Ертіс ауылындағы №4 жалпы орта білім беру мектебінің 7-сынып оқушылары Ринат Мамжанов пен Роман Пятак оқудан бос уақыттарын қатарластары сияқты ойынға емес, ғылымға арнауда. Жас өрендер осынау талпыныстарының нәтижесін көріп те үлгерді. Екеуі бірігіп, ерекше жоба ойлап тапқан. «Ақылды» жылыжайдың шағын үлгісін жасап шығарыпты. Олардың бұл өнертабыстары республика деңгейінде жоғары бағасын алған. Ақмола облысының Шортанды қаласында өткен ғылыми және шығармашылық жобалар сайысында ертістік оқушылар топ жарды.

Жаңа технологияға құмар жас өрендер жоба таңдауға келгенде аса қиналмағандарын айтады. Ертіс астықты аудан екені белгілі. Жоба авторлары ендігі кезекте өз өңірлерінде егіншілікпен қоса жылыжай шаруашылығының да қарқынды дамуын көздейтіндерін айтып отыр. Ринат пен Роман орта сыныптың оқушылары болса да, өздерінің «төл туындылары» туралы, жаңа технологиялар жайында әңгіме қозғағанда нағыз ғалымдарша, шабыттана сөйлейді.

- Біз, бірінші кезекте, елімізге нақты пайда әкелетін жоба таңдауға тырыстық. Экономикалық жағынан тиімді әрі мол өнім беретін жылыжай жасап шығаруды мақсат тұттық, - дейді жас өнертапқыштар.

Жобаның басты ерекшелігі – жылыжай толығымен автоматты түрде жұмыс істейді. Яғни, ондағы жылу, жарық жүйесі тәуліктің әр мезгіліне қарай өздігінен реттеліп отырады. Күндіз жылыжай қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Ондағы температура ауа райына байланысты автоматты түрде реттеліп отырады. Ал күн ұясына батқанда арнайы құрылғылар нысанның жарықтандыру, жылыту жүйесін іске қосады. Тек тұтынушы температураның шектік мөлшерін таңдап қойса болғаны. Егер жылыжайдағы ауа температурасы шектік межеден төмендей бастаса, тағы да автоматты түрде жылыту құрылғылары жұмыс істей бастайды.

Жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бұл жүйе көбіне кешкі уақытта іске қосылады. Оның да өзіндік себебі бар, дейді жас өрендер. Күндіз су тез буланып, топырақтың ылғалдылығы азайып қалатын көрінеді. Тағы бір ерекшелігі, жылыжай қажетті қуатты күн сәулесінен алады. Немесе электр желісіне де қосып қоюға болады. Мұнда қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Егер қандай да бір құрылғының сымдары тұйықтала бастаса, онда жүйе толығымен автоматты түрде өшіп қалады.

Атап өтерлігі, әзірге еліміздің өзге аймақтарында мұндай технология негізінде жұмыс істейтін жылыжай жоқ. Павлодар облысы ақылды жылыжайды іске қосатын алғашқы аймақ болуы мүмкін. Тек жобаға қызығушылық танытатын кәсіпкерлер табылса, әрине. Р.Мамжанов пен Р.Пятак өздері жасап шығарған жылыжайдың шағын үлгісіне тез пісіп-жетілетін бау-бақша өнімдерін отырғызып көрген. Аз да болса уақытылы әрі сапалы өнім алғандарын айтады.

Жоба авторларының жетекшісі, технология пәнінің оқытушысы Қанат Сматаевтың айтуынша, «ақылды» жылыжайдың шағын үлгісі қолда бар заттардан жасалған.

- «Арнайы осы жобаға» деп дүкеннен бірде-бір зат сатып алған жоқпыз. Шәкірттеріммен үйде, қоймада жатқан «кәдеге жарайды-ау» деген заттарды мектепке алып келіп, құрастырып отырдық. Нәтижесі жаман емес. Ең бастысы, оқушылардың жаңа технологияға деген талпынысы жақсы. Олар осы жобаны қолға алғалы бері өздігінен ізденіп, физика, химия саласы, жылыжай шаруашылығы бойынша біраз мәліметтерге қанық болды. Бұл алдағы өмірлеріне үлкен көмек деп есептеймін, - дейді ұстаз.

Сондай-ақ, Қ.Сматаевтың сөзіне сүйенсек, «ақылды» жылыжайдың технологиясын қазірден-ақ өндіріске енгізуге болады. Қазір осы бағытта тиісті жұмыстар жоспарланып жатқан көрінеді.

Жалпы, Ертіс ауданы ақылы мен талабы қатар ұштасқан өрендерден кенде емес. Оған мына бір көрсеткіш дәлел бола алады. Бүгінде аталмыш ауданның жас білімділер құрамасы облыс бойынша оқушылардың ғылыми жобалары байқауларында көш бастап тұр. Жергілікті мектептердің оқушылары облыстық, республикалық және халықаралық дәрежедегі түрлі сайыстарда топ жарып келеді. Атап айтсақ, республикалық интеллектуалды марафонында Ертіс ауданының 25 оқушысы алтыннан алқа тақса, тағы 89-ы жүлдегер атанған. Бұдан бөлек, 20 оқушы халықаралық білім сайыстарында үздік атанса, 14-і түрлі деңгейдегі жүлдеге ие болыпты.

Білім, ғылым додаларында аудан намысын абыроймен қорғап, атағын асқақтатып жүрген оқушыларға деген құрмет, қолдау да ерекше. Ертіс ауданының әкімі Серік Батырғожинов дарынды балалармен жиі кездесіп, жетістіктерімен құттықтап, оларға бағалы сыйлықтар табыс етеді. Оқу озаттарына аудан басшысының атаулы шәкіртақысы тағайындалған. Пәндік олимпиада жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталатын көрінеді. Аудан билігі тарапынан осындай қолдауға ие болып отырған оқушылар әлі талай өнертабыстарымен қуантатынына сенеміз.

Данияр ЖҰМАДІЛ
Ертіс ауданы.

saryarka-samaly.kz