Мәселенің мәнісі мынада. Жолдағы қауіпсіздіктің алдын алу үшін орнатылған құрылғының секундомері үнемі тек сары түсте көрсетіледі екен. Салдарынан жүргізушілер ұяшықтағы санмен көрсетілген секундты бағдаршамның кезекті түсімен шатастырып алады. Яғни, көлік тізгіндегендер әудем жерден сары түсті көргенде «артынан жасыл түс жанады екен» деп ойлап, тежелместен тік тартуға дайындалады. Кейбірі тіпті, қатты жылдамдықпен жүріп те кетеді.

Павлодар қаласының тұрғыны Руслан Назықбаев бағдаршамдағы секундомердің түсі ауыстырылса екен дейді. Оның сөзінше, бұл әсіресе, түнгі уақытта қауіпті. Себебі алыста келе жатқан жүргізуші секундомердегі сары түске алданады. Жүргізушілердің жол ережесін жиі бұзатыны да сондықтан.

- Кез келген бағдаршамдағы сары түс жүргізушінің жүруге дайындалуы үшін жанатыны белгілі. 1 Май–Теплов көшелерінің қиылысындағы құрылғының «тілін» табу мүмкін емес. Көлік қозғалысын реттеуге арналған бағдаршамдағы олқылық адам өмірін жалмайтыны анық. Жол ережесін қадағалайтын мамандар қайда қарап отыр? Мұндайда тәртіп бұзған жүргізушіні жазалау оңай. Ал адам өмірі қиылса қалай жауап береді? - дейді ол.

Аталмыш жолда жол ережесін бұзғандардың қатарында Дархан Оразбаев та бар. Жүргізуші секундомер жанғанда жасыл түске дайындалып жүріп кеткен.

- Жолдағы қауіпсіздікті сақтау – адам тағдырын арашалаумен тең. Өз басым жоғарыдағы бағдаршамды күніне бірнеше мәрте көрсем де, талабына бағына алмадым. Түнгі уақытта бірнеше рет жол ережесін бұзғаным бар. Бірақ тәртіпке бағынбағаннан емес, талапты дұрыс түсіне алмағандықтан өтіп кеттім. Түнде секундомердегі сары түс анық көрінеді. Егер адамды қағып кетсем не болар еді? Жолда келе жатқан кез келген жүргізуші мұндай жаңа «тәртіпті» қабылдайды деп ойламаймын. Сондықтан сұмдық жағдай орын алмасын десек, бұл бағдаршамды ауыстырған жөн, - дейді ол.

Жүргізушілер арасында дау тудырған мәселенің анық-қанығын білу үшін жол тәртібіне жауапты мамандарға хабарластық. Павлодар қалалық ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Болат Тасқарин жоғарыдағы бағдаршамның «тіліне» жергілікті әкімдік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты екенін айтты.

- Жүргізушілердің 1 Май–Теплов көшесінде орналасқан бағдаршамға наразылық тудыруы заңды. Себебі жоғарыдағы құрылғының секундомері талапқа сай емес. Оны басқа түске ауыстыру қажет. Жалпы, бағдаршамды орнатуға жауапты мекеме құрылғыны орнатумен қатар бағдаршамның стандартын белгілегенде де жол қауіпсіздігіне жауапты мамандармен ақылдасуы керек. Жолдағы ережеге жауапты құрылғыларды бірге келіспесек, мұндай жағдай қайталана беретіні анық, - дейді Болат Сағитұлы.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Оразалин жоғарыдағы бағдаршамды 2017 жылы мердігер «Anar Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі стандартқа сай орналастырғанын айтады. Секундомері сары түспен берілген құрылғы тек осы көшеде ғана орнатылған. Осы уақыт аралығында жүргізушілерден бағдаршамға қатысты шағым түспеген.

- Бағдаршамды орнатқан кезде ішкі істер департаментінің мамандарымен ақылдасамыз. Негізі, стандарт бойынша бағдаршамда қызыл түс жанғанда секундомер де сол түске боялуы тиіс. Жасыл жанғанда да сәйкесінше жасыл түсте көрсетілуі керек. Бұған дейін бұл бағдаршам бойынша ешкім шағым түсірген жоқ. Биылғы мердігер - «АвтоДорСигнал» ұйымы. Редакциядан хабарласқан соң, жоғарыдағы серіктестікпен тілдестім. Жақын арада мамандар әлгі бағдаршамды тексереді. Егер реті келсе, өзгертуге тырысады. Алдағы уақытта мәселе шешіліп, бір келісімге келеміз деп ойлаймын, - дейді Ә.Оразалин.

Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 3 мыңға жуық адам жол-көлік оқиғасының салдарынан көз жұмады екен. Жаға ұстатарлық жайт. Ажал айтып келмейді. Жоғарыдағы бағдаршам мұндай деректердің санын одан әрі арттыра түспес үшін бұл мәселені дереу қолға алған жөн. Редакция аталмыш жағдайды бақылауда ұстайтын болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz