Қалалықтар, әсіресе өзге ұлт өкілдері баяғыдан үйлерінде ит асырайды. Біздің тазы емес, ол қолға түсе бермейді, басқа, өздерінше асыл тұқымдылары. Қариялары немере баққаннан гөрі жалғыздығын итпен бөліскенді жақсы көреді. «Сыночек мой», «Доченька моя», «я твоя мама» (бетін аулақ қылсын) деп ешкі лағының жартысындай ғана ілмиген, тілерсегі майысқан, сирағы қасықтай кішкене итінің аяғына кигізетінін тоқып, қыста кеудеше тігіп, жазда әшекейлеп көйлек кигізіп, көшеде қыдыртады. Тұмсығынан сүйіп, аузынан жалап, баладан бетер әспеттейді немесе басы қазандай үлкен иттерге құмар. Бізге бұл жат, қазақ - бар мейірімін баласына, немересіне төгетін халық. Оларда керісінше... жалғыз ұл не қыз ата-анасын не жалғыз кәрі шешесін бұ жаққа тастап, Еуропа жақта шаңырақ көтереді не сол жаққа отбасымен қоныс аударады. Көп қабатты қорап үйде жалғыз қалғандары сосын ит, мысық асырайды. Ол бір басқа, көп қабатты үйлерде жүздеген адамдар тұрады, олардың тең жарымы - кішкене балалар. Аулада олар ойнайтын арнайы орындар бар.

Үйлерінде ит (тазы емес, әрине) ұстайтын ағайындар таңғы 5-тен бастап оларды қыдыртуға алып шығады, түнгі сағат 10-11-лерде де тағы солай... үй маңында қыдыртады. Үйден шыққан ит әдеті бойынша міндетті түрде есік көзіндегі бала ойнайтын аулаға, өсіп тұрған ағаш, гүл, кез келген қарайғанның іргесіне барып сарып, дәретке отырады, онысы жиналмай сол жерде қалады. Бізде олардың иелеріне қой дейтін ешкім жоқ. «Итің сөйтті» десең, пәлеге қаласың. Аймағымыздағы қалалар мен кеніштерде қаңғыбас иттер де өріп жүреді.

Жақында 2 миллионға жуық тұрғыны бар Алматыда ит пен мысықтарды ұстау, серуендетудің жаңа ережесі бекітілгенін естіп, білдік. Осы ереже талабына орай иттің үлкені, кішісі демей, барлығы бақыланатын ұзындығы бар қарғыбаумен серуендететін болыпты. Енді ит пен мысық асыраушылар оларды кез келген жерге алып бара алмайды, балалар, спорт алаңдарында, балалар мекемелерінде, емдеу мекемелерінде жалпы тыйым салынған жерлерде төрт аяқтыларды серуендетпейді және иелері өздерімен бірге олардың нәжістерін жинап жүру үшін пакеттер не арнаулы құралдар алып жүретін болыпты. Тәртіптің аты - тәртіп! Енді ол шаһарда итшілер бақылауда болмақ.

Күн сайын түрлі ақпарат көздерінен иттердің балаларды талағаны, жаралағаны, олардан тарайтын жұқпалы сырқаттар жайында естіп, кез келген жерді ластап жатқанын көреміз. Оны иелері тазаламайды, пәтерде үріп, ұлып, елдің мазасын алатыны бір басқа. Міне, осындай жағдайларға байланысты біздегі билік тиісті орындарға әр үйдің ит-мысығын есепке алуға, тексеріп, қаңғыбас иттерге шара қолдануға тапсырма берсе, игі болар еді. Бұл қаланың ветеринарлық-санитарлық, эпидемиологиялық ахуалын сақтауға мүмкіндік берері анық. Ит-мысық иелері 3 айда бір рет профилактикалық тексеру жүргізіп, түрлі паразиттерге қарсы екпе жасатып отырулары тиіс қой.

...Жалпы, үйде ит ұстау деген - қазақ үшін жиіркенішті іс. Ана жылы бір таныс шетелге көшетін орыстан ас үй жиһазын сатып алатын болды. Бірге бардық, таңдау жасау керек. Ас үстеліндегі тәрелке, қасық жалап тұрған тайыншадай итті көріп, сыртқа атып шықтық. «Бұл үйде, үйдің жиһаздарында тазалық жоқ» деді құрбым. Онысы рас енді... Бір тәуірі, қандастарымыз үйінде хайуан ұстамайды. Ал ұстайтындарға Алматыдағыдай тәртіп пен талап керек!

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz