Дарынды балалардың туындыларына арналған көрме ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл жолы шараға Павлодар қаласының №1 және №2 балалар көркем-сурет мектеп оқушыларының көркемсурет, сәндік-қолданбалы өнер, кесте, тоқыма, әшекейлеу, құрақ техникасы, киіз, түсті балшықтан, моншақтардан және аралас техникадан жасалған 100-ден астам жұмыстары қойылған.

- Біздің қаламызда қолөнерге, суретке бейім дарынды балалар қатарының көбейгені қуантады. Бұлардың әр туындысында бүгінгі күннің шынайы болмысы, бақытты балалық шақтарының көрінісі суреттеледі. Балалардың арасында киізден бұйым жасаушылар көп екен, - дейді Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі этнографиялық бөлімінің басшысы Шолпан Қабыкешова.

Былтыр аталмыш мерекеге орай «Балалық шағымның ойыншықтары», «Ауыл үлкен бол-ғанда» деген 2 көрме музей қорынан ұйымдас-тырылған болатын. Онда 60-80-інші жылдар-дағы алуан түрлі ойыншықтар қойылды. Ал бүгінгідей көрмелер тек мереке кезінде ғана емес, алдағы уақытта да жиі өткізілмек.

Жас таланттардың қолөнер туындыларын тамашалауға келген балалар мен ата-ана әр туындыға назар аударып, қызығушылық танытты. Көрме 1 шілдеге дейін жұмыс істейді.

Қ.МҮСӘЙІП.


Дария ОМАРОВА, Павлодар қаласындағы №22 орта мектептің 3-сынып оқушысы:

- Көрмеге қойылған әр туынды бізге ерекше әсер сыйлады. Маған «Жайлау» атты туынды ұнады. Сонымен қатар көздің жауын алатын моншақтан жасалған алуан түрлі әшекейлер бар екен. Олардың қалай жасалатынын білгім келеді.

saryarka-samaly.kz