- Армысың, Арман. Өзіңді 2015 жылы «Қазақстан барысына» қатысқаныңнан бері білеміз. Сол додада атақты палуан Бақтияр Қисықовты жеңіп, Ержан Шынкеевтей шымыр жігітке лайықты қарсылас бола білдің. Арада 3 жыл уақыт өтті. Тәжірибең де толысқан болар. Алдағы жарысқа дайындығың туралы айта отырсаң?

- Иә, 2015 жылғы «Қазақстан барысында» барымды салуға тырыстым. Шынымен де тәжірибем аздау болды. Әрі жастықпен шалыс қимылдап, кейбір тұстарда ағат-тық жасағанымды да білемін. Тәжірибелі палуандар мұндай қателікті кешірмейді. Оның үстіне 77 келі салмақпен алпа-уыттармен арпалысу оңайға түскен жоқ. Қазір салмағым 90 келіге жуықтады. Уақыт өткен сайын дайындығымды пысықтап, өз-өзімді қамшылап келемін. Бәрін де уақыт көрсетеді.

- Үлкен спортқа қалай келдің?

- Спортқа бала күнімнен әуес едім. 2002 жылы 9 жасымда ең алғаш дзюдо күресінің жаттығу залына барғанмын. Алғашқы бапкерлерім - Рашид Махмедов және самбо күресінен әлем чемпионы Людмила Симутина. Олардың үйретуімен дзюдо күресінен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жақсы нәтижелерге жеттім. Мектепті тәмамдаған соң да спорттан қол үзген емеспін. Екібастұздағы Қ.Сәтбаев атындағы инженерлік-техникалық институтында экономист мамандығы бойынша білім алдым. Кейін Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде білімімді жетілдірдім.

2010 жылы дзюдодан жастар арасында ҚР чемпионы атандым. Осы жылы Еуропа Кубогын жеңіп алдым. Мароккода өткен әлем чемпионатына қатысып, өз салмағымдағы 50-ден астам палуанның арасынан 7-ші орынға табан тіредім. Бұл жарысқа әлемнің 83 мемлекетінің дзюдошылары қатысты. 2011 жылы Азия чемпионатында жүлделі II орын алдым. 2013-2015 жылдар аралығында Ел чемпионатының күміс жүлдесін 3 рет қанжығаладым.

- Олимпиада ойындарына қатысу ойыңда бар ма?

- Әрине. Бірнеше мәрте жолдамаға таласып көрдім. Өкініштісі - олимпиада лицензиясы уысыма түспеді. Бірақ әлі де үміттенемін.

- Сеніңше Қазақстан барысындағы палуандардың ең мықтысы кім?

- Ауыр салмақтағы ағалардың көбінің бәсі жоғары. Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Ұлан Рысқалиев, Руслан Әбдіразақов, Ержан Шынкеевтердің осалы жоқ. Десек те, бұл спортшылардың жасы ұлғайып қалды. Артынан біз, інілері толысып өсіп келеміз. Әр нәрсе өз уақытымен ғой. Меніңше, темірді қызғанда соғатын уақыт жетті.

- Ірі додаларға қалай дайындаласың?

- Дене дайындығы өз алдына, спортшы алдымен психологиялық тұрғыдан белдесуге даяр болуы керек. Сондай-ақ, өз басым мықты палуандардың ғаламторда жарияланған кездесулерін жиі тамашалаймын. Жас палуандар үшін бұл өте маңызды. Айта кететін тағы бір жайт, қазір спорттың қай түрінде болмасын допинг дауының бар екендігі жасырын емес. Жерлесім Серік Сәлменов екеуіміз Алматыға барып, медициналық тексеруден және допингтің арнайы сараптамасынан өттік. Бәрі ойдағыдай.

- Биыл «Қазақстан барысына» қанша палуан қатысады?

- Жарыс алғаш ұйымдастырылған жыл-дары 33 палуан бақ сынайтын. Соңғы жыл-дары «Әскер барысының» жеңімпаз екі палуаны да «Қазақстан барысына» қатысатын мүмкіндікке ие болып жүр. Ережеге сәйкес 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларының әрқайсысынан 2 палуаннан қатысуға құқылы. 2011 жылдан бері қарай «Қазақстан барысы» дәстүрлі түрде ұйымдастырылып ке-леді. Төл спортымызға көңіл бөлінгендігі қуантады. Өкініштісі, Павлодар облысында әлі бірд-бір медаль жоқ. Осы мәселе мені қатты ойландырады. Биыл Серік Сәлменов екеуіміздің біріміз жүлделі орыннан көрінсек дейміз. Серіктің де бабы жақсы. Салмағы менен ауыр. Іріктеуде маған ұпай санымен ғана жол беріп қойды.

- Дәл қазір бабың қалай?

- Жуырда Серік екеуіміз Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнирге қатыстық. Мен 90 келіде, Серік 100 келіде бақ сынады. Екеуіміз де бірінші орындарды еншіледік. Осыған қарағанда дайындығымыз жаман емес секілді.

- Алдағы уақытта дайынды-ғыңды қалай пысықтайсың?

- Маусымның 9-10 күндері Ресейдің Красноярск қаласында өтетін халықара-лық ашық турнирге бару ойда бар. Бұдан соң екі ай бойы туған жерге – Павлодарға келіп, Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасында дайындалсам деймін. Небір батырлар мен баһадүрлер өткен қасиетті мекеннің ауасы тымық, тау самалы да бойыма күш-қуат береді деп ойлаймын.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаның үшін алғыс айтамын. Алда болатын «Қазақстан барысында» аймақ абыройын асыруыңа тілектеспін!

- Рақмет!

Сұхбаттасқан – Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz