Павлодарда алғаш 1990-шы жылдары қазақ театры құрылған шақта еліміздің әр өңірінен актерлік мамандықты бітірген талай жас әртіс Ертіс-Баян жеріне ағылды. Солардың қатарында Жұмахан Доспаев та болды. Ол кезді былай деп еске алады:

- Өнер деген мұхитта желкенімізді тіктеп сонау Талдықорған қаласынан киелі Ертіс-Баян өңіріне 1990 жылдың 2 қыркүйегінде келдік. Жаңадан құрылған жас отбасымыз, «Павлодар облысында қазақ театры ашылыпты, келген әртістерге пәтер береді екен» деген сөз құлағымызға майдай жаққаны рас. Үлкен үміт арқалап, туған ауылынан жырақтап келген жастарды сол кезде павлодарлықтар жатсынбады. Құшағын аша қарсы алып, уәде еткен баспанасын да берді. Бүгінде өнердің өрінде, театрдың төрінде жүргеніміз соның арқасы болар. Театр шымылдығы М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашылды. Осы қойылымда мен басты кейіпкердің бірі Арыстанның рөлін сомдадым. Міне, содан бері жастың да, кәрінің де образдарын бейнелеп келемін, - деді ҚР мәдениет қайраткері Жұмахан Доспаев.

«Театр дайын драматургияны қойып беру үшін емес, ондағы оқиғалардың неге олай болғаны жайында ойлану үшін керек», - деген екен жапондық режиссер Тадаси Судзуки. Бұл ретте актер Ж.Доспаев өзінің ұзақ жылғы тәжірибесін режиссерлік қырынан да сынап көруді жөн санапты. Ол белгілі драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Табалдырығыңа табын» драмасын сахналап, көрерменмен қайта қауыштырды. Енді өнер иесі дәл осы қойылыммен туған жері Талдықорған қаласына барып келуді жоспарлап отыр.

- Бұл қойылым біздің театрда 90-шы жылдардың соңына қарай қойылған. Сол кезде мен Толасбайдың рөлін сомдаған едім. Уақыттың өткенін содан-ақ көруге болады. 25 жылдан кейін мен сол Толасбайдың әкесі Жөкенді ойнап отырмын. Ал бұл драманы таңдап алудағы мақсатыма тоқталатын болсам, мұнда қозғалатын мәселе біздің қоғамда бар. Жастарымыздың бәрі қалаға, қаланың тірлігіне асығады. Бұл жерде туған жер, ата-ана мен баланың бір-біріне деген байланысы, үлкен махаббат жатыр. Енді өзім туған жерім Талдықорғаннан Павлодарға көшіп келгеніме де біршама уақыт болды. Ол жақта да менің туған-туысым, достарым бар. Шілде айының басында туған топырағыма барып, бір аунап қайтсам, «Табалдырығыңа табын» қойылымын апарып, туған жеріме бір тағзым етіп келсем деген жоспарым бар, - дейді өнер иесі.

Өнер ошағындағы жас әртістерге үнемі ағалық қамқорлығын танытып жүретін Жұмахан Доспаев көбіне солардың да жағдайына алаңдайтынын айтады. Себебі, өздері де алғаш Павлодар өңіріне «театр, өнер» деп келгенде алдынан құшақ жайып қарсы алған халық болды.

- Мені қазір көбіне-көп театрдағы жастардың баспанасыз жүргені мазалайды. Егер де осы жастарды жеке пәтермен қамтамасыз етсек, ұжымдағы талай дарынды жасты театрда ұстап қалар едік. Әртістерге арналған жатақхана жоқтың қасында шүкір, бірақ олар қашанғы тар бөлмеде тұра береді. Өнер адамы еркіндікті, кеңдікті қалайды. Сахнадағы образын ұтымды әрі жүрекке жетерліктей етіп жеткізу үшін адамның жай-күйі келісті болуы керек. Сонымен қатар бізге республикалық театр- лар фестивалінен қалмай қатысып отыруымыз керек. Бұл біздің жастарға үлкен тәжірибе берер еді, - дейді ол.

Өзге үшін уайым кешіп, үнемі жастардың жайын ойлап жүретін талант иесі алдағы уақытта да павлодарлық көрермендерін жаңашылдықпен қуантамын деп отыр.

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz