- Жылына балаларға арналған бірнеше ертегіні сахналайтын өнерпаздар үшін кішкентай достарының көңілінен шығу тым қиын. Оларға барынша шынайы әрі ұғынықты түрде жеткізуіміз керек, - дейді қойылымның режиссері Әділет Ақанов.

- Бұл тақырыпты таңдап алудағы мақса-тым – ең әуелі от пен судың қаншалықты қауіпті екенін біле бермейтін кішкентайларға осы спектакль арқылы ой салу. Себебі ойын балалары көп жағдайда өрттің шығуына себеп болып жатады. Тіпті, олар төтенше жағдай орын алғанда қандай нөмірге хабарласуды, жалынды немен өшіру керектігін білмейді. Міне, біз осыны ертегі арқылы үйретеміз. Яғни, қойылым барысында балаларға сұрақтар қоя отырып, оларға өрттің қаупін түсіндіреміз, - дейді режиссер.

Қойылымның басында бүлдіршіндер театр фойесінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті арнайы дайындаған көрмені тамашалады. Мұнда өрт сөндіру техникалары, құрал-жабдықтары мен киімдері қойылған. Мамандар әр баланы көрмеге қойылған заттармен таныстырып, оларға өрттен сақтанудың ережелері жазылған парақшаларды үлестірді.

- Жаз мезгілі - өрт қаупінің белең алатын шағы. Осыған орай біз облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрымен және А.П.Чехов драма театрымен бірлесіп, алғаш рет балаларға арналған ертегілерді қоюды қолға алдық. Мұндағы басты мақсат - балаларды аталған қауіптен сақ болуға, сіріңке тәрізді от тұтандыратын заттардан аулақ жүруге, ата-аналарды балаларын жалғыз қалдырмауға шақыру. Бұл мақсатта балаларға театрдағы осы тақырыпта қойылатын спектакльдердің берері мол. Себебі осы жылдың 5 айындағы көрсеткішке тоқталар болсақ, балалардың қатысуымен өртке қатысты 3 оқиға тіркелген болатын. Жалпы, облыс бойынша тілсіз жаудан 14 адам қаза тапса, оның біреуі - бала, - деді өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу басқармасы бастығының орынбасары Қайыргелді Әлімхан.

Айта кетелік, «Отпен ойнама!» қойылымындағы кейіпкерлерді Еркежан Төлеубек, Қобыланды Болат, Нұрсерік Кеңесбаев, Айгерім Сүлейменова және театрдың өзге де жас әртістері сомдады. Ертегі 4-11 маусым күндері аралығында сағат 10.30-да және 11.30-да қойылатын болады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz