Екі досқа бұл идеяны жүзеге асыру үшін біраз еңбектенуге тура келген. Олар ұзақ уақыт жарық шашатын плитаны жасап шығарудың жолдарын іздеп, зерттеген. Себебі мұндай плитаны жасап шығаруды бұрын-соңды елімізде ешкім қолға алмаған. Яғни, түнде сәуле шашатын плиталарды өндіруде қазақстандықтар тәжірибесіз.

Талғат Жұматаев пен Қайрат Тілеуленов ерекше жобаны іске асыру мақсатында білімдерін жетілдіріп, бизнесті бастау үшін бірқатар тренингтерден де өткен. Мемлекеттен берілген 3 млн. теңгенің грантына ие болған жігіттер қазірдің өзінде тапсырыс берушілердің көп екенін айтады.

- Бұл идея ғаламтор ақтарып отырғанда туындады. Жалпы, жарықтандырылған тротуар коммерциялық бағыттағы ұйымдарға клиенттер тарту үшін тиімді. Бұл кәдімгі тротуар сияқты төселеді. Күніне 20 шаршы метр өндіруге мүмкіндік бар. Үй ішіне де, қоршауларды да жасауға болады. Бірақ оны әзірге қолға алып, нақты кіріспедік. Дегенмен алдағы жоспарымызда бар. Себебі өзіміз құрылыс заттарын жасаумен 3 жылдан бері айналысып келеміз. Бұл салада тәжірибеміз жеткілікті. Қазірдің өзінде павлодарлықтар ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен хабарласып, қызығушылық танытып жатқандар бар. Бұл біздің бизнес-жоспарымыздың дұрыстығын көрсетеді. Әрі бастаған ісімізді одан әрі дамытуға күш береді, - дейді Талғат Жұматаев.

Күннен қуат алатын кеспетастармен Павлодарды ғана емес, бүкіл елді қамтуды көздеп отырған кәсіпкерлердің алдына қойған мақсаттары айқын. Тіпті, олар Мойылды шипажайынан плита шығаратын арнайы цех ашып үлгерген. Бүгінде қызу жұмысқа кірісіп кеткен жігіттер алдағы уақытта осы бастама арқылы 5 адамды жұмыспен қамтимыз деп отыр.

- Қазіргі таңда энергия үнемдейтін жаяужол плиткасының маңызы зор. Бұл «Энергия үнемдеу – 2020» мемлекеттік бағдарламасына да сәйкес келеді. Электр энергиясын тұтынбайтын экологиялық таза өнім. Сондай-ақ, жарықдиодты өнімдер санатына жатпайды. Себебі бұл энергияны талап етпейді. Күндіз қарапайым бетон плита сияқты болып көрінгенімен, қараңғы түскенде 4 түрлі, жасыл, ақ-жасыл, күлгін және көк түсте жарық шашып тұрады. Тұрғындар кешкі уақытта жарық беретін жолмен серуендегенде ертегі әлеміне тап болғандай күйге енеді. Бұл облыстың кезекті брендіне айналатын тамаша дүние боларына сенімдімін. Плитаны жаяу жүргіншілер жолына ірі және ұсақ күйінде мозайка ретінде төсеуге, немесе тротуардың шетіне сәндеп үйлестіруге болады. Кешкі уақытта полимерлік ұсақ бөлшектердің нығыздалуынан әртүрлі түстегі жарық бөлінеді. Мұндай жарық тұрғындарды ғана емес, қала қонақтарын да таң қалдыратыны анық. Осы өндірісті іске қосу арқылы біз қалаға ешбір шығынсыз-ақ жаңа инновациялық көрік бере аламыз, - дейді Қайрат Тілеуленов.

Жігіттер қазіргі таңда қабырға және құм блоктарын, шлак блоктарын шығарумен айналысады. Олар ойға алған ісін жүзеге асырып, табысқа жету жолында тынбай ізденген. Тіпті, кәсіпкерлердің бірі облыстық кәсіпкерлер палатасындағы «Бизнес-мектеп» курсына қатысып, білімін жетілдірген.

- Бізге «Жұматаев» жеке кәсіп-керлігі палатаға бизнес-идеясымен келген болатын. Менеджерлер мен кеңес беруші мамандар оларға бизнес-жоспар құрып, жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде көмек көрсетті. Нәтижесінде «Бизнес-мектеп» курсынан білім алған Талғат Жұматаев грантты қаржыландыруға үміткер ретінде қатысып, өз жобасымен жеңімпаз атанды. Жалпы, жігіттер біздің мамандардың есінде пысықтығымен, алға қойған мақсатына жету жолында аянбай еңбек ететін қасиеттерімен қала білді. Олар құрылыс материалдарын сатудың қыр-сырын жақсы меңгерген. Жаңа бастамаларының болашақта өз жемісін беретініне бек сенімдіміз, - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Дина Әбілдинова.

Жарықтандырылған тротуарды бір шаршы метрге полимермен төсесе, 55-80 мың теңге аралығында қаражат жұмсалады. Егер мәрмәрдан салса, шығынды екі есеге азайтуға болады екен. Мұндай плита 200 жылға дейін сыр бермейді. Бұлардың құрамында фосфор жоқ. Қоршаған ортаға ешбір қауіп төндірмейді. Табиғи және сыртқы факторларға төзімді. Қазіргі таңда жас кәсіпкерлер ресейлік зауытпен «Луна» жарқырайтын жаяужол плитасының технологиясын қолдану мақсатында дилерлік келісім жасасқан.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz