Бұл отбасы былтырғы жылдың қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекенінен Успен ауданының Константиновка ауылына қоныс тепкен. Келе салысымен М.Ниязтаев өзінің сүйікті кәсібі - мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Ол жергілікті кәсіпкердің үй-жайын, мал қорасын 34 бас сиырымен бірге сатып алады. Бүгінде шаруаның қорасында 116 бас ірі қара малы, 40-қа тарта жылқысы бар. Қазіргі таңда мал бордақылап, сауын сиырларының сүтін кәдеге жаратып отыр. Күн сайын 300 литр сиыр сүтін саудалайды.

- Теріскейге де жайлап үйренісіп келеміз. Салқын ауа райымен ерекшеленетін Павлодар өңірі мал ұстауға, бордақылауға ыңғайлы екен. Жайылымы да кең. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару мен үшін дұрыс шешім болды. Халық тығыз орналасқан аймақтардағы тұрғындарды солтүстікке келуге шақырамын - дейді М.Ниязтаев. Бүгінде шаруа оңтүстіктен Павлодар облысына қоныс аударуға ниетті жақындары мен таныстарының көшіп келуіне қолғабыс жасауда. Екі отбасын жуық арада Константиновка ауылына көшіріп әкеліп, оларды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, мал басын көбейтіп, асыл тұқымды ірі қара мен жылқы санын арттырғысы келеді. Ол үшін Ресейден асыл тұқымды жылқылар әкелуді көздейді. Шаруа қожалығын заңдастырып, мемлекеттен берілетін субсидияларға қатысқысы келеді. Шаруашылыққа қажетті жаңа техникалар алып, жер телімін заңдастыру ойында бар. Қазақтың қай жерін де өзінің туған жерінен кем көрмейтін шаруаның өз күшімен осындай жетістікке жетуі өзгелер үшін үлгі болмақ.

Успен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Салтанат Арынованың айтуынша, 2018 жылы еліміздің өзге өңірлерінен Успен ауданына 10 отбасы (40 адам) көшіп келеді деп жоспарланған. Қазіргі уақытта 6 шаңырақ қоныстанды. Олардың барлығы аймақтық квотаға енгізілген. Қоныстанушылар мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үймен және отбасындағы әрбір адам 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай көтермеақы алуға құқылы.

Бұдан бөлек биылғы жылы өзге мемлекетте тұратын қандастарымыздың арасынан Успен ауданына 30 отбасы (120 адам) көшіп келеді деп күтілуде. Олардың 20-сы аймақтық квотаға енген. 18 жанұя жол шығындарының субсидиясын алса, 3 отбасына тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарды өтеуге және коммуналдық қызметтерге алдын ала келісімшарт бойынша 1 жылдық ақысы тө-ленген. Аймақтық квотаға енген 5 адам Павлодар қаласындағы «Format Маш Компани» зауытына, 3 адам жергілікті әкімшілік орындарда жұмысқа орналас-қан. Сонымен қатар бүгінгі таңда Моңғолия-дан келген 1 отбасы, Қытай Халық Респу-бликасынан көшіп келген 2 отбасы көші-қон бөлімінде құжаттарын рәсімдеуде.

А. ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz