Былтыр 2500 сарбазды қамтыған «Жасыл елдіктердің» қатары жыл санап артуда. «Экология», «Құрылыс» және «Шығармашылық» бағыт бойынша еңбек ететін жастардың еңбекақысы істейтін жұмыстың ауырлығына байланысты 35-80 мың теңге көлемінде төленеді.

- Биыл Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Марғұлан орталығымен» бірге жастар сакралды орындардың аумағын тазалап, қоршаумен айналысатын болады. Қазіргі таңда Май ауданы мен Екібастұз қаласынан ұсыныс түсіп отыр. Мәселен, 80 сарбаз Екібастұздың Әулиекөл, Өлеңті, Ақбидайық, Баянауылдың Торайғыр өзені мен Кемпіртас ескерткіші, Май ауданының Кемертұз аумақтарында болып, тазалық жұмысын жүргізетін болады. Осы бағытта 2017 жылы тек Баянауыл өңірінде ғана жұмыс істеген болатынбыз. Сонымен қатар, өткен жыл жұмысын бастаған су астындағы отряд биыл да жалғасады, - дейді облыстық штабтың командирі Зауыр Совет.

Ағымдағы жыл облыста «Экология» жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы ретте аймақ басшысы Болат Бақауовтың тапсырмасы да жасыл елдіктердің назарынан тыс қалмапты. Олар осы маусымда 1000 ағаш көшетін отырғызбақ. Бүгінгі таңда олар «Жеңіс ағашы» акциясы аясында С.Торайғыров атындағы ПМУ мен ПМПУ және №16 лицейдің ауласына 65 және «Ертіс» футбол клубымен бірлесіп, «металлургтер» саябағына 40 ағаш отырғызған.

- Қазіргі күннің өзінде біздің кейбір сарбаздар жұмыссыз отырған жоқ. Олар күн жылынып, қар ерісімен-ақ жұмыстарын бастап кеткен. Балалар үйіне барып, оның ауласын қоқыстан тазартып, қоршаулар мен орындықтарды, балалар алаңқайларын бояп, әктеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жалғыз тұрып жатқан қарттардың үйіне барып, үйлерін тазалап, бау-бақша жұмыстарына көмектесіп жүр. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында сарбаздар соғыс ардагерлерімен кездесіп, мерекеге орай әзірленген сыйлықтарды таратты. Жуықта Усолка шағын ауданында сенбілік өткізген жастар ол жерден 300 қап қоқыс шығарды, - дейді штаб командирі.

Естеріңізде болса, бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев «Жасыл елдің» өткен маусымындағы жұмысын қатаң сынаған болатын.

- Былтырғы еңбек маусымының жазғы кезеңінде қала ішінде қоқыстардың көп болғаны белгілі. Биыл бұл қателіктерге жол бермеңіздер. Келіп демалатын адамдарға отырған орындарын шашып кетпеуге шақыратын арнайы белгілер орнатасыздар ма, әлде жергілікті полициямен байланысасыздарма, жолдарын қарастырып шешіңіздер. Сонымен қатар, биыл облыста «Экология жылы» деп жарияланғанын білесіздер. Ендігі атқаратын жұмыстарыңыз осымен үндес болуы керек. Яғни, өңір экологтарымен бірлесе жұмыс істеп, ағаштарды отырғызу бойынша да орындарды тиянақты таңдаңыздар, - деген еді Мейрам Бегентаев.

Жаңа маусымның ашылуына дайынбыз деген командир 3 жыл қатарынан «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысына қаржы бөлмеген Павлодар ауданындағы мәселе де қарастырылып жатқанын атап өтті. Бүгінде жастарды жұмыспен қамту бойынша өңірдегі құрылыс компанияларымен келісімшарт жасалған.

Айта кетелік, биылғы маусымда «Жасыл елдің» логотипі мен формасы да жаңартылған.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz