Соңғы уақытта облыста қоршаған ортаның тазалығы мәселесіне баса мән беріліп жатқаны белгілі. Тіпті, 2018 жыл аймақта «Экология жылы» деп жарияланып, соның аясында ауқымды істерді қолға алу жоспарланған. Бірақ, аудан-қала әкімдіктері бұл ретте маңызды мәселені назарға алмағанға ұқсайды. Олай деуімізге негіз бар. Облыс аумағындағы тұрмыстық қалдықтарды жинайтын қоқыс орындарының небары үшеуі заңдастырылып, 337-сі талаптар үдесінен шықпай отыр.

Атап айтқанда, олардың барлығында тиісті сүзгі экрандары жоқ, қалдықтарды залалсыздандыру бойынша жұмыстар жүргізілмейді, полигонның шекаралары нақты анықталып, қоршауға алынбаған. Сәуір-мамыр аралығында облыстың бірқатар ауданында жоспардан тыс тексеріс жүргізген экология департаментінің мамандары осындай олқылықтарды анықтап, жергілікті әкімдерге айыппұл салды. Сөйтіп, ауыл басшылары жалпы сомасы 505 064 теңге төлеуге міндеттелді.

- Ауылдық жерлердегі қоқыс жинайтын орындағы қалдықтардың 90 пайызы – ауыл шаруашылығы қалдықтары. Оның құрамындағы ауру тудыратын бактериялар өзге қоқыстармен араласып жатыр. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға да, сол маңда тұратын адамдардың денсаулығына да кері әсерін тигізеді. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін аудандардағы жергілікті билік өкілдері коммуналдық қалдықтардың бөлек жиналуын, сақталуын, тұрақты түрде қоқыс аймағына шығарылуын, өңделуін ұйымдастыруы тиіс еді. Оған қоса, қоқысты тасымалдау, сұрыптау, өңдеу үшін инфрақұрылым жүргізілуі қажет. Бірақ, жоғарыда аталған жұмыстар жасалмаған. Демек, ҚР Экологиялық Кодексінің 292-бабында көрсетілген ереже бұзылып отыр. Сондықтан, жауапты әкімдерге айыппұл салынды, - дейді облыстық экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.

Тұрмыстық қалдықтарды шығару мен жинаудан бөлек, оларды өңдеуге қатысты мәселе де өткір тұр. Павлодар облысында қоқыстарды кәдеге жарататын 10-ға жуық кәсіпорын болғанмен, мардымды іс атқарып отыр деу қиын. Кәсіпкерлердің өзі бұған бірнеше себеп барын алға тартады. Мәселен, Екібастұз қаласындағы «ЭлектроТрансРеелто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарамсыз шамдарды өңдеумен айналысады. Ол үшін Ресейден арнайы құрал-жабдықтар әкеліп, орнатты. Мұндағы жылдық қуаттылық – 1 мың дана шам. Яғни, шағын зауыт осыншама қоқысты өңдеп, одан тағы да өнім ала алады. Бірақ, бүгінгі күні бұл көлемнің тек 30 пайызын өңдеп отыр.

- Жасыл экономиканы дамытуға басымдық берілетінін ескере келе, 2 жыл бұрын осы бағыттағы кәсіпті бастадық. Атап айтқанда, жарамсыз болып қалған шамдар мен батареяларды ғана жинауға арналған контейнерлерді орнатып, кейін оларды өңдеуді қолға алмақ болған едік. Әрқайсысының құны 300 мың теңге болатын контейнерлерді өз қаржымызға сатып алып, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы аулаларда қойдық. Бастапқыда ісіміз алға басып, мемлекеттік–жекеменшік әріптестік арқылы кәсіп аясын кеңейтуді ойластырғанымызбен, кейін тағы бір компания пайда болып, жұмысымыз сәл тұралап қалды, - дейді серіктестік директоры Владимир Колесников.

«ЭлектроТрансРеелто» ЖШС соңғы екі ай аралығында облыстағы арнайы контейнерлерден 11 мыңға жуық шам жинаған көрінеді. Сонымен қатар, шамдарды Батыс Қазақстан, Атырау, Талдықорған, Қостанай облыстарынан тасымалдайды. Жиналған ескі шамдарды өңдеп, одан сынап алады. Бұл ретте сынап алу оңай жұмыс екенін айтпасқа болмас. Бір шамнан бірнеше тамшы сынап алу үшін біраз уақыт пен шыдамдылық керек. Сынаптың таза күйінде қауіпті екенін ескерсек, оны сақтауды да қатаң қадағалау қажет. Алынған өнім арнайы құтыларға құйылған соң, қоймаларға жөнелтіледі. Кейін өзге кәсіпорындарға сатылып, құрылыс материалдарын дайындауда қолданылады.

Компания басшысы Владимир Колесников өнімділікті арттыруға тұрғындардың бойында қоқыс шығаруға қатысты мәдениеттің қалыптаспағаны кері әсерін тигізіп отырғанын да бүгіп қалмады.

- Байқасаңыздар, қазіргі уақытта облыс қалаларындағы аулалардың басым бөлігінде қызғылт-сары контейнерлер тұр. Олар тек шамдар мен батареяларды жинауға арналған. Бірақ, тұрғындардың басым бөлігі оған азық-түлік, киім-кешек, құрылыс қалдықтарын – бәрін сала береді. Бұл қалдықтарды жинауды, оны өңдеуді едәуір қиындатады, - дейді В.Колесников.

Айта кетелік, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қоқыс полигондары пластмасса, пластик, полиэтилен, қағаз, құрылыс материалдары қалдықтарын қабылдамайды және сақтамайды. Сондықтан, бұл қоқыс түрлерін бөлек жинау үшін былтыр облыстағы үш қалада барлығы 200 контейнер орнатылған еді. Кейін осы контейнерлердегі қалдықтар өңдеуге жіберіледі. «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылы елімізде қалдықтардың 40 пайызы өңделуі тиіс. Әзірше бұл көрсеткіш небары 9 пайызды құрап отыр. Нақтысы, Қазақстанда жылына шамамен 43 млрд. тонна қоқыс жиналса, оның 3 млрд. 870 млн. тоннасы ғана кәдеге жарамды. Бұл көрсеткішті арттырып, қоршаған ортаны қорғап қаламыз десек, қоқыс шығару тәртібін қалыптастырып, полигондарды ретке келтіру керек.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz