- Аманжол аға, біздің өңірге қош келдіңіз! Сізге «Арқаның сал-серісі» деген атақты Арқа жұртшылығы студент кезіңізде берген екен. Содан бері қазақ халқы сізге кешегі өткен дала дарындарының, сал-серілердің жалғасы ретінде қарайды. Сіз сал-серілік ұғымды қалай пайымдайсыз?

- Арқа өңірінде ежелден бері үзілмей келе жатқан сал-серілер мектебі бар. Ол он тоғызыншы ғасырда қазақтың кең-байтақ даласын жақұт жырларымен сусындатып, әсем әндерімен тербеген Ақан, Біржан, жаяу Мұсалардан және одан кейінгі үкілі Ыбырай, Естай сынды дала дарындарынан жалғасып келеді. Бұл дәстүр біздің халықтың генафонына сіңіп қалған, енді ешқашан жоғалмайды. Мүмкін бір уақыты келгенде сәл-сәл көмескіленіп, әлсіреуі мүмкін. Бірақ, кейін қайта жаңғырып, жаңарып отырады. Мұның қазақ руханиятында алар орны ерекше. Жалпы, бойында бір ғана өнері бар адамға «сал сері» деген атақ бере алмаймыз. Оның бойында ақындығы, әншілігі, шеберлігі, аңшылығы, шешендігі және қажет жерде белдесе кетер палуандығы да болу керек. Бұл туралы Әлкей Марғұлан: «Сал мен серінің өзгешелігі - олар әрі ақын, әрі әнші, әрі күйші, әрі сауыққой, елге қуаныш беретін, олардың жүрегіне жарық сәуле түсіретін оқымысты адамдай саналады. Сондықтан халық сал мен серіні ардақтап, қуанышпен қарсы алып, олардың істерін халық ортасында аңыз қылып айтып жүреді» дейді. Жоғарыда өзің атап өткен «Арқаның сал-серісі» деген атақты мен 1990 жылдары дәл осындай атаумен өткен үлкен республикалық өнер байқауынан жеңіп алған болатынмын. Ол менің айтысқа алғаш шығып жүрген кезім болатын. Міне, содан бері халқым берген осы бір құрметті атаққа көлеңке түсірмей, барынша жоғары ұстауға тырысып келемін. Бүгінгі күні сонау өткен бабалардың жолымен айтыс ақындарының Арқа мектебінің қалыптасуына өз үлесімді қосудамын. Қазір сол Қарағанды өңірінен шыққан ақындардың барлығы дерлік менің мектебімнен өткендер. Көбі менің мақамыммен айтысады.

- Сол тоқсаныншы жылдары Павлодар өңірінде республикалық айтыстар жиі ұйымдастырылып тұрыпты. Сіз де келген боларсыз?

- Мен айтыстың үлкен сахнасына алғаш осы қара Ертістің бойында, Павлодар төрінде шыққан едім. Ұмытпасам, 1990 жылдың жазы болатын. Иса Байзақовтың 90 жылдық мерейтойына арналған аламанға қазақ айтысының саңлақтары, сол кезде аттарынан ат үркетін Қонысбай Әбілов, Баянғали Әлімжанов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбековалар қатысты. Сол айтыста мен бас жүлдеге ие болып, ақ боз ат мініп қайтқанмын. Бұл менің ең алғашқы жүлдем болатын. Содан 10 жылдан кейін Исаның 100 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысының бірінші бәйгесі тағы маған бұйырды. Міне, сондықтан Ертіс-Баян өңірінің орны мен үшін ерекше, осы жұртқа келген сайын жастық шағымдағы сол бір жарқын сәттер еске түседі. Жалпы, сол кезеңдердегі Павлодар жұртшылығының айтысқа деген құрметі, ұлттық өнерге деген жанашырлығы жан сүйсінтерлік еді. Әр айтыс сайын залда ине шаншар орын болмайтын. Ал, сондай үлкен айтыстар ұйымдастырып, Кереку халқының ұлттық өнермен сусындауына Жүрсін Бәтенов ағамыз мол үлес қосты. Ол кісі сондай-ақ, Алматы сынды еліміздің басқа өңірлерінде өткен айтыстарға да өз шәкірттерін жиі әкеліп жүрді.

- Сізді халқымыз сол кезде «Хабар» телеарнасы арқылы таныды десек болады. Әрбір айтысыңызды сүйсіне тыңдайтын едік. Ал қазір «жоғалтып» алдық. Сол кездегі басты қарсыластарыңыз Мэлс, Оразалы (марқұм), Әбілқайыр, Айнұр, Ақмаралдармен бір сахнада өнер көрсетпегелі қаншама жыл өтті. Қазір сол бір кезді жиі еске алатын шығарсыздар?

- Мен айтыстан айтарым таусылғандықтан кеткен жоқпын. Оның да өз себебі бар. Қазір қарап отырсақ, жоғарыда өзің айтқан ақындардың барлығы айтысып жүрген жоқ. Тіпті, айтысқа бізден кейін келген Бекарыс Шойбеков, Дәулеткерей Кәпұлы, Айнұр Тұрсынбаева сынды ақындар да көп сахнаға шықпайды. Сондықтан өзіңнің қатарластарың болмаған сахнада жетімсірейді екенсің. Ал кеше ғана шыққан бала-шағалардың ортасына бой үйретудің өзі қиынға түседі. Әйтпесе, кешегі Жамбыл, Кенен, Шашубай аталарымыз тоқсанға дейін айтысып, қанша қартайып тұрса да, халықты аузына қарата білді емес пе? Сол секілді, біздің де әлі айтарымыз бар, ондай әлеует бізде де бар. Қазіргі күні сол ақындармен кездескен жерде шұрқыраса амандасып, сонау өткен шағымызды сағынышпен еске аламыз. Ал айтыстағы бұрынғы үзеңгілестерім сахнаға қайта шығып жатса, әрине, айтысуға дайынмын. Кейінгі жылдары айтыс сахнасынан алыстап кетуімнің тағы бір себебі – ғылым саласына бет бұрдым. Қазіргі күні Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында сабақ беремін. Соңғы жылдары бірнеше оқулық және бірнеше монографиялық еңбек жазып, жарыққа шығардым. Мұның бәрі үлкен еңбекті, көп уақытты талап ететіні анық.

- Есіңізде қалған қандай ерекше оқиғалар бар?

- Әрине, естен кетпес қызықты оқиғалар көп болды ғой. Әсіресе, Павлодарда өткен бір айтыста тұңғыш рет сахнаға үш ақын болып шығып айтысқанымыз есімде. Ең алдымен Серік Құсанбаев екеуіміз жұптасып, одан кейін қасымызға Сабыржан Ахметовті шақырған едік. Бұл өзіміз үшін де, көрермендер үшін өте қызықты әрі күтпеген жағдай болды.

- Қазір телеарналарда айтыс бағдарламалары көбейіп кетті. Былтыр «Қазақстан» ұлттық арнасы шоу айтыс ұйымдастырып, сахнаға әнші, бишілерді шығарса, қазір «Жүрсіннің жүйріктері» деген жаңа жоба көрермен назарына ұсынылды. Сіз осы бағдарламаларды қаншалықты жиі көресіз? Мұнда шығатын айтыскерлер сіздің тұсыңыздағы ақын-дардың айтқанын айта алып жүр ме?

- Жалпы, шоу айтыстың не мақсатпен қолға алынған жоба екенін білмей қалдым. Бұған өз басым үзілді-кесілді қарсы болдым. Себебі мұндай жеңіл-желпі дүниелер айтыстың туын құлатпаса, көтермейді. Мұны алғаш шыға қалған кезде Жүрсін Ерманның өзіне де айтқан болатынмын. Өйткені бойында ақындық өнері жоқ адамның қолына домбыра алып, халық алдына шығуына моральдік құқығы жоқ. Біреудің жазып бергенін шала-шарпы жаттап алып, сахнада айтуы – ұлттық өнерді қорлау, айтыстың ұлттық сипатын жоғалту. Ал одан кейінгі шыққан бағдарламаларды да жиі болмаса да, арасында қарап отырамын. Кемшілігі жоқ емес, дегенмен «көш жүре түзеледі». Алдағы уақытта халықтың көкейінде жүрген мәселелерді сөз етіп, көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамын. Жалпы, біздің тұсымызда айтыскерлердің ықпалы өте жоғары болатын. Ақындардың сахнада айтқан мәселелері мен ой-пікірлері қоғамда үлкен резонанс тудырып, қоғамдық пікір қалыптастыруына сеп болушы еді. Көтерілген мәселелер де жиі шешімін табатын. Бір жылы Қарағанды облысында өткен айтыста Бекарыс екеуіміз вокзалдағы мына бір келеңсіздікті көтеріп, жырға қостық. Сапаржай төбесіндегі «Қарағанды» деген сөзді орысшалап, «Караганда» деп жазып қойыпты. Сахнада бұл қазақтың тілін қорлау екенін көтердік. Айтыс біткеннен кейін бір ай уақыт өтпей облыс әкімі хабарласып, «өткенде өздерің айтыста көтерген мәселені түзеттік» деді. Міне, осындай жағдайлар жиі болатын.

- Сіз айтыскерлердің мақамына қатысты жиі сын айтасыз. Яғни, қазіргі ақындардың мақамында жұтаңдық бар. Қарап отырсақ , өздеріңізден кейін шыққан әріптестеріңіздің қай-қайсысын айтсақ та өздеріне тән мақам жоқ...

- Бұл - өте өзекті мәселе. Себебі бүгінгі айтыс ақындарының көбі санаулы ғана мақаммен айтысады. Мысалы, батыстың ақындары Мэлс Қосымбаевша айтысса, жетісулықтар марқұм Оразалы Досбосыновтың немесе Мұхаметжан Тазабековтің мақамына салады. Арқа төрі ақындарының көбі менің мектебім бойынша жырлайды. Ал қыздар Айнұр Тұрсынбаеваға еліктейді. Яғни, өздері қалыптастырған, өздері жаңаша енгізген бір әуен немесе бір стиль жоқ деуге болды. Ал кешегі халық ақындарын алып қарайық. Халық арасына кең тараған Жамбылдың, Кененнің, Шашубайдың, Доскейдің, Нартайдың өздерінің төл мақамдары болған. Бұлардың айтысу сипаты бір-біріне мүлдем ұқсамайтын еді. Мұндай ақындарды халық бет жүзін көрмесе де, дауысын естіп-ақ танып алатын болған. Қазір айтысты радиодан тыңдайтын болсақ, кімнің кіммен айтысып отырғанын ажырата алмаймыз.

- Қазақ қоғамында сізді не алаңдатады?

- Елімізде «әттеген-ай» дегізетін мәселе көп қой. Мені жиі толғандыратын дүниелердің бірі – бүгінгі зиялы қауымның ұсақталып бара жатқаны. Олардың қоғамдағы рөлі төмендеп кетті. Қарапайым халық кімге қарап бой түзерін білмей қалған секілді. Осыдан бұрынғы Алаш қайраткерлерінің тұсындағы зиялы қауымның ықпалы халыққа да, билікке де жоғары болатын. Ал одан кейін кеңес үкіметінің кезінде яғни Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндердің тұсындағы қазақ зиялыларының атынан ат үркетін еді. Олар мемлекеттік деңгейдегі мәселелерге атсалысып, соларды шешісіп жүрді. Яғни, олардың «ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс» болатын. Жалпы, зиялылық дегеннің өзі үлкен бір синкретті қасиет қой. Ол – қарапайым халық түгілі билік басындағы адамдардың өзіне ақыл-кеңес беретін адам. Ол – халық арасындағы кейбір келеңсіздікті сынға алып, соны бір сөзбен тоқтата білетін адам. Айта берсек көп әрине. Сондықтан бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің кейбірі қоғамға кері әсер беретін жағымсыз мінездерінен арылу керек деп ойлаймын.

- Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz