Биыл Ертіс ауданы бойынша жалпы егістік алқабы 263 133 гектарды құрай-ды. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары көрсеткіш. Оның 210 мың гектардан астамы – дәнді дақылдар. Сондай-ақ, 26 мың гектарға жуық алқапқа майлы дақылдар егілмек. Тағы 26 мың гектарға жуық жер мал азығына тиесілі.

Бүгінде астықты, аудан шаруа-лары 100,3 мың гектар ырыздық дәнін екті. Оның ішінде 77,3 мың гектарға дәнді дақылдар, 14,1 мың гектарға майлы дақылдар егілді. Мал азығы өнімдері 8,4 мың гектарға себілді. Бұдан бөлек, 450 гектарға картоп отырғызылды. Ертіс ауданы ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Асқар Исабековтің айтуынша, жергілікті шаруалар көктемгі егіс жұмыстарын маусым айының 5-6-сы күндері аяқтауды жоспарлауда.

Биыл облысымыздың өзге де аймақтары сияқты Ертіс ауданының диқандары да көктемгі егіс жұмыстарын мерзімінен кешіректеу бастаған. Ауа райының қолайсыздығы әсерін тигізіп отыр. Жалпы, жергілікті шаруалар дала төсіне сәуір айының соңында шыққан. Алайда күннің суықтығынан, жауын-шашыннан жоспарлаған жұмыс көлемі кеш орындалуда.

- Ауа райының салқындығынан және топырақтың кеш қызуына байланысты егіс жұмыстарының қарқыны өткен жылдағыдан біршама төмен деңгейде орындалып жатқаны рас. Осыған байланысты егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау үшін техниканы жоғарғы өнімділікпен пайдалануды қамтамасыз ету шаралары қолға алынуда. Диқандарымыз әрбір күнді ұтымды пайдалануға тырысуда, - деді А.Исабеков.

Ауданда көктемгі егіске 33 608 тонна тұқым әзірленіп, арнайы зертханалық тексеруден өткізілген. Оның ішінде 5 мың тоннадан астам тұқымды аудандағы элиталық тұқым өндіруші екі шаруашылық - «Абай» ЖШС мен «Ертіс» тәжірибелік шаруашылығы өзге өңірлерге сатылымға шығармақ. Тұқымның қалған бөлігі жергілікті диқандарға артығымен жетеді, дейді мамандар.

Ертістік агрономдардың болжамы көңіл көншітерліктей. Мамандар қыста қар аз жауса да көктемгі жауын-шашын мөлшерінің көп болуы астық шығымына оң әсерін тигізеді деген үмітте. Биыл да өткен жылғы межеден төмен түспеуді жоспарлап отыр. Былтыр аудан шаруалары гектарынан орташа есеппен 12 центнерден астық жинаған болатын.

Жаңа технология мол өнім береді. Осыны көкейге түйген ертістік аграршылар егіс алқаптарында сандық технологияға негізделген дән себудің заманауи кешендерін қолданып жүр. Себілетін тұқымның нақты көлемі, жанар-жағармайдың жұмсалу мөл-шерін автоматтандырылған техника басқарады. Жалпы, ауданда көктемгі дала, егіс жұмыстарына 1397 техника жұмылдырылған. Соның ішінде 44 заманауи себу кешені бар. Бүгінде аудан бойынша тракторлардың 54 пайызы, комбайндардың 60 пайызы жаңартылған. Биыл тағы ондаған жаңа ауылшаруашылық техникалары сатып алыныпты. Атап өтерлігі, шаруаларға жаңадан сатып әкелген техникалар құнының 20-25 пайызы инвестициялық субсидия ретінде қайтарылып берілетін көрінеді. Қолдау шаралары мұнымен шектелмейді. Биыл көктемгі егіс жұмыстарына Ертіс ауданына 3555 тонна жанармай бөлінген. Ол шаруаларға нарықтағы құнынан 18-20 пайызға арзан бағамен үлестірілуде. Бұдан бөлек минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерге субсидия беріледі.

Ағымдағы жылы ауданда 236 903 гектар жерді электронды картаға енгізу жоспарланған. Қазіргі кезде жоспар 117 пайызға, яғни артығымен орындалды. Атап өтерлігі, бүгінде ауданда 300-ге жуық ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары бар.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz