Алғашқы екі бекет Павлодар ауданына қарасты Новоямышев және Чернорецк ауылдарында іске кірісті. Новоямышев ауылындағы жедел жәрдем бекетінің ашылғаны сол еді, бірден 103 нөміріне қоңырау түсіп, медициналық бригада Павлодар-Семей бағытындағы тас жолда орын алған апатта жарақат алған адамдарға көмектесуге аттанды. Белгілі болғандай, жол-көлік оқиғасы салдарынан бір жолаушы дереу Павлодар қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Айта кетерлігі, жаңа бекеттің қолданысқа берілуі ақ желеңділердің оқиға орнына 15 минут аралығында жетуіне мүмкіндік береді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 21 минут болатын.

Бекеттердің әрқайсысында екі реанимобиль бар. Бірі көмек көрсетуге жолға шыққанда, екіншісі резервте қалады. Облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжановтың айтуынша, көліктер тиісті медициналық құралдармен, дәрі-дәрмектің барлығымен қамтылған. Фельд-шерлер халықаралық талаптарға сай қайта оқытылыпты.

- Әдетте жол-көлік оқиғасы болғанда апат орнына жететін төтенше жағдайлар қызметі мамандарында алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажет құралдардың бәрі бірдей бола бермейді. Ал жедел жәрдемнің арнайы бекеттерінде керектің бәрі бар. Тіпті, «алтын уақытты» жоғалтпай, смартфон және планшет арқылы бас дәрігерлермен тікелей байланысқа шығып, онлайн-кеңес алуға болады. 103 нөміріне қоңырау түскенде фельдшер смартфон, ал көлік жүргізушісі планшет арқылы қажет ақпаратты көріп, қысқа жолмен жедел жетеді. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру медицина саласына айтарлықтай оң өзгеріс әкеліп отыр. Бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіреміз. Осы орайда мұндай тәжірибе еліміздің өзге өңірлерінде кездесе бермейтінін атап өту керек. Себебі арнайы бекетті ашу қыруар қаржыны талап етеді. Ал жергілікті билік адам денсаулығының бәрінен де қымбат екенін жіті түсініп, бюджеттен қомақты қаржы қарастырды, - дейді Қ.Ахметжанов.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аймақтағы дәрігерлердің біліктілігі жоғары екенін тілге тиек етті.

- Адам өмірін аман алып қалудың негізгі тетіктері – материалдық-техникалық базаның мықты және кадрлар біліктілігінің жоғары болуы. Жаңа менеджменттің қолданылуы нәтижесінде тиімділік 37 пайызға артып отыр. Ал жол бойындағы ауылдарда жедел жәрдем қызметі бекеттерінің ашылуы нәтижесінде көрсеткіш одан әрі жақсарарына үміт мол, - деді М.Бегентаев.

Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев та Павлодар облысындағы медицина саласы көшілгері екенін атап өтті.

- Елімізде жедел жәрдем жүйесін модернизациялау аясында бұл қызмет түрін бір жүйеге біріктіру міндеті қойылған. Павлодар облысы осы бағыттағы істі 2016 жылы қолға алып, сәтті жүзеге асырып келеді. Ал арнайы бекеттерді ашудың бірқатар басым тұсы бар. Біріншіден, олардың барлығы жол бойында орналасады. Демек, жол-көлік оқиғасы бола қалса, уақыт оздырмай, тез жетеді. Екіншіден, сол ауылды ғана емес, көрші елді мекендер мен аудандарды да қамтиды. Айталық, Новоямышев ауылындағы бекет тек Павлодар ауданына қарасты ауылдарға емес, көршілес Лебяжі ауданындағы бірқатар ауылға да қызмет көрсетуге қауқарлы. Үшіншіден, фельдшерлерді оқытып, жергілікті дәрігерлермен бірлесе жұмыс істейді, - деді Н.Отарбаев.

Облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжановтың айтуынша, бірнеше апта дересінде Павлодар ауданындағы Розовка ауылында дәл осындай бекет ашылады. Одан бөлек, тағы бірқатар бекетті іске қосуға бюджеттен қаржы қарастырылуда. Бұл ретте басымдық республикалық жолдарға, әсіресе Екібастұз-Астана бағытына берілмек.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz