Тартысқа толы бәсекеге 11 команда қатысты. Дүбірлі додада Ақмола облысының, Ерейментау өңірінің, Семей, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының, сондай-ақ Железин, Качир, Шарбақты, Баянауыл, Лебяжі аудандарының тоғызқұмалақшылары шеберліктерін сынға салды.

Жарыстың ашылу рәсімінде Лебяжі ауданы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Қуан Бейсенов спортшыларға сәттілік тілеп, өңірде тоғызқұмалақты дамытуға айтарлықтай үлес қосып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ағайынды Арман және Дархан Есенгелдиндерді «Білім саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, I дәрежелі дипломмен марапаттады. И.Қапаевтың жұбайы Күләш Қасымханқызы жарысты ұйымдастыруға ұйытқы болған Павлодар облысының дене тәрбиесі және спорт басқармасына алғысын айтты. Отағасы туралы естеліктермен бөлісті. Әкенің ізін жалғастырып, өңірде тоғызқұмалақ ойынының тасын өрге домалатып жүрген азаматтар, марқұмның ұлдары - тоғызқұмалақ, шахмат, дойбыдан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Дастан Қапаев пен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тоғызқұмалақтан облыс-тың бас жаттықтырушысы Арыстан Қапаев.

- Әкеміздің жолы - бізге қашанда үлгі. Өңірде төл ойынның дамуына сәл де болса үлес қоса алсақ, әке арманын орындауға талпынғандығымыз. Осы мақсатта біз жыл сайын мамыр айында Лебяжі ауданында турнир өткіземіз. Оған қатысушылардың саны жыл санап артып келеді. Павлодар өңірі қашанда көш басында. Осы биіктен түспей, алға қарай ұмтылуымыз керек,- дейді Дастан Қапаев.

Исатай Аманжолұлы 1940 жылы Ресей-дің Новосібір облысында өмірге келген. Павлодардағы Абай атындағы №10 мектептің түлегі. Мектеп бітірген соң Семейдің педагогикалық институтын тәмамдаған. 1975-1986 жылдары Лебяжі ауданының Черное ауылында тұрып, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындарын көпшілік арасында кеңінен насихаттаған. Ауыл жастарын спорттың осы түрлеріне баулып, аймақты алдыңғы қатарға шығарған. Ол 1986 жылдың мамыр айында дүние салды.

Исатай Аманжолұлынан тәлім алып, тізе қосып бірге қызмет атқарған жанның бірі Аққулық Ғабиболла Есімов:

- Мен Исатай Аманжолұлын сексенінші жылдардың басынан бері білемін. Ол кісіден көп дүние үйрендім. Ақжарқын жанды өзіме рухани ұстаз тұтамын. Ұлттық спортты, соның ішінде тоғызқұмалақты өңірге алғаш рет әкелген адам - Исатай ұстаз. Мен ол кісіге үнемі көмекші болдым. Аудандық, облыстық, республикалық ірі додаларға спортшылар даярладық. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат мықты психолог еді. Дайындаған шәкірттердің бабына қарап, кімнің қандай орын алатынын алдын ала сезіп тұратын. Әттең, өмірден ерте озды, - дейді Ғ.Есімов.

219 тоғызқұмалақшы қатысқан дүбірлі додаданың қорытындысы бойынша 9 жасқа дейінгі спортшылар арасында семейлік Малика Әсемханова мен Еркежан Мамтимен топ жарды. 11 жасқа дейінгі топта да Семейдің қос спортшысы Аяна Исахан мен Еркебұлан Досан жеңімпаз атанды. 13 жасқа дейінгі қатысушылар арасында павлодарлық Аяна Темірболатова мен Алдияр Мұқанов жеңістің ең биік сатысына көтерілді. 15 жасқа дейінгі спорт-шылар сапынан Екібастұз қаласының өрені Жәмилә Баилдяшева және Павлодар қаласының намысын қорғаған Сұлтан Смағұловтың мерейі үстем болды. Ал ересек спортшылар арасында павлодарлық Әсел Темірханова мен Бауыржан Абылайханов қарсылас шыдатпады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальмен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Алпысбай ХОНЖ
Аққу ауылы, Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz