Музей директоры Гүлнәр Нұрахметова-ның сөзінше, - жыл басынан бері «Тамыры терең туған жер» жобасы аясында әр ауданның киелі және тарихи орындары туралы көрме ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін Екібастұз және Ақсу қалалары мен Шарбақты ауданының көрмелері өткен.

- Мақсатымыз – әр өңірдің тарихын, киелі орындарын және танымал адамдарын халыққа таныту. Ақтоғай ауданында қаншама дарынды тұлға өмір сүрді. Соның бірі – әнші, сазгер Естай Беркімбаев. Бүгінгі көрмеге әншінің тұтынған заттары, киген шапаны және шығармалары мен зиратының макеті қойылды. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданы қолөнер шеберлерінің туындыларын да тамашалауға болады, - дейді Гүлнәр Баркенқызы.

Өңірімізге белгілі айтыскер ақын Бейсенбі Мұқажановтың сөзінше, өңірде ашылмай, айтылмай жатқан тарихи дүниелер әлі көп. Болашақта осы бағытта жұмыс істеп, есімдері елге белгісіз болып келген трихи тұлғалар туралы жазу керек.

- Ауданның тарихы сонау 1700 жылдардан басталады. Ол кезде бұл өңірде атақты Тоқтас деген бай болған. Заманның қиын кезінде Байқоңырдан түйемен тұз тасып, халық игілігіне жаратқан. Сондай-ақ, осы жерге алғаш рет ағаштан үй салып, отырықшылықты қалыптастырған. Бұл өңірде кезінде Бежудің торы аты деген болған. Ол Ақанның Құлагерінен елу шақырым артық шауып өткен. Сонымен қатар, бойының биіктігі үш метрден асатын Алпыс деген палуанды ұмытуға болмайды. Боз кілемде оның жауырынын ешкім жерге тигізе алмаған деседі. Бұл аймақта Торайғыр, Шоң билермен қатарлас жүрген Жақсыбай абыз, Қазанғап билер өмір сүрген. Міне, мұның бәрі қазір көп атала бермейді. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай тұлғаларды жарыққа шығару керек, - дейді Бейсенбі аға.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz