2004 жылдан бері елімізде ҰБТ-ға 1 млн. 600 мың түлек қатысқан. ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, 2017 жылы жаңа форматқа көшкен ҰБТ-ға биыл өзгеріс енгізілмеген. Сынаққа қатысушылардың өтініштері 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында қабылданған. Тестілеу уақыты 20 маусымнан 1 шілдеге дейін жүргізіледі. Биыл «Алтын белгі» иелерінің жинаған балы өзгелермен тең болған жағдайда ғана басымдыққа ие болады. 2018 жылы 7 мыңға жуық «Алтын белгі» иелері ҰБТ-да бағын сынамақ. Сонымен қатар биыл түлектер ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік алып отыр. Бұл ретте аталмыш сынақты өзге тілде тапсыруға 200-ге жуық түлек өтініш білдіріпті. Вице-министрдің сөзінше, биылғы тест сұрақтарының сапасы оқушылардың көңілінен шығады. Соңғы екі жылда апелляцияға берушілер саны екі есеге төмендеген.

Министрдің орынбасары ҰБТ қорытындысы бойынша рейтинг жүргізілмейтіндіктен өңірлерде мектептердің қызметі нәтиже бойынша бағаланбайтынын айтады. Өйткені, ҰБТ – жоғары оқу орнына түсушілерді іріктейтін емтихан. Сондықтан, мектеп білімінің көрсеткіші аттестациялауға байланысты болмақ. Сондай-ақ ҰБТ шарасы кезінде балалардың қауіпсіздігі, тасымалы, жатын орны мен тамақтануына жергілікті атқарушы органдар жауапты болмақ.

– Биыл қосымша 20 мың грант бөлінетіні белгілі. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға берілмек. Сондықтан оқушылар таңдау пәніне ерекше мән берген жөн. Талапкерлер тестілеу парағын толтыруда қателіктерге бой алдырып жатады. Бұл ретте биыл Ұлттық тестілеу орталығының өңірлердегі филиалдарына сынама тестілеу парақшалары жіберіліп, оқушылар белсенді түрде қатысты. Ал ақылы бөлімде оқу үшін ҰБТ-ны тамыз айы мен келер жылдың қаңтарында қайта тапсыруға байланысты өзгерістер болған жоқ. Сондай-ақ талапкерге басқа жоғары оқу орнында тапсырған шығармашылық емтихан нәтижесі бойынша ақылы бөлімге оқуға мүмкіндік беріліп отыр, - деді А.Аймағамбетов.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов биыл тест сұрақтарының 50 пайызы жаңартылғанын айтады. 2018 жылы елімізде 146 мыңға жуық оқушы мектеп бітірмек. Қазіргі уақытта 94 072 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Бұл түлектердің 69 пайызын құрайды. Мектеп бітірушілердің 73 мыңы сынақты қазақ тілінде тапсырады. Бұл түлектердің 80 пайызын құрап отыр.

Ағымдағы жылы ҰБТ 167 орталықта өткізіледі. Ұлттық тестілеу орталығының басшысы тестілеу кезінде кейбіреулердің әр жерден құраған тестілеудің жауаптарын сататынын, алайда «Мемлекеттік құпия туралы» заңға сәйкес ешбір жауап алдын ала берілмейтіндіктен ата-аналар мен талапкерлердің ондай алаяқтарға алданбауын, тек өз біліміне сенуі, берілген уақытты тиімді пайдалануы керектігін атап өтті.

ҰБТ-ның форматы 2 блоктан тұрады. 3 міндетті пән – мате-матикалық сауаттылық, оқу сауат-тылығы, Қазақстан тарихы бойынша әрқайсысына – 20 тапсырма. Одан кейінгі 2 бейінді пәннен 30 тапсыр¬мадан бар. Барлығы 120 тапсырмаға 3 сағат 50 минут беріледі. 230 минуттың ішінде осы тапсырмаларды орындау арқылы 140 балға ие болады.

Мұның себебі, бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауаптары бар 10 сұрақтан құралады.

Биыл Павлодар облысында мектеп бітіретін түлектердің саны - 3896. Оның 72 пайызы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген. 212 түлек «Алтын белгіге», 109 түлек «Үздік аттестатқа» ұсынылған. 796 түлекті ҰБТ өткізу орындарына тасымалдау жоспарлануда. Ол үшін 24 мектеп автобусы, 33 бірлік автокөлік жұмылдырылмақ. Тасымалдау, тамақ пен жататын орынға аудандық және қалалық бюджеттерден 7,6 млн. теңге қаржы қарастырылған. Өткен оқу жылында аймағымыздың түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтижеге қол жеткізіп, респуб-лика деңгейінде 2-ші орынға ие болған еді. Биылғы оқу жылында да аталмыш сынақтан сүрінбей, ұстаздар мен ата-аналардың сенімін ақтау міндеті тұр. Түлектер мен ұстаздар қауымы сенімді ақтайды деген үміттеміз.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz