұл көрсеткіш ата-аналардың мемлекеттік тілге деген сенімінің артқанын, ұл-қызының болашағы Қазақстанмен байланысты екеніне көз жеткізгендерін көрсетеді.

Алдағы уақытта түрлі салалардың латын қарпіне көшу мерзімдері айқындалатын болады. 2020 жылдан бастап мектептердегі 1-2 сынып оқушыларын латын қарпіне көшіру жоспарлануда. 2021 жылы 3-5-сынып оқушылары, 2022 жылы 6-7-сыныптар, 2023 жылы 8-9-сыныптар оқытылады. Сондай-ақ, аталмыш жылдары сөздіктер мен оқу құралдары басылып, жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Жалпы, латын графикасындағы қазақ тілінің жаңа әліпбиіне толық көшу үрдісі 2025 жылға дейін жоспарланған. Сондықтан 2020 жылы мектеп табал-дырығын аттайтын 1-сынып оқушылары балабақшадан қазақ тілін меңгеріп келуі тиіс. Ол үшін тәрбиешілер ана тілді меңгеріп, латын қарпін түрлі ойындар арқылы үйретуі тиіс

Қазіргі уақытта аймағымызда қазақ тілінде тәрбие беретін 67 балабақша бар. Оларда 9630 бүлдіршін тәрбиеленеді. Ал аралас тілде қызмет көрсететін мектепке дейінгі мекемелердің саны – 84. Барлық 294 қазақ тобына 7574 сәби барады. Ал 1500-ге жуық өзге ұлт өкілдерінің балалары мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие алуда. Болашақта орыс тілді балабақшаларда қазақ тілінде сабақ беретін топтар ашылмақ. Онымен қоса, барлық балабақшаларда жекелей пәндер ана тілінде жүргізілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік мерекелер де қазақ тілінде өткізіледі.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», демекші, жас ұрпақты тәрбиелеу бағытында қолға алынған бұл бастама қуантады. Жеткіншектер мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін үйренсе, елім дейтін ұлтжанды ұрпақ өсіреміз...

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz