Бұл туралы облыс мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірманов былай дейді:

- Мәдениетімізді, өнерді халыққа басқаша қырынан таныту, заманауи талапқа сай ұйымдастыру ісі, әрине, көпшіліктің рухани салаға деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Сондықтан биылғы жылы осы салада бірқатар жаңа іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, «Ертіс Promenade» жобасы бойынша биыл Павлодар қаласының төменгі жағажайында жаңа амфитеатр (сахна) бой көтеріп, лэд-экран орнатылады. Онда концерттер, фестивальдер, көрмелер ұйымдастырылады. Осы сахнада бірқатар танымал ресейлік әртістер өнер көрсететін болады. Келешекте бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалатын аймағына айналары сөзсіз.

- Осындай ойын-сауық Екібастұз, Ақсу қалалары мен аудандарда қарастырылған ба?

- Әзірше қарастырылған жоқ. Бірақ Ақсу мен Екібастұз қалаларының мәдениет күндері «Ертіс Promenade» жобасы аясында Павлодар қаласының төменгі жағажайында өтетін болады.

- Ертең Гагарин саябағында этноауылдың тұсауы кесілмек. Бұл, әрине, өнер мен мәдениеттің дамуына үлкен қамқорлық деп білеміз. Бұл ауыл қандай тамашалар ұсынбақ?

- Ағымдағы жылдың 1 маусым-30 қыркүйегі аралығында әрбір жұма, сенбі және жексенбі күндері кешкі сағат 20.00-ге дейін Гагарин саябағында қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен сыр шертетін «Этноауыл» ұлттық мәдени кешені жұмыс істейтін болады. Жобаның басты ерекшелігі, киіз үйлер, ұлттық ойындар, ұлттық қолөнерді дәріптеген шеберлер көшпенділер өркениетін паш етпек. Яғни, этноауыл ұлттың жәдігерлерін бір жерге топтастырған ашық аспан астындағы кешенге айналады. Мәдени кешенге кететін шығындар келісім бойынша әр аудан мен қалалардағы жеке кәсіпкерлердің тараптарынан өтеледі деп жоспарланған. Әр аудан мен қала өкілдері кестеге сәйкес апта сайын кезектесіп келіп, өнер көрсететін болады.

- Этноауыл құрудағы мақсат не?

- Жобаның мақсаты - шет жерден келген қонақтарды, қала тұрғындарын, әсіресе жас буынды ұлттық құндылықтардың бұлағынан сусындату. Қазақтың болмысына бойлатып, шежіресін шарлату. Ұлттық қолөнер, салт-дәстүр мен өнер арқылы ұлтжандылықты дамыту. Жаз бойы есігін айқара ашатын этноауылда ежелден жеткен көшпелі бабаларымыздың рухы кезіп жүргендей әсер қалдыруды көздеп отырмыз.

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz