Тілші сауалы:
- Өткен оқу жылында ҰБТ науқа-нына бірқатар өзгерістер енгізілгені мәлім. Биылғы сынақта түлектеріміз нені ескеруі тиіс?
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- ҰБТ форматы былтыр өзгерістермен толыққан болатын. Биылғы жаңашылдық – түлектер аталмыш сынақты ағылшын тілінде де тапсыра алады. Облысымыз бойынша бір оқушы ғана ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдірді. Ол дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Радамес Қылышбеков. Ескеретін жайт, тестілеу кезінде және жоғары оқу орнына түскен кезде мұндай оқушыларға арнайы жеңілдік қарастырылмайды. Ағылшын тіліндегі тапсырмалар деңгейі қазақ тілі, орыс тіліндегі сұрақтармен бірдей. Бұл арқылы оқушы өзінің тілдік деңгейін тексере алады.

Замира, Екібастұз қаласы:
- Талапкер қорытынды аттес-таттау барысында сүрініп қалса, ҰБТ-ға қатыса ала ма?
Әлия АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:
- Егер мектеп бітіруші қорытынды аттес-таттау кезінде сынақтан сүрініп қалса, екінші мәрте тапсыруға мүмкіндік алады. Егер тағы да сынақтан өтпей қалса, қолына аттестат ала алмайды. Мұндай жағдай өткен жылы болған жоқ. Биыл да орын алмайды деп сенеміз.

Шынар, Павлодар қаласы:
- Шектік деңгейден өте алмаған балалар ақылы түрде ҰБТ тапсыра ала ма?
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- Сынақтан сүрінгендер үшін екінші мәрте тест тапсыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте шектік ұпай жинай алмаған түлектерге 19-24 тамыз аралығында ақылы түрде тест тапсыруға болады. Егер 50 ұпайды жинай алмай қалса, талапкер жоғары оқу орнына ақылы бөлімге түсе алады. Қаңтар айында оларға тесті тапсыруға тағы мүмкіндік беріледі. Сондықтан білімге құштар жастар мұндай мүмкіндікті мүлт жібермегені жөн.

Тілші сауалы:
- Аймағымыздағы кейбір аудандарда ҰБТ барысын тікелей трансляциялау мүмкіндігі жоқ екенін естіген едік. Бұл мәселе қалай шешілуде?
Әлия АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:
- 31 мамырға дейін аудандағы атқарушы органдар барлық кемшіліктерді жойып, тікелей трансляцияны қосу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мақсат, Екібастұз қаласы:
- Қызымның аздап жүрегі ауыратын еді. Денсаулығына қарамастан ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Мектепте тестілеу кезінде жинаған балдары жоғары. Егер дәл науқан кезінде жүрегі қысып, ауырып қалса не болады? Бұл жағдайды қалай шешуге болады? Баламыз үшін қатты алаңдап жүрміз.
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- Балаңыз ҰБТ кезінде ауырып қалса, оған келесі лекпен тапсыруға рұқсат беріледі. Бірақ мұндай мүмкіндік шектеулі. Қызыңыз бірінші рет ауырып қалған жағдайда екінші лекке іліге алады. Тестілеу кезінде медициналық қызметкерлер жұмыс істейтін болады. Сондықтан алаңдаудың реті жоқ.

Дина, Май ауданы:
- Менің бауырым былтыр ҰБТ кезінде төмен балл жинап, оқуға түсе алмай қалған еді. Биыл оған тестті екінші рет тапсыруға мүмкіндік беріле ме? Ол үшін қандай мекемеге барып, өтініш білдіру керек?
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- Биыл бауырыңыз кешенді тестілеу науқанына қатыса алады. Ол үшін 1-20 маусым аралығында жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі тиіс. Кешенді тестілеу 17-23 шілде аралығында өтеді. Жақсылап дайындалса, сынақтан сүрінбей өтеді деген ойдамыз. Сондықтан жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі бар.

Дариға, Павлодар қаласы:
- Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының біріне филология саласы бойынша оқуға түскім келеді. Ол үшін шамамен қанша балл жинау қажет?
Әлия АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:
- ҰБТ кезінде талапкерлер шектік балл - 50 ұпайды жинауы тиіс. Астана қаласындағы жоғары оқу орнына түскіңіз келсе, неғұрлым жоғары балл жинағаныңыз жөн. Білім грантын иелену үшін бар біліміңізді көрсеткеніңіз дұрыс. Егер төмен балл жинап қалсаңыз, ақылы түрде оқуға тура келеді. Сондықтан сәттілік тілейміз.

Тілші сауалы:
- Бірқатар аудандарда ҰБТ өткізу пункттерінде ұялы байланыс сигналын басатын құралдар аз екенін естідік. Оған қаражат мәселесі әсер етуде. Бұл туралы не айтасыздар?
Әлия АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:
- Мұндай құрылғылар міндетті түрде барлық тестілеу өткізілетін пункттерде қойылуы тиіс. Сигналдарды тұншықтыру құралдары түлектердің денсаулығына әсер етпеуі үшін мамандармен тексеріс жұмыстары жүргізілуде. ҰБТ науқаны кезінде барлық құрылғылар болады.

Сәуле, Ертіс ауданы:
- Ұлым ҰБТ-дан жоғары балл жинауда. Тестілеу науқаны кезінде 140 балға ие болса, шетелге оқуға түсе ала ма?
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- Талапкерлер ҰБТ-ны Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырады. Ал шетелге түсу үшін аталмыш сынақты тапсырудың қажеті жоқ. Егер балаңыз шетелдің жоғары оқу орнын таңдаса, олардың өзіндік талаптары бар. Оған басқа тест тапсырады. Егер ҰБТ кезінде балаңыздың жолы болып, 140 балға ие болса, мемлекетіміздегі жоғары оқу орындарының кез келгеніне грантқа түсетіні сөзсіз.

Тілші сауалы:
-Биыл облысымызда «Алтын белгіге» қанша түлек үміткер?
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- Бұл сұраққа жауапты нақты айта алмаймыз. Оның нәтижесі қорытынды аттес-таттау аяқталғаннан кейін белгілі болады. Алдын ала болжам бойынша облыста 215 түлек «Алтын белгіге», 109 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер. Талапкерлеріміз сенімді ақтайды деген үміттеміз.

Жазира, Павлодар қаласы:
- Бауырымның беліне ота жасалған болатын. Денсаулығы әлі қалыпқа келмеді. Оған қарамастан сабаққа қатысып жүр. ҰБТ кезінде жеңілдіктер қарастырыла ма?
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- Денсаулығы нашар балаларға қорытынды аттестаттау кезінде мұғалімдері түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуі тиіс деп ойлаймын. Ал ҰБТ өтетін сәтте денсаулығы сыр берген түлектерге ерекше жағдай жасалады. Олар медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Бауырыңыздың жағдайын білім алатын мектебіндегі ұстаздарына ескерткен жөн. Олар тестілеу өтетін пунктегі мамандарға хабарлауы тиіс. Денсаулығы нашар балалар жеке аудиторияда отырады. Олардың тестілеуді ойдағыдай тапсыруы үшін барлық мүмкіндік қарастырылады.

Жанболат, Качир ауданы:
- 11-сыныпта оқитын туысқаным биыл Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне грант ұтып алған болатын. Ол ҰБТ-ға қатысып, Астана немесе Алматы қаласының жоғары оқу орындарын таңдай ала ма?
Әлия АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ:
- Балаңыз биыл ҰБТ-ға өтініш берсе, тестілеуге қатыса алады. Жинаған балы арқылы таңдаған жоғары оқу орнына оқуға түсуге мүмкіндігі бар. Егер грантқа түсе алмай қалған жағдайда, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті ұсынған грантты пайдаланады.

Тілші сауалы:
- ҰБТ-ға кімдерге қатыспауға мүмкіндік берілген?
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген олимпиадалар тізіміне сәйкес облыс бойынша 2014, 2015, 2016 жылы халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындар иеленген түлектер тестілеуден босатылады. Ал 2017 жылдан бастап мұндай жетістіктері бар талапкерлерге ешқандай жеңілдік жасалмайды. Биыл облысымызда 3 мектеп бітіруші мұндай мүмкіндікке ие болды. Олардың қатарында есімі республикамызбен қатар шетелге кеңінен танымал, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы, жас математик Әмір Мұхаммед Әли, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Темірлан Рахимов және Абдулғафур Берсүгір бар.

Сайран, Баянауыл ауданы:
- Балам ҰБТ-ны аудан орталығында тапсырады. Шалғай ауылдардағы түлектерді тасымалдау, тамақтандыру, жататын орындары қалай шешіледі екен?
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- Биыл ҰБТ өткізу пунктіне 796 түлек тасымалданады. Оларды тасымалдау, тамақтандыру, жататын орындарына қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінен 7,6 млн. теңге қаржы бөлініп, барлық мәселе шешілуде. Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасымен, төтенше жағдай, ішкі істер департаменті мамандарымен жұмыстар жүргізілді. Балалардың қауіпсіздігін сақтап, тамақтандыру мәселесі де дұрыс жолға қойылды. Сондықтан ата-аналар мен талапкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ.

Толқын, Павлодар қаласы:
- Мектеп бітіруші кешіне ата-аналар қомақты қаражат жинап жатқанын естідік. Барлық әке-шешенің қалтасы қомақты ақшаны көтере бермейтіні рас. Бұл дұрыс па?
Жомарт ПЕТРОВИЧ:
- Қазіргі уақытта мектептерде қамқоршылық кеңес жұмыс істейді. Ата-аналар бұл мәселені бақылауда ұстауы тиіс. Мектеп бітірушілер кеші ата-аналардың қаражатына жасалады. Түлектердің тамақтануына бюджеттен ақша бөлінбейді. Біз тек кештің тегін ұйымдастырылуына жауаптымыз.

Тілші сауалы:
- ҰБТ-ға қатысатын талапкерлерге қандай кеңес бересіз?
- Облыстық білім беру басқармасы атынан барлық мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тілеймін. Талапкерлеріміздің мектептегі қорытынды аттестаттаудан сүрінбей өтіп, тестілеуден жоғары ұпай жинауына тілектеспін. Білім жолында қанаттарың талмай, алдағы сынаққа бар күштеріңді салып дайындалыңдар, ата-аналарың мен ұстаздарыңның үмітін ақтай біліңдер дегім келеді.


Түйін: «Тікелей желі» шарасы кезінде оқырмандардан 60-тан астам сауал түсті. Кейбір сауалдардың мазмұны ұқсас және «Тікелей желі» шарасының тақырыбына сай келмегендіктен жарияланбады. Сауалдарға жауапты басқарма өкілдерінен естіген ата-аналар, түлектер өздеріне қажетті толық мағлұмат ала алды деген ойдамыз.


Керек дерек

• Биыл облысымызда Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 пунктте өтеді. Олардың қатарында облыс орталығындағы үш жоғары оқу орны бар: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Инновациялық Еуразия универ-ситеті және Павлодар мемлекеттік педаго-гикалық университеті. Сонымен қатар, Ақсу, Екібастұз қалаларында және Ақтоғай, Качир, Железинка, Баянауыл, Ертіс аудандарының орталықтарын-дағы мектептерде өткізіледі.

• 2017-2018 оқу жылында 3897 түлек мектеп бітіреді. Олардың 2857-сі ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Бұл түлектердің 73,3 пайызын құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артық.

• Қорытынды аттестаттау шарасы 29 мамыр-9 маусым аралығында өтеді.

• Жоғары оқу орындарына түсуге ниетті талапкерлер 20 маусым мен 1 шілде аралығында ҰБТ тапсырады.

• Биыл ҰБТ форматы бойынша түлектерге 120 сұрақ ұсынылады. Бірақ талапкердің таңдаған мамандығына байланысты бейіндік пәндердің сұрақтарында бірнеше жауап болатындықтан, максималды балл – 140.

• Тестілеудегі шекті деңгей - 50 балл. Ұлттық университеттерге түсу үшін шекті балл - 65, «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарының топтары бойынша – кемінде 60 балл, ал медициналық оқу орындарына түсу үшін шекті ұпай саны - 65 балл.

• Тестілеуге 3 сағат 50 минут уақыт беріледі.

saryarka-samaly.kz