Шарбақтылық диқандардың осы жылдан үміті зор. Жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін аянып қалмаймыз дейді. Өткен жылы 127,3 мың гектарға егін еккен шарбақтылықтардың егістік алқабы биыл 3,4 мың гектарға үлкейген. 5 мамырдан егістік алқабына шығып, жұмыс маусымын бастап кеткен диқандар 6 маусымға дейін жұмысты аяқтаймыз деп отыр.

- Жоспар бойынша 72,8 мың гек-тардан астам жерге бидай, 10 мың гектарға арпа, 990 гектарға сұлы, 3 мың 96 гектарға тары, 11,3 мың гектарға қарақұмық, сондай-ақ 23,4 мың гектарға күнбағыс, 24 мың гектарға майлы дақылдар және тағы да басқа өнімдер себіледі. Егіс жұмыста-рын белгіленген уақытта аяқтау үшін бар күшімізді жұмылдырамыз, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімнің басшысы Сымбат Шахметова.

Көктемгі дала жұмыстарын тың-ғылықты жүзеге асыру үшін 1851 тонна арзандатылған жанар-жағармай алын-ған. Наурыз, сәуір айларында оның 1197 тоннасы шаруалар игілігіне берілсе, мамыр айында қалған 654 тоннасы жеткізілген. Сонымен қатар, ауданнан 11695,5 тонна тұқым «Қазагроэкс» АҚ-ның зертханасында сұрыптаудан өткен.

- Осы жылы да егістік жұмысының дұрыс әрі нәтижелі болуын қатаң бақылауда ұстайтын боламыз. Ол үшін жеке шаруашылықтарға тұқымдар мен арзандатылған жанар-жағармайдан бөлек, 756 тонна минералды тыңайт-қыштар алынды. Олар өңірдегі шаруашылықтарға берілді. Сонымен қатар осы жылы жеке есептен 81 млн. теңгеге 37 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жалпы көктемгі егістікке 514 трактор шығарылды. Ал «Рассвет» ЖШС осы мақсатта 64,1 млн. теңгенің несиесін алды. Биыл өткен жылдағыдан да асырып өнім аламыз деген ойдамыз. Ол үшін бізде жанар-жағармай, тұқым, қаражат - бәрі де жеткілікті, - дейді басқарма басшысы.

Сымбат Шахметованың айтуынша, қазіргі уақытта егіс алқаптарының бол-жанған құрылымына сәйкес ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 3,4 мың гектарға егін еккен.

Аты көпке мәлім «Победа», «Абай», «Красиловское» және «МТС - Сервис» серіктестіктерінде жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Қ.ХАШЫМҚЫЗЫ, Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz