Жаңа мұнай өңдеу зауытын салудың еліміз үшін маңыздылығына тоқталған министр бұл өндіріс орны 2024 жылға дейін тұрғызылатынын мәлім етті. Елбасының тапсырмасы бойынша жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзір-лейтін жұмыс тобы құрылыпты. Ол топқа министрдің өзі басшылық етеді. Міне, дәл осы топ зауыт орна-ласатын орынды, барлық көрсет-кіштерін, қуаттылығын анықтайды. Негіздемесі Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен «ҚазМұнайГаз» кәсіпорнында жасалуда. Қысқасы, бірнеше ай ішінде жұмыс тобы тыңғылықты жұмыс істеп, күзге қарай нақты шешімдерін жария етеді. Яғни, жаңа зауыттың салынатын жері белгілі болады. Қанша инвестиция көлемі қажет болатыны, нақты қандай мұнай өнімдерін шығаратыны да сол мерзімде айтылмақ.

Энергетика министрі депутаттарға қазіргі қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауыты еліміздің қажеттілігін қамтамасыз етуге қауқарлы екенін атап өтті. Айтуынша, бензин бойынша отандық өнімдермен қамтамасыз ету деңгейі 90 пайызға, дизельді отын бойынша да 90 пайызға жетіпті. Ал әуе кемелері қолданатын керосинмен қамту 58 пайыздан енді ғана асқан. Бұл көрсеткішті көтеру үшін де жұмыстар қолға алынған. Нақтысы, жаңғыртудан өткен зауыттарды «ҚазМұнайГаз» сертификаттайды. Бұл құжат қолға тиген соң, әуе кемелері отандық өнімді толық тұтынуға мүмкіндік алады. Әйтпесе, тәртіп бойынша сертификатсыз әуедегі қауіпсіздік үшін қазақстандық өнімді тұтынуға рұқсат жоқ.

Министр алдағы уақытта Қазақстан нарығы өзіміздің отандық мұнай өнімдеріне қарық болатынын уәде етті. Десе де, депутаттар өзімізде үш зауыт бола тұра, өзгенің өніміне тәуелділік әлі де қатты сезілетінін жасырмады. Әсіресе, көктем мен күзде мұндай қолайсыздықтар диқандарға ауыр тиетінін алға тартты. Депутаттар қыс мезгілінде жарамды дизельді отын шығару жағын да сұрады. Министр Қ.Бозымбаев ішкі нарық теңдестірілгенін, былтыр АИ-92 маркалы бензиннің тек 30 пайызы Ресейден әкелінгенін айтты. Дизельді отынның тек 25 пайызы көрші мемлекеттен жеткізілсе, қалғаны өзіміздің зауыттарда өндіріліпті. Биыл бұл көрсеткіштер, жоғарыда айтқа-нымыздай, артады. Тіпті, қажетті жұмыстар толық аяқталса, келесі жылдан бастап, бензинмен, дизельді отынмен және әуекеросинмен 100 пайыз қамту мүмкін болады, деді министр. Сонда төртінші зауыттың өнімі экспортқа бағытталуы әбден мүмкін. Қ.Бозымбаев -25 градусқа дейінгі суыққа шыдайтын маусымаралық дизельді отын шығарылатынын мәлімдеді. Егер қажеттілік болса, мәселе қарастырылады, деді.

Сондай-ақ, еліміздің бас энергетигі Павлодар мен Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарының аяқталуы мотор отындарына деген импортқа тәуелділік үлесін айтарлықтай төмендеткенін айтты. Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталса, 2018 жылы мұнай өңдеу көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1 млн. тоннадан артады. Сөйтіп, 16 млн. тоннаны құрамақ.

Сонымен қатар, үш зауыттың өнімділігін арттыру мақсатында жөндеу жұмыстарын басқаруды автоматтандыру енгізілуде. Нәтижесінде жөндеу жұмыстарының мерзімі бұрынғыша 45 күнге созылмай, небары 20 күнде түйінделеді. Ал мұндай уақытқа зауытты тоқтатып, ретке келтіру, әдетте, үш жылда бір рет жүргізіледі. Бір жарым айға кәсіпорын тоқтатылғанда, нарықта тапшылық сезіліп, көлік жүргізушілері әбігерге түсетінін ел жақсы біледі. Енді мұндай келеңсіздік болмайды деп күтілуде. Оған қоса, жөндеу жұмыстары мерзімінің қысқартылуы мұнай өңдеу көлемін орта есеппен 300 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік береді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz