- Әсел, әңгімеміздің әлқиссасын өзің туып-өскен ортаңнан бастасақ...

- Мен 1990 жылы Павлодар ауданы, Заңғар ауылында дүниеге келдім. Осы ауылда 11-сыныпқа дейін білім алып, кейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өнер кафедрасында грантпен оқыдым. Университет қабырғасында жүріп, «Орындалған арман» атты өзімнің жеке ән кешімді де беріп үлгердім. Оқуымды тәмамдаған соң осы білім ордасындағы И.Байзақов атындағы студенттік филармониясында, кейіннен «Колос» балалар мәдени-ойын сауық орталығында қызмет еттім. Қазір туған жерім Заңғар ауылындағы мектепте музыка пәнінің мұғалімімін. Сонымен қатар «Жігер» орталығында еңбек етемін. Отбасында 6 ағайындымыз, мен үйдің кенжесімін. Анам бізді жеткізу үшін көп қиындық көрді. Бала күнімде «Есейгенде жаныңа жалау болып жүремін, анашым!» деп өзіме серт берген едім. Бүгін сол сертімде тұрып, анама қарап отырмын. Ол кісі мені талай музыка пәнінің мұғалімдеріне апарып, түрлі байқауларға қатыстырды. Балалық қой, сол кезде анама ұйқым келді, үйге қайтайық деп қиғылық салатынмын. Сөйтсем, мені өзінің қатарынан қалмасын деп армандаған екен.

- Әсел, сен өз ортаңда жаратылысыңмен ерекшесің. Бойыңдағы қорқынышты қалай жеңдің?

- Он екі мүшесі сау, дұрыс ойлай алатын кез келген адамда қорқыныш болады. Ал мендегі қорқыныштың еселенген шағы мектепті бітірер кезде басталды. Мектепте оқып жүрген шағымда бойымдағы үрей мен санамдағы қорқынышым күн санап еселене түсті. Ондағым, орта мектепті бітіргеннен кейін өзім қалаған мамандық иесі бола аламын ба? Анамның сенімін ақтай аламын ба? Өмірде кім болып қалыптасамын деген сауалды ойлар мазалайтын. Өмір жолымда кедергілер көп болды. 9-сыныпты бітіргеннен кейін Павлодар қаласындағы музыкалық колледжге бардым. Бірақ мені ол жерде әртүрлі сылтаулар айтып, шығарып салды. Бұл мен үшін үлкен соққы болды.

- Өнер әлемінде, өмірде өзің үлгі тұтатын адам бар ма?

- Шынымды айтсам, менің үлгі тұтатын адамым болмапты. Ешқашан әншілердің сахналық стиліне, ән айтуына, өзін-өзі ұстауына еліктемеген екенмін. Ал мектепте оқып жүрген кезімде Роза Рымбаеваның «Әлия» әніне ерекше ғашық болатынмын. Осы ән мені өнер әлеміне алып келді. Кейіннен шетелдік әншілер - Уитни Хьюстон, Лара Павианды тыңдай бастадым. Бұл үлгі тұтып, табыну емес, тек олар орындаған әндерге деген махаббат деп ойлаймын.

- Сені көп тыңдармандарың «Қазақстан дауысы» жобасы арқылы таныды. Осыдан кейін ән байқауларынан көрінбей кеттің. Оған не себеп болды?

- Негізі «Қазақстан дауысы» байқауына дейін мен Астана қаласында өткен «Жан шуақ» додасына қатысып, бірінші орын алдым. Бірақ бұл байқаудың «Қазақстан дауысы» жобасына қарағанда ауқымы тарлау болды. Ал аталмыш жобаның мен тек көрмей тыңдау кезеңіне ғана қатыстым. Сондағы тәлімгерлер маған бұрылып қарамағанымен, мен әнші ретінде халықтың есінде қалдым. Бұл - өнер адамы үшін үлкен жетістік. Осыдан кейін бірнеше республикалық және халықаралық додаларға қатысып, жүлделі оралдым. Мысалы, Болгарияда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен ІІІ халықаралық ән байқауында 2-орын иелендім.

- Қазіргі таңда сахнадан көп көрінбей кеттің. Неге?

- Соңғы кездері менің өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді десем болады. Яғни, бір кездері мен үшін үлкен арман болған, өзім қиялдаған дүниелердің көбі қазір маңызсыз. Оқып жүрген кезімде Алматы мен Астана қаласына кетіп, сол жақта өнер жолымды жалғастырамын деп жиі ойлайтынмын. Ал қазір керісінше, туған ауылымнан жырақтамай, туыстарымның ортасында, мен үшін қымбат адамдардың қасында болғанды ұнатамын. Сонымен қатар, қазіргі таңда өзімнің шығармашылығымнан гөрі оқушыларыма көп көңіл бөлемін. Өзім жетпеген жетістікке, шыға алмаған, шығуға мүмкіндік болмаған биіктерді осы шәкірттерім бағындырса деймін. Сол себепті қазір сахнадан сәл жырақтап жүрмін. Бірақ музыка менің өмірімде ерекше орын алады. Себебі мен музыка арқылы өзімді таптым. Адамдардың арасында өзімді кем санамауға үйрендім. Қатты қиналған кезде күш-қуат беретін сенімді серігім десем де болады.

- Достарың көп пе?

- Аллаға шүкір, мен осы өмірде жаны жомарт, адал достарға бай адаммын. Олармен жиі хабарласып тұруға тырысамын. Ауылға көшіп келгеннен кейін достарыммен өткен күндерді, қызықты сәттерді сағынатын болдым. Мысалы, әкем өмірден озған кезде мен ешкімге айтпадым. Өз қайғыммен өзім жеке қалуды жөн деп таптым да, телефондарымды өшіріп, хабарсыз жаттым. Шынын айтқанда, менің қайда тұратынымды көбі білмейтін де еді. Бірақ сол қиын кезде мені достарым өздері іздеп тауып алды, ауылға келді.

- Арманың қандай?

- Жуырда шәкірттерім «Жыламасын сәбилер» атты қайрымдылық ән кешін берді. Одан түскен қаржыны павлодарлық 5 жасар балақайдың еміне аудардық. Бұл да үлкен арманнан туындаған дүние болатын. Ал Алладан алақан жайып тілеген тілектерімнің қабыл болғанын армандаймын. Анамның үнемі күліп жүргенін қалаймын. Мен әлі биіктерден көрінемін!

- Әсел, уақытыңды бөліп, сұхбаттасқаныңа рақмет!

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz