Байқаудың бірінші бөлімі бойынша қатысушылар өздерінің әулеттерін сахнада таныстырса, екінші кезеңде арнайы дайындалған отбасылық альбомдары арқылы жетістіктері мен шығармашылық жұмыстарын көрсетіп, қолөнер туындыларын көрмеге қойды. Ал үшінші бөлімде қатысушылардың өнері сынға түсті. Шараның шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қазақ халқы үшін отбасылық құндылықтың қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, үміткерлерге сәттілік тіледі.

- «Бала - адамның бауыр еті» дейді қазақ. Біздің халқымыз үшін отбасының маңызы өте жоғары. Әсіресе, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлеміз. Сондықтан өздеріңіздей үлгілі отбасыларды өзгеге көрсету мақсатында осындай байқау ұйымдастырудамыз. Қаты-сушыларға сәттілік тілеп, алғыс білдіремін. Бүгінгі сайысқа келген үміткерлердің барлығы жеңімпаз деген сөз. Яғни, барлығы еліміз үшін үлгі етер мерейлі отбасылар, - деді ол.

Баянауыл ауданынан келген Әдепбаевтар отбасы ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысады. Отағасы Амангелді Әдепбаев осы саладаға жетістігі үшін кезінде «Алтын Құрмет» кітабына енген екен. Байқауға ұлттық тағамның 15 түрін алып келіпті.

- Біздің жеке шаруа қожалығы-мыз бар. Ағайындарымыздың барлығы сонда жұмыс істейді. Атамыз дүниеден ерте өтіп, 11 баланы анамыз өзі тәрбиелеп өсірген. Ол кісі балаларын еңбекқор болуға және ұлтымыздың салт-дәстүрін берік ұстауға баулыды. Осының арқасында көп жетістікке жеттік. Бүгінгі сайысқа құрт, май, ірімшік, қымыз, қазы, қарта, шұжық сынды ұлттық тағамның 15 түрін өз қолымызбен әзірлеп әкелдік. Біз, сондай-ақ, өнерден де кенде емеспіз, - дейді әулеттің келіні Айнагүл Әдепбаева.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Май ауданынан келген Қазанғаповтар отбасы жеңіп алды. Байқауға отбасының 40-тан астам мүшесі келіпті. Бұл әулеттің бір ерекшелігі – отбасы мүшелері қоғам-ның көптеген саласында қызмет істейді. Яғни, ұстаздар, есепшілер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және мал шаруашылығы мамандары шыққан. Бірінші орынды шарбақтылық Левченколар иеленді. Ал екінші және үшінші орындар Баянауылдан келген Әдепбаевтар мен павлодарлық Ғабдулғазиздарға берілді. Бас жүлде иеленген отбасына арнайы диплом мен 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Енді олар Астанада өтетін «Мерейлі отбасы» байқуының республи-калық кезеңінде облыс намысын қорғайды.

Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz