Үш күнге ұласады

Аймақ басшысы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы павлодарлықтар тарапынан бірден қолдау тапқанын айтты. Өңірде нақты іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, аймақтық жобалық кеңсе ашылды, мамандар арнайы оқудан өтіп, халықаралық жобаларды басқару сертификатына ие болған. Жобаларды жүзеге асыру мақсатында сараптамалық кеңес құрылды. Облыс әкімі Б.Бақауов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сынды негізгі бағыттары бойынша 180 жоба жүзеге асырылғанын айтты. Бұл мақсатқа 11 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 6 млрд. 681 млн. теңгесі демеушілер есебінен жұмсалды.

- «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асқан ауқымды шаралардың бірі - «Ұлы Дала елі» фестивалі. Шараның басты мақсаты - ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу. Былтыр 70 мыңнан астам адам қатысты. Биыл одан да көп мейман келеді деп күтудеміз. Шетелден қандастарымызды шақырып, жүздесіп, өзекті деген мәселелерді талқылауды көздеп отырмыз. Былтыр фестиваль аясында Ресей, Моңғолия, Қытай елдерінен келген қандастарымызбен кең отырып, кеңестік. Биыл осы дәстүр жалғасады. Былтыр көтерілген мәселелердің шешімін қарастыратын боламыз, - деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысы «Ұлы Дала елі» этнофестивалі биыл тамызда үш күнге ұласатынын айтты. Ағымдағы жылы атақты жерлестеріміздің мерейлі даталары аталуда. Яғни, Бұқар жырау бабамыздың 350 жылдығы, Мұса Шормановтың 200 жылдығы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығы, Естай ақынның 150 жылдығы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы ескеріледі. Әрбір мерейтойға арналып ақындар айтысы, жыршы-термешілер сайысы, фестивальдер ұйымдастыру, спектакльдер қою жоспарлануда. Ал бұл іс-шаралардың шарықтау шегі - «Ұлы Дала елі» фестивалінде болмақ. Мұнда арнайы республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланған.

Облыс әкімі Павлодар қаласының көрікті жері – орталық жағажайды абаттандыру жайын да тілге тиек етті. Жағажай «Қазқонақ» археологиялық ескерткішіне дейін ұзартылып, қала тұрғындары мен қонақтардың серуендейтін орындары ұлғайтылды. Ескерткіш қоршалып, алдағы уақытта аспан астындағы музей жасау қарастырылуда. Ал орталық төменгі жағажайда арнайы стационарлық сахна орнатылып, жаз бойы мұнда «Ертіс-Променад» шарасы ұйымдастырылмақ. Тұрғындар мен қала меймандарына қазақстандық және шетелдік әншілер көтеріңкі көңіл сыйлайды. Олардың шығынын демеушілер көтереді деп көзделген. Мұнда түрлі жанр қамтылады.

Мүлдем бөлек музей

Облыс әкімі биыл құрылысы жүргізілетін әлеуметтік нысандарға тоқталды. Мәселен, өңіріміздегі ірі жобалардың ішіндегі мульти-медиялық музей кешені мен 1200 орынға шақталған концерт залына айрықша тоқталды. Жаңа музей құрылысына ERG компаниясы 300 млн. теңге көлемінде қаржы бөлді. Болат Жұмабекұлы музейдің құрылысы биыл аяқталып, оны жабдықтау басталатынын баяндады. Сөйтіп, келесі жылы жаңа мәдени орын ел игілігіне беріледі. Мұнда бәрі заманауи үлгіде жасалып, цифрландырылады.

Одан бөлек, үш ауылдық мәдениет үйі, бес спорт кешені салынады. Ауылдық 13 кітап-хана жаңғыртылып, 20-дан астам коворкинг орталығы ашылады. Қысқа метражды фильмдерді насихаттау мақсатында «Ертіс синема» халықаралық фестивалін өткізу жоспарланған. Бүгінде 40-тан астам өтініш түскен. Б.Бақауов өңір өнерпаздарының өнері шетел жұртшылығына да ұсынылып жатқанын айтты. Мысалы, И.Байзақов атындағы филармонияның симфониялық оркестрі Италия елінің жеті қаласында 22 концерт қойды. Алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірліктеріне жол тартпақ. Ал Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры гастрольдік сапармен Мысыр еліне барады.

Туризмге - тың тыныс

Киелі жерлерді насихаттап, оларды ретке келтіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар да айтылды. Аймағымызда 78 нысан іріктеліп, оның бесеуі республикалық, 36-сы облыстық тізімге енгені белгілі. Бүгінде облыстық тізбедегі 18 нысанның айналасы қоршалған, деді Б.Бақауов. Енді олардың ресми құжаты жасалады. Оған қоса, Павлодар мен Екібастұз қалаларында, Железин ауданында археологиялық жұмыстар қолға алынған. Осы мақсатқа облыс қазынасынан 15 млн. теңге бөлінді. Сонымен бірге, биыл мамыр айынан бастап, археологиялық-этнографиялық экспедиция жасақталмақ. Киелі жерлер жайында деректі фильмдер түсіру жоспарланған.

Болат Бақауов брифинг барысында көпке әйгілі киелі мекен Баянауылды дамытуға бағытталған іргелі істерді тізбектеді. Баянауылды туристер тартудың негізгі нүктесі, деді. Сакралды жерлердің басым бөлігі - осы ауданда. Сондықтан облыс билігі мұндағы мекендердің туристік картасын түзбек. Баянауылды дамытуға былтыр 5 млрд. теңге жұмсалды. Қолдау биыл да үзілмек емес. Әсіресе, жылдар бойы жыр болған жол мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Нақтысы, 175 шақырым жол ресайклинг әдісімен күзге дейін жөнделеді. Мәшһүр Жүсіп кесенесіне апаратын жол салынады. Қысқасы, жоспар аз емес.

Брифингте журналистер Маралды көлін туристік аймаққа айналдыру мақсатында алдағы уақытта қандай іс-шаралар жоспарланғанын сұрады. Б.Бақауов өткен жылы алғаш ашылғанына қарамастан, жаңа курорттық аймаққа 70 мың адамның келгенін мәлім етті. Ал Баянауылға жыл сайын 70 мың турист демалуға барады. Маралдыға апаратын 7 шақырым жол биыл жөнделмек. Оған 450 млн. теңге бөлінген. Бұл көлге көпшілік ем алуға келетінін ескерсек, алдағы уақытта турис ағылатыны сөзсіз.

Қолдау тапты

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған «Мектебіме тағзым» акциясы кең қолдау тапты, деді Б.Бақауов. Мәселен, осы акция аясында 765 түлек ұшқан ұяларына 163 млн. теңгенің көмегін көрсеткен. «Тәрбие және білім» бағыты бойынша мектептерде рухани жаңғыру кабинеттері ашылуда. Жоғары оқу орындарының да белсенділік танытып отырғанын атады. Сонымен бірге, ұлттық ойынымыз асық ату көпшілік арасында аса қызығушылық туғызған. Бүгінде 200-ден астам мектепте асық ойындарын үйрететін үйірме бар. Олар 400-ден астам баланы қамтып отыр.

Бұдан бөлек, «Атамекен» бағдарламасы бойынша ірілі-ұсақты форумдар, жиындар ұымдастырылуда. Барлық жобаларды жүзеге асыруға бизнес өкілдерінің белсенді атсалысып жатқанын айтты облыс әкімі.

Аймақ басшысы ең бастысы адамдар жаңғыруды өзінен бастау керектігін түсінді, деді. Яғни, жаңғырған әлемге бейімделе алған жан жетістікке біртабан жақындай түседі. Облыс әкімі Елбасының бағдарламасын павлодарлықтар әу бастан қолдап, үлес қосуға кіріскенін атап өтті. Қоғамдық пікірді бағалау үшін сауалнама жүргізілген. Құжатпен танысу, оны қолдау 94 пайызды құраған. Барлық жоба-жоспарлар алдағы уақытта қарқынды жалғасын табады, деді Б.Бақауов.

- Ертістің Павлодар өңірінде бәрі бар: сайын дала, қайыңды, қарағайлы алқаптар, Баянауыл таулары, әйгілі көлдер. Баршаңызды осынау тамаша табиғатқа куә болуға шақырамын, - деді облыс әкімі астаналық журналистерге қарата айтқан сөзінде.

Суретшіні ертудің сыры неде?

Баяндамадан кейін БАҚ өкілдері өңірімізге қатысты сан түрлі сауал қойды. Рухани жаңғырудан бөлек те мәселелер қозғалды. Мәселен, журналистердің бірі тұрғын үй құрылысына қатысты ойын сұрады. Облыс әкімі тәуелсіздігіміздің 27 жыл ішінде болмаған тұрғын үй құрылысының жоғары көрсеткіші биыл тіркелетінін айтты. Инвестор тартуға байланысты сұрақтар аз болмады. Болат Жұмабекұлы аймаққа инвестиция тарту жұмысы жалғасатынын, осы уақытқа дейін жүргізілген келіссөздер, сапарлар нәтижесін біртіндеп беріп жатқанын, өндірісті өңірге қызығушылық аз еместігін айтты. Әсіресе, бос тұрған 1200 мВт әрі арзан электр қуаты инвесторларға айтарлықтай мүмкіндік беретінін еске салды.

Тілшілер қауымы экология мәселесін де айналып өтпеді. Облыс әкімі биыл аймақта экология жылы жарияланып, әрбір ірі кәсіпорын басшылығы тоқсан сайын БАҚ алдында есеп беріп, ауаны ластауды төмендету бағытында атқарып жатқан жұмыстарын жариялайтынын айтты. Екібастұз бен Ақсу шағын қалаларын дамыту турасында да сауал қойылды. Аймақ басшысы экономикалық әлеуеті жоғары қос шаһардың шырайы кіріп, қарыштап дамып жатыр, деді.

Журналистер көшелердің атауларын қазақшаландыруға қатысты та сұрады. Б.Бақауов жуырда Ленин көшесі Астана атанып, Кутузов көшесін Тәуелсіздік даңғылына ауыстыру жұмысы жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол жаппай ауыстыру көзделмейтінін де жасырмады. Десе де, бұл іс-шаралар біртіндеп, ретімен іске асады, деді.

Айтпақшы, облыс әкімінің брифингі барысында, яғни бір сағат ішінде павлодарлық суретші Жеңіс Молдабеков орталық коммуникациялар қызметіндегі журналистер жұмысын, спикерлер отырысын майлы бояумен кенепке түсірді. Суретшінің айтуынша, ол алғашқы рет журналистердің жұмысын бақылап отырып, осылай бейнелеген. Шығармашылық қызметінің он жылында суреттің түрлі жанрын салса да, дәл мұндай тәжірибе болмапты. Картинасына «Кездесу портреті» деген ат қойып, орталық коммуникациялар қызметіне сыйға тартты. Жалпы, мұндағы жиынды суретпен бейнелеу тұңғыш рет болып отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, «ҚазМедиа-орталығының» холында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірімізде тындырылып жатқан іс-шаралардың айқын көрінісі ретінде арнайы көрме ұйымдастырылды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz