Аштық - азап

Ақыры жеңгені ме?
Жүріп кетпек, алдағы сенгені не?
Жүріп кетпек,
Қалдырып бәрін, бәрін.
Әйелі мен бөбегі – Ынтызарын, Ынтызарын...
Жұтады-ау ажал залым...
Қармау керек көз жұмбай тірлік талын.
Жанбай жатып қалайша сөнеді бұл,
Аузынан шағында төгер жалын?
Шақ емес пе,
Өрлейтін өмір төрге?
Өз еркімен,
Қалайша кірмек көрге?
Үзілмесе тірліктің нәзік жібі,
Өмір мұны гүлдентіп, көгертер де.
«Қатын - жолда» деуші еді «бала - белде»,
Аштан өлмек,
Асы бар жетпесе елге.
Бір таба нан –
Осы үйдің соңғы дәмі,
Дастарханға оралулы жатыр жерде.
Қолтығына сол нанды қысып алып,
(Қара көрер сезінді күшін анық)
Әйелі мен ұлына: «Қош!» деді бұл.
- Таңдамақшар күнінде ұшыралық.
- Мен қалайын,
Тастама ұрпағыңды! –
Деп әйелі шырылдап көп жалынды.
Сол бір сәтте тоқтатар күш жоқ еді,
Тілек жоқ ед тоқтатар көк жалынды.
Жалғыз мүдде санасын меңдеді анық,
Елге жетсе, жығылмай естен танып.
Табады әлі әйелдің көкесін бұл,
Бала сүйед,
Күні ертең болад қарық.
Осы оймен артына бұрылмады,
Ынтызары «әкелеп» шырылдады.
Соңғы таба нанды да бұл әкетті,
Анық еді аштықтан құтылары.
Әйелі мен баладан күдер үзіп,
Тоқ ел жаққа жөнелді ол бетін түзеп.
Аштық артта біртіндеп қала берді,
Қол бұлғады алдынан өмір қызық.
Қилы-қилы тағдырды бастан кешіп,
Бас та емес,
Емес ол аяқта да,
Ел қатарлы жүретін тірлік кешіп,
Әйел алған,
Түзеген шаңырағын,
Тек үйінен шықпады жамырап үн.
Сәби даусын армандап іңгәлаған,
Шаңырақтың сезеді ол қаңырарын.
Келіп жетті ақыры сексен міне,
Есеп бар ғой өткен жыл, көшкен күнге.
Өкінбейді қарттықтың келгеніне,
Тек өлімнен ет жүрек сескенуде,
Сескенуде,
Ажалмен алысуда,
Күрсінеді кеткендей салы суға.
«Мен қалайын, тастама ұрпағыңды!»
Қайдан жетті таныс үн, таныс тұлға.
Бұған қолын созады, жалынады,
Құлағына жетеді талып және
Сәби дауысы «әкелеп» шырылдаған,
– Бұлар қайтіп, тәңірім-ау,
қырылмаған, қырылмаған...
Шал кенет шошынады,
Олар мені жүр екен тосып әлі.
Жанарынан ыстық жас жосылады,
«Айыптымын» дейді де, тосылады.
Айыбын ол сол сәтте сезінеді,
Өмірінен өткерген безінеді.
Қылмысы үшін жасаған зар заманда,
Түсіп жатты ол өмір сот тезіне енді.

Ынтызар

-Туа қалса аман-сау оралар күн,
Іздеп табар белгіден балаларың,-
Дегеннен соң шыққан ек біз де жолға,
Бастан кешіп бірталай қиын-кепті.
Үш күн өтті.
- Аманатын тапсырам бір Алланың,-
Деді-дағы жарықтық өтіп кетті.
Аталары жан болыпты өте текті,
Аян берген болар ма Әбекеңе?
Аузына алды соңғы рет - «Хазіреті»
- Хазіреті - осы жер, бейіті - анау, -
Деп Айжан күрсінді.
Әне-міне дегенше пердесін қара түн түрді,
Тас төбеде бұларға тасырая қарап
күн тұрды.
Жер қойнына әкелерін тапсырып,
Қара таспен бетін жауып бастырып,
Дұға оқылып болған соң,
Кейуана аз-маз толғансын.
- Кімге болсын, жан Алла,
Әманда өзің қорғансың,
Айжан менен баласын
Әмсе өзің қолдарсың,-
Осылай деп
Кейуана балаларына бұрылды:
-Бабалардан қалған бұрынғы
Жол осы,- деді жайымен.
- Алланың ұзын құрығы
Мейірімдінің мерейін
Асырмақ түгел етіп кенейін.
Ал, Айжан, енді саған келейін,
Алып кетіп сендерді,
Қол ұшымды берейін.
Не салғанын Алланың
Пешенемнен көрейін...
- Апажан, мен не дейін?
Дегеніңе көнейін,
Тірі қалсақ бірге тірі қалып,
Ажал жетсе өлейін.
Осылай деп алыс жолға аттанған.
Өтті талай өзектен,
Өтті талай шатқалдан.
Өзенді өрлеп,
Орманды төрлеп,
Ашыққанда сыр бермей,
Зорыға жаздап шақ қалған.
Ақыры Алла жарылғап,
Деревняға тап болған.
- Асы бар елге жетеміз,-
Деген үміт ақталған.
Үш баласын кемпірдің,
Колхоздың малын бағуға,
Айжанды монша жағуға,
Алды колхоз қабылдап.
Қу жандары дамылдап,
Аштықтан аман қалған-ды.
Ал кейуана көз жұмған,
Қарғаумен қырсық жалғанды.
Қырсық, шіркін, торлаудай-ақ торлады,
Күйеуі анау болса деген қорғаны.
Ынтызары бір-ақ сәтте көтеріліп ыстығы,
Шырыл қақты, еш уанар болмады.
Есі шығып уатуға тырысты,
Ал баланың тарылды ма тынысы?
Сұлық қалды, өле қалса,
Не болады тіршілігі, жұмысы?
Жылауға да келмей тіпті мұршасы,
Түседі деп бір басыма мұнша сын
Кім ойлаған?
Тас түйін боп бекінді ол,
Дайын еді неге болсын сәтте сол.
Дәрігерге кеп «баня, баня» деп ым қақты,
Сонда жұмыс істеймін деп,
Қазақшалап тіл қатты.
Содан кейін баласын ол ымдады,
Дәрігер болса жалма- жан
Сұлық жатқан Ынтызарды тыңдады.
Сонан кейін бұған қарап: «Корь», - деген.
- Көрің сенің балаң өлед дегенің бе?
Тұрған сәтте қауіп төніп,
Саған сеніп,
Айтшы өзіңе келмедім бе? -
Дегенінде
Медбике татар әйел мұның сөзін
Аударды дәрігеріне.
- Рахмет маған сендім дегеніне
Тек ...
Осы сәт Айжан оған жалынды,
Сақтап қал деп жалғызымды, жанымды.
Медбике әйел сәл ойланып тұрды да:
- Укол берсек ...
Олай етсек кетеміз ғой құрдымға.
Түсіндірді Айжанға айтып мән-жайды,
«Көндім» деді тағдыр жетіп өліп кетсе,
Жарты ауыз сөз болмайды.
Дәрігер-дағы тәуекелге бел буып,
Мүсәпірдің жанын сол сәт тұрды ұғып.
Сырқатқа укол берген-ді,
Кенет бала жатқан сұлық.
Бор-бор боп терледі,
Тынысы да
Бірте-бірте жөнделді.
- Апа,- деді көзін ашып,-
Бері қарай жақынырақ кел, - деді.
Есін жиып, тамақ ішіп,
Ойнайыншы, ішім пысып
Кетті, апа, - дегенде,
Тұрды орнынан Айжан ұшып,
Бір Аллаға, дәрігерлерге,
Алғыс айтып жылады.
Міне, осылай сол мұңлықтың
Сөнбей, жанды шырағы.
Ал шалына ол кешірімменен қарады,
«Алла әмірі» оны есіне жиі алады.
Ана жүрек мейірімді ғой, мейірімді,
Мәңгіліке сөндірмеген,
Бықсып жатқан шаланы.
Ұрпағының білмей өткен,
- Бұл өмірде барлығын
Қасіретін бар мұның.
Көрге бірге алып түскен пақырды,
Құдай кешсе, мен де кештім кінәсін, -
Дейді-дағы
Дұға қылад ауық-ауық ақырын.

Қара халат

..Ұзын барақ
Ішінде толған адам.
Ыңқылдаған, күрсінген, зар жылаған
Бірін-бірі қаға-маға
Сыртқа қарай тынымсыз зымыраған.
Ішін басып, дөңбекшіп жатқан
Сыбырласып қояды Әминә мен
Күйеуі Әмен:
-Бұрышта жатқан кешегі кемпір мен шал
Қоштасқан-ау, зайыры, дүниемен,
Бара жатыр мыналар соларды алып,
Іш аурудан өлгендер қырсық шалып.
Күннен күнге барады саны артып,
Кетер, сірә, бұл пәле бізді де алып...
- Құдай ісі, -
Әмина еңіреді.
Толған орыс, дінсіздер - төңірегі.
Иман айтар жан да жоқ өле қалсақ,
Деген уайым
Жүрегіме удай боп төгіледі.
Мен байғұстың не заман... -
Дей бергенде
Бір сұлба қараңдаған,
Бара жатты есікке баяу беттеп,
Жан-жағына көз тігіп алаңдаған.
- Осы кемпір кеше де осы кезде
Шыққан еді далаға.
- Сол да сөз бе?.. -
Деп Әмина Әменді тыймақ еді.
-Өзгемізден бұл байғұс ширақ енді,
Сен жата бер аңысын аңдып мұның,
Байқайын да, азар болса,
Ұйқысыз өтер түнім.
Ізін ала кемпірдің бұ да шыққан,
Жылдам басып,
Жортақтап кемпір мыстан.
Кіре берді орманның ортасына,
От көрінді әлден соң сол бір тұстан.
Әлденені қайнатып, кемпір ішіп,
Отырғанда үстінен Әмен пысық
Шыға келіп сыбырлап амандасты.
Тұрмаса да кемпірдің көңілі түсіп,
Бұғандағы ұсынды қайнаманы.
- Қайнамадан ішіңіз жайланады, -
Дегеннен соң жіберді бұ да тартып,
Қу неменің сезімі алдамады.
- Әйеліңді алып кел, ешкімге айтпа...
Іш ауруы біртіндеп қалды артта.
Емшіменен танысты, аты - Марта,
Тіл табысып бұлармен тірлік кешті,
Бір-біріне сәл-пәл сенім арта.
Естен шығып сырқаты, ашыққаны,
Азапты жыл біртіндеп қашықтады.
Шыға келді бастықтың көшірі боп,
Жылқы жайын білед деп таныстары,
Бір бастыққа Әменді таныстырды.
Әминаның бұл күнде көкте мұрны
- Әттең, - дейді, - жетпейді бір кесек ет,
Бар әйтпесе тұрмыста біреу құрлы
Әмина мен Әменнің тағдыр қосып,
Үй болғалы барады он жыл өтіп.
Неге екені белгісіз, сәби үні,
Шыққан емес бұл үйден жан тербетіп.
Емші Марта Әминаға сырын ашып:
- Саған, - деді, - сәбидің ауылы қашық
Жатырыңа бір кесек ет бітіпті.
Тастау керек сол етті сылып, аршып...
Сонан кейін Әмен де қозғамаған бұл жайды,
Пысық еді ол, жыл санап табысы да ұлғайды.
Дүние қуған адамға
Ұрпақсыздық емес еді тым қайғы.
...Соқыр атты баракқа
Шығып қалған шахтадан
Сатып алар табылмай
Тұрғанында басқа адам
Әмен сатып алғанда.

Сүлеймен БАЯЗИТОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

saryarka-samaly.kz