Облыс әкімі Болат Бақауовтың бастауымен Екібастұз өңіріне арнайы барған Қытай елінің инвесторлары әуежайдың қазіргі жай-күйімен танысты. Аймақ басшысы YEMA қытайлық ірі корпорацияның өкілдеріне Екібастұздың логистикалық орталыққа айналуына мүмкіндігі мол екенін мәлім етті. Бұл жерден Қазақстанда, Қытайда өндірілетін тауарларды өзара тасымалдауға өте ыңғайлы болатынын да атап өтті.

Екібастұз әуежайы бас директорының орынбасары Таймас Қожахметовтің айтуынша, облыс әкімдігімен бірлесіп, қазіргі таңда нысанды жаңғыртудың жоспары пысықталуда.

- Әуежайда алдымен әуе кемелерінің ұшып-қонатын жолақтарын қазіргі заман стандарттарына сәйкестендіру, инновациялық жабдықтар сатып алу қажет. Оған қоса, әуежай ғимаратына да күрделі жөндеу жүргізу керек. Біздің есептеуімізше, шамамен 2-3 млрд. теңге қажет. Жобалық-сметалық құжаты дайындалған жоқ. Сондықтан бұл жағы әлі де терең талданады, - дейді Таймас Толыбайұлы.

Айта кетейік, бұл нысан кезінде Як-42, Ту-104 сынды алып ұшақтарды да қабылдаған. Яғни, ұзындығы 2,5 шақырым, ал ені 102 метрлік жолақты ретке келтірсе, әлі де ірі әуе кемелерінің ұшып-қонуына жағдай туады. Мамандар жүк тасымалына сұраныс болатынына сенімді. Себебі Екібастұз тоғыз жол торабында, Қарағанды, Астана сияқты ірі қалалардың іргесінде орналасқан. Сондықтан, шетелге өнімін дәл осы екібастұздық әуежай арқылы экспорттауға ниет білдіретіндер табылады, дейді Т.Қожахметов.

Қытайлық инвесторлар кеншілер шаһарындағы «QazTomat» жылыжай кешенінде де болды. Бұл өндіріс орны жұмысын бастағаннан бері, яғни төрт айда 1,2 мың тонна қызанақ өсірген. Жылыжайдың басшысы Ерлан Матымовтың мәлімдеуінше, екібастұздық өнімнің ең басты тұтынушылары – Ресейде. Нақтысы, жылыжай кешені ресейлік «Лента» дүкендер желісімен келісімшартқа отырған. Күніне 10 тоннаға жуық қызанақ көрші елдің Екатеринбург, Новосібір, Бийск қалаларына жөнелтіледі.

Қазіргі таңда кешенде жұмыс қызу. Себебі, мұнда жылыжайдың екінші кезеңінің құрылысы басталып кеткен. Бұрғылау машиналары жұмыс істеуде. Жылыжай өкілінің айтуынша, топырақ тайғақ болғандықтан, ресейлік машинамен ұңғымалар жасау мүмкін болмаған. Сондықтан, 1 млн. еуроға шетелдік алып көлік сатып алуға тура келіпті. Биыл сыртқы қоршауы, металл құрылғылары толық орнатылып, келесі жылы екінші кешеннің алғашқы өнімі тұтынушыға жол тартады. Голландиялықтармен жасалған келісімшарт негізінде жобаға олардың сызбасы қолданылуда. Бұл кешеннің өзіндік құнына айтарлықтай оң әсер етеді. Сәйкесінше, кейін өнімнің де бағасының бәсекеге қабілетті болуына жол ашады. Сөйтіп, келесі жылы жылыжайда өндірілетін өнім көлемі күніне 35 тоннаға дейін жетеді. Қызанақтан бөлек мұнда келешекте қияр, баялды өсіру жоспарлануда.

Бұдан кейін делегация екібастұздық «Проммашкомплект» кәсіпорнының да шығаратын өнімдерімен танысты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz