Жаз мезгілін асыға күтіп, әдемі демалысты армандайтындар үшін енді алысқа барудың аса қажеті жоқ. Себебі Шарбақты ауданындағы Маралды көлінің жағасында демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жердің демалушылардың үлкен шоғырын қабылдай бастағанына да биыл 3 жыл болды.

Бұған дейін билік назарынан тыс жатқан Маралды көлі 2016 жылдан бастап толықтай абаттандырудан өтіп, жаңаша келбетке ие болды. Былтыр күніне 2 мыңнан астам адамды қабылдап, тамаша демалыс сыйлаған тұщы көлдің айналасы биыл да көріктене түскен.

Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Ыбыраев демалыс орны туралы былай дейді:

- Алғашқы жылы келушілерді қатты қызықтырған ерекшеліктің бірі пирс (суға қарай кіргізе салынған орын) болатын. Осы жылы да көл жиегіне пирстың тағы біреуін орнаттық. Сонымен қатар, күнге қыздырынып жатуға, катамаранға отырып, көл бетін айналып келуге де мүмкіндіктер қарастырылды. Оларды жалға алу құны қымбат емес. Өткен жылдан бері көл маңына келетін кішкентай демалушыларымызға арнап балалар алаңқайын салып береміз деп уәде беріп келген едік. Міне, сол күнге де жеттік. Туризм саласын дамытуда ең әуелі жол мәселесінің оң шешім тапқаны жөн болады. Сондықтан осы маусымда біз жол қатынасын назарда ұстауға тырысамыз, - дейді аудан әкімі.

Демалушылар жол азабын тартпас үшін Көлбұлақ ауылына дейінгі 4,7 км жолға асфальт төселіп, осы елді мекеннен демалыс аймағына дейінгі 2,7 шақырымға электр желісі тартылған. Бүгінгі таңда инвесторлар көл жиегіне 20-дан астам киіз үй тігіп, ағаш үйлер тұрғызған. Сонымен қатар мұндағы автокөлік тұрағы да кеңейтілген. Ал демалыс аймағына келуге ниетті мүмкіндігі шектеулі жандардың да жағдайы назардан тыс қалмапты. Яғни, көл жағасына жетуге ыңғайлы болуы үшін пандус- тар орнатылған.

Аудан әкімінің баяндауынша, 4-5 жылдың көлемінде Маралды көлінде адамдарды емдеуге арналған стационарлық емдеу орталығы ашылады. Мұнда демалушыларға ем тұз бен балшықтан жасалатын болады. Сонымен қатар демалыс аймағында былтыр марал шаруашылығын дамыту қолға алынған болатын.

- Болашақта бұл жерде пантамен емдеу орталығын ашу мақсатында 55 марал сатып алдық. Бұл жануарлардың ауа райына төзімділігін байқадық. Қазір маралдардың төлдеуін күтіп отырмыз, - дейді аудан басшысы.

Жалпы, Маралды көлінде артемия салина шаяндары тіршілік етеді. Балшықтың бес түрі бар. Келешекте он екі ай жұмыс істейтін заманауи шипажай салу жоспарланып отыр.

Тұщы көл жағалауының ені бұрын 2 метр болса, бүгінде ол 20 метрге дейін ұзартылған. Сонымен қатар, тұзды көл аумағына 50 000 текше метр құм төгіліп, 700 метрдей жер жасанды үйіндінің көмегімен ұзартылды. Демалушыларға ыңғайлы болу үшін мұнда 100 ағаш тапшан да орнатылған.

Бүгінде аудандағы туризм саласын дамыту бойынша алуан түрлі шаралар ұйымдастырылып отыр. Соның бірі - аймақ басшысы Болат Бақауов старт берген «Атты туризм» саласы. Мұнда демалушылар Шарбақтының шұрайлы жерлерін атпен аралап көруге мүмкіндік алады.

Б.Ыбыраевтың айтуынша Маралды көлінің айналасында тарихи орындар көптеп кездеседі. Мәселен, Маралды көлінің Байжырық жағындағы зиратта Сұлтанбет Сұлтанның тікелей ұрпағы - төрелер жерленген. Алдағы уақытта бұл жер де зерттеліп, талаптағыдай іс-шаралар жасалмақ.

Айта кетелік, биыл Маралды көлінің жағалауындағы демалыс аймағы 10-15 маусым аралығында ашылады.

Қ.ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz