Естеріңізде болса, 31 наурыз күні сырт алаңда «Ертіс» оралдық командаға 1:0 есебімен жол беріп қойған еді.

Жергілікті жанкүйерлердің алдында қалай да қарымта қайтарамыз деген ертістіктер ойын басынан басымдықты өз қолдарына алуға тырысты. Алма-кезек шабуылдардың бірінде «Ақжайықтың» жартылай қорғаушысы Иван Антипов ертістік қақпашысы Никита Калмыковпен бетпе-бет келгенімен доп қақпашының қолынан табылды. Ойынның 22 минутында «Ертістің» жартылай қорғаушысы Дору Пападюктің әуелете асырған добына өзгелерден бұрын жеткен Милош Стаменкович қарсыластар қақпасына допты басымен бағыттап, есеп ашты. Бұдан соң да қос тарап гол соғатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Ойынның 37-минутында «Ақжайықтың» шабуылшысы Мане Малик Павел Шабалинге қарсы ойын тәртібін бұзды. Төрешінің нұсқауымен 38-минутта «Ертістің» шабуылшысы Фуад Салами 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есепті еселеді.

Ойынның бірінші бөлімінде толықтай басымдықты қолға алған жерлестеріміз кездесудің қалған уақытында сәтті қорғана білді.

- Біз, ойын алдында қарсылас команданың бірнеше ойынын сараптап көрдік. «Ақжайық» - жылдам шабуылға шығуымен ерекшеленетін команда. Сондықтан да біз шабуыл мен қорғанысты қатар ойлап, допқа көбірек иелік ету тактикасын таңдап алдық. Біздің жеңісімізге «Ақжайықтың» құрамында негізгі форвардтары болмағандығы да өз септігін тигізді, - деді «Ертіс» футбол командасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Дмитрий Кузнецов.

Осылайша «Ертіс» футбол командасы турнир кестесінде «Ақжайықтан» бір саты жоғары көтеріліп, 5-орынға тұрақтады.

А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz