- Максим, әңгімеміздің әлқиссасын өскен ортаңыз бе н отбасыңыздан бастасақ...

- Мен - Ақсу қаласының тумасымын. Өскен ортам қазақ тілді, қазақылыққа жақын болды деп айта алмаймын. Мектепте де білімді орыс тілінде алдым. Себебі мен оқуға барған жылдары Ақсу қаласында 1 ғана қазақ мектебі болды. Оны бітіргеннен кейін Ресейдің Омбы техникалық университетіне оқуға түстім. Отбасымызда менен басқа қазақша сөйлейтін ешкім болмады. Бірақ ата-анам маған үнемі қолдау көрсетіп, бар жағдайымды жасап берді. Мәселен, қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдеби кітаптарды көптеп алып беріп отырды. Қатысқым келген іс-шаралардан шеттемей, керісінше қазақ тілін еркін меңгеруім үшін барынша демеп, сүйеу болды.

- «Отбасымда ме н е н басқа қазақша сөйл ейтін ешкім жоқ» дейсіз. Сіздің ойыңызша, тіл үйрену үшін адамға ең бірінші н е керек?

- Тіл үйрену үшін ең бірінші адамның шынайы ниеті болуы керек. Мысалы, менің нағашыларым- украиндер мен орыстар, ата жұртым мордвиндер мен беларустер. Олар ешқашан қазақ тілінде сөйлеген емес. Бірақ менің жүрегімнің түбінде қазақ тіліне деген құштарлық, сүйіспеншілік болды. Сөз басында маған қоршаған ортамның көмегінің көп болғанын атап өттім ғой. Бұл ретте, менің өмірдегі ұстаздарымның да еңбегі орасан екенін айту - парызым. Мәселен, менің орта мекептегі алғашқы мұғалімім Бақытгүл Мәлібекқызы деген апайым - ең алғаш маған Абай әлемін ашқан жан. Сонымен қатар, мен жас Отан жастар қанатына қабылданған кезде «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары болған Орынбасар Қайырбекованың да көмегі көп тиді. Ол мені үлкенді-кішілі мінберлерде көсіліп, таза сөйлеуге, яғни, шешендікке баулыды. Жалпы, Павлодар өңірінде қазақ тілін үйренем деген адамға барлық жағдай жасалған. Кітап керек па? Кез келген кітапхана, кітап дүкендеріне барыңыз. Қазақ тілді жинақтар толып тұр. Тіл үйрететін курстардың саны да күн санап артып келеді. Егер адамда ниет болса, барлық мақсатқа қолы жетеді.

- «Қазақ тілін үйренуіме достарымның көмегі көп болды» депсіз бір сұхбатыңызда...

- Иә, менің қазақ тілін меңгеріп, еркін сөйлеп кетуіме достарымның да көмегі көп тиді. Отбасымнан кейін маған үлкен күш пен сенім берген достарым және менің ортам деп айта аламын. Оның ішінде тек қазақ азаматтары ғана емес, орыс, украин сияқты өзге ұлт өкілдерінің де болғанын атап өткен жөн. Бір қызығы, менің қазақ достарым алғашқы кездері менімен қазақ тілінде сөйлесуге аса құлықты бола қойған жоқ. Өйткені бір-екі ауыз ғана қазақша білетін өзге ұлттың баласымен ана тілдерінде сөйлесіп, ұғынысу олар үшін ыңғайсыз болды. Уақыт өте келе достарым менің ниетімді құптап, менімен қазақ тілінде сөйлесетін болды. Сондықтан болар, менің мемлекеттік тілде еркін сөйлеуіме айналамдағы әрбір адамның қосқан үлес зор. Ол жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Жалпы, қазақ тілі - өте бай, керемет тіл. Әлі де ізденіп, әдеби сөздерді көптеп үйреніп жүрмін.

- Көбінесе сіз қоғамдық мәсел ел ерді жиі көтеріп жүресіз. Соның ішінде қазақ тілін е деге н ерекше құрметіңізді жиі байқап жатамыз. Мұның сыры неде?

- Иә, шынында да қоғамдық мәселелер мен үшін әркез маңызды. Оның өзіндік мәні де бар. Мысалы, біздің павлодарлық тіл, ұлт жанашырларының басты мақсаттарының бірі - қала көше-лерінің атын қазақшаландыру. Бұл - өте маңызды шара. Өйткені егемен ел болып, еңсемізді тіктегенімізге 25 жыл болды. Аллаға шүкір, біз бейбіт те азат елміз. Қазіргі таңда қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы үшін кез келген жерде қазақ тілінде сөйлеп, қала немесе көше атауларын қазақшаландыруымыз керек. Өміріміздің әр саласында қазақ тілінің маңыздылығын арттыруға тиістіміз. Олай болмаса, мемлекеттік тілді ешқашан ортақ тіл ете алмаймыз. Өкінішке қарай, бүгінде солтүстік өңірлерде мемлекеттік тіл саясаты әлі де ақсап тұр. Ал еліміздің оңтүстігінде мұндай мәселе атымен жоқ. Құдай қаласа, болашақта біз де өзара қазақ тілінде сөйлейміз деп ойлаймын. Өйткені бұл - заман талабы. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда тілден басқа да күрмеуі шешілмен мәселелер бар. Бірақ мұның бәрі уақытша екенін естен шығармағанымыз абзал.

- Омбы қаласында оқып жүріп, «Замандастар» газетін аштыңыз. Ондағы көздеген мақсатыңыз қандай еді?

- Менің студенттік кездегі ірі жобаларымның бірі «Замандас» газеті болды деп айтсам, қателеспеймін. Өйткені сол кезде қазақ тілді басылымдар Омбы қаласында мүлдем болған жоқ. Ал ол жақтағы қазақ қауымдастығы үшін бұл өте қажет еді. Өз ойларын, шығармаларын газет бетінде шығару қашанда маңызды. Қазақстаннан келген студенттермен, Омбы облысының қазақ жастарымен бірлесіп, осы идеяны жүзеге асырдым. Бізге сол жақтағы Қазақстан елшілігінің көмегі өте көп тиді. Демеушілерді тауып беріп, ісіміздің ілгері басуына барынша жағдай жасады. Газеттің алғашқы нөмірі 2013 жылы 16 желтоқсанда жарық көрді. Мұндағы басты мақсатымыз Омбыда тұратын қазақтардың өмірін газет арқылы көрсету еді.

- Ол жақтағы қазақ жастары ана тілін қаншалықты меңгерген?

- Омбы қазақтары туралы айт-қанда әрине, оларды диаспора деп айта алмаймыз. Мұны сол жақтағы қазақ қауымдастығының бір бөлігі деп айтсақ дұрыс болар. Себебі Омбы қаласының ежелден қазақтың атамекені болғаны тарихтан бәрімізге белгілі. Десе де, ол жақтағы қазақтарда да тіл мәселесі ушығып тұр. Оның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, орта-орыс тілді. Екіншіден, қазақ мектептері жоқ. Білім ордаларында қазақ тілі сабағы мүлдем болмайды. Тек факультатив ретінде ғана өтеді. Бірақ қазақ тілін үйренем деген адам үшін мүмкіндіктер де бар. Яғни, қазақ тілін үйрететін курстар өте көп. Қазақстан Респулбикасы Білім және ғылым министрлігінен арнайы қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тарихы сынды оқулықтар бөлініп тұрады. Өкінішке қарай, жастарда ниет жоқ. Соның салдарынан, қазақ ұлтына тән құндылықтар да ұмыт болып бара жатқаны жасырын емес.

- Омбыда жүріп қазақ тілі қоғамын сіздер де аштыңыздар емес пе? «Мәке мен Жәке» агенттігін құрдыңыз. Қазіргі таңда ол орталықтар бар ма?

- Студент болып жүрген жылдары бізде тіл үйрететін курс ашылды. Онда тек қазақтар ғана емес, орыс кәсіпкерлерінен де ниетті адамдар көп болды. Яғни, Қазақстанға келгенде қазақ тілін меңгеріп, қазақтармен қазақ тілінде сөйлесуді қалайтын өзге ұлт өкілдері болды. Ал «Мәке мен Жәке» агенттігіне келер болсақ, қазіргі таңда ол жабылды. Оның ең басты мақсаты қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғырту, сол ортаға кеңінен дәріптеп, кейінгі қазақ ұрпақтарының санасында сақтау болды. Сұраныс өте жоғары деңгейде жүрді. «Мәке мен Жәке» агенттігі Омбы қазақтары үшін күтпеген жаңалық болды. Аз ғана уақыт ішінде біз өз мақсатымызға жеттік деп ойлаймын.

- Жуықта ғана Қазақстан халқы Ассамбл еясының толық мүшесі атаныпсыз. Құтты болсын! Бұл ретте, өзіңізге артылған жауапкершіліктің салмағы қандай?

- Рақмет! Иә, Қазақстан халқы Ассамблеясының толық мүшесі болып қабылдандым. Әрине, жауапкершілік үлкен. Қоғамдық келісім саласында бізге жүктелген міндеттің жүгі ауыр. Алға қойған мақсаттарымыз бен іске асыратын көптеген жобаларымыз бар. Жалпы, ҚХА туралы айтқанда Ассамблея ішіндегі мордвиндер, украиндер, беларустар, қырғыздар болсын, барлық ұлт өкілдері енді бір ширек ғасырдан кейін бәрі қазақ болады деп ойлаймын. 25 жылдан кейін «қазақстандық» деген сөз болмайды, бәріміз қазақ боламыз. Мен соған сенемін!

- Сіз қазіргі таңда Кәсіподақтар федерациясы жастар кеңесінің төрағасы қызметін атқарасыз. Кеңестің жұмысымен таныс-тырып өтсеңіз...

- Жастар кеңесі - елдегі Кәсіподақтар федерациясының ішіндегі ең ірі жас қауымдастықтың бірі. Біздің ең басты мақсатымыз - жастардың құқықтарын қорғау. Қазіргі таңда осы бағыт бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Республикалық деңгейде өтетін үлкен жобаларымыз бар. Олардың қатарында жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру бағыттары бар. Бұл өте маңызды іс. Өйткені жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын жастар арқылы жүзеге асыруға болады. Сондықтан осы кеңес құрылды. Республикалық деңгейде кәсіподақтар федерациясымен, барлық салалық министрліктермен тікелей байланыстамыз.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында «Наға-шым - украин, ата жұртым - мордвин, өзім қазақпын деп мақтанамын!» деген едіңіз...

- Иә, Елбасының алдында осылай айттым. Өз басым қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін қазақ дер едім. Себебі олар қасиетті қазақ тілінен қуат алып, қазақ ұлтының болмысын шын жүрегімен сезінеді. Мен Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келгеніме, Тәуелсіздіктің құрдасы болғаныма мақтанамын әрі қуанамын. Жалпы, қазақ топырағын басып жүрген әр адам үшін мақтанарлық дүние өте көп.

- Елдегі тұрақтылық пен достықтың тұғырын биіктету үшін замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

- Елдің тұрақтылығын сақтау үшін біз бір-бірімізді шын жүрегімізбен сүюіміз керек. Толеранттық бізге керек пе, жоқ па, осыны да ойлануымыз керек. Бір-бірімізге толерантты көзқараспен емес, сүйіспеншілікпен, бір туған бауырлардай қарауымыз керек. Елімізде 130-дан астам ұлт мекен етеді. Осыншама ұлт пен ұлысты бір арнаға ұйыстырып, тең ұстау, бір туған бауырдай қарау екінің бірінің қолынан келмейді. Ал жақсылығы, біз өзіміздің бірлігімізбен әлемді мойындатамыз.

- Максим, уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Жұмысыңызға табыс тіл еймін!

 

 

Сұхбаттасқан - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

 

saryarka-samaly.kz