Ерлан САИРОВ, Қазақстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:

- Ұлттық экономика министрлігінің статистикасы бойынша қазіргі таңда елімізде орталық-азиаттық мемлекеттердің қатысуымен 4,2 мыңға жуық кәсіпорын тіркелген. Оның екі мыңнан астамы жұмыс істеп тұр. Шекаралас аудандар, облыстарда 4 мыңнан астам кәсіпорын құрылған. Оған қоса, Қазақстанға келіп еңбек етуге ниеттілер қатары өсуде. Тіпті, тұрақты жұмысқа қалушылар да аз емес. Мәселен, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен ағылады. Сондықтан еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау маңызды болып саналады. Соңғы кездері оқыс оқиғалар орын алды. Осы жағдайларды кешенді түрде талдау негізінде еңбек мигранттарының кәсіподағын құруды жөн санап отырмыз. Бұл одақ сырттан келген жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауды мақсат етеді.


Снежанна ИМАШЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мұндай кәсіподақ құру қажет деп есептеймін. Жалпы, кез келген елде шеттен келіп жұмыс істейтін азаматтар болады. Олардың құқықтары мен сол елдегі жүріс-тұрысын бақылауда ұстайтын ұйымның болғанынан еш зиян келмейді. Керісінше, көлеңкеде жатқан көп дүниені бері шығаруға жол ашады. Яғни, олардың еңбектері заңдастырылып, атқарған жұмысына жалақы-сының сәйкестігі де ашық көрініп тұрады. Демек, олармен еңбек қатынасын реттеуге көп септігін тигізеді. Олар да – адам. Сондықтан құқықтары қорғалуы тиіс. Әлемдік тәжірибеде де мұндай кәсіподақтар бар. Қазіргі кезде әлем бойынша жұмыс күшінің бір елден екіншісіне ауысуы аңғарылады. Алдағы уақытта Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға шеттен келетін жұмысшылар көбейсе, аталған кәсіподаққа деген қажеттілік те артары сөзсіз. Еңбек мигранттарының өзге мемлекеттерден келуіне үреймен қараудың қажеті жоқ. Біздің азаматтар атқарғысы келмеген жұмысты өзге елден келіп жасауға ниет білдіріп жатса, оның еш әбестігі жоқ. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде еңбек етушілердің 90 пайызы мигранттар екен. Бастысы бақылауда ұстау керек. Міне, осы ретте Орталық Азия елдері еңбек мигранттарының кәсіподағын құрса, саладағы түйткілдерді де бірлесіп шешу мүмкіндігі туар еді.


Айман НҮКЕНОВА, зейнеткер:

- Менің ойымша, алдымен еліміздегі еңбеккерлердің құқығын қорғау ісін жөнге салып алу керек. Жасырын емес, шетелдіктер мен өз еліміздің азаматтары істейтін кейбір кәсіпорындарда айлық айырмашылығына байланысты жиі мәселе қозғалады. Отандастарымыз шетелдік жұмысшыларға жасалатын жағдай кейде артығырақ болатынын айтып, наразылық білдіріп жатады. Қарап отырсақ, көбінде өз елінде жүріп, өзіміздің жерлестеріміздің құқығы жиі тапталады. Сондықтан еңбек мигранттарынан бұрын Қазақстанның тұрғындары толық қорғалып, жұмыспен қамтылуы тиіс. Содан кейін аталған кәсіподақ құру да қажет шығар. Ол ұйым қарама-қайшылықтардың алдын алуға, кикілжіңдердің болмауына жұмыс істесе, құба-құп. Еңбек қатынасындағы түсініспеушіліктердің түйінін дер кезінде тарқатып отырса, әлбетте, пайдасы болады. Бірақ бұл жерде ең бастысы қазақстандықтар құқығының сақталуына басымдық берілуі тиіс.


«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz