Салтанатты шараға облыс басшысы Б.Бақауов, зиялы қауым өкілдері, тұрғындар мен қала қонақтары қатысты. Жаз жайлаудағы байырғы қазақ елінің көріністерін көз алдыңызға әкелетін бірегей жобаның өзіндік ерекшеліктері бар. Ақ шаңқан киіз үйдің белдеуіндегі ақбоз ат, босағадағы құмай тазы, тұғырына қонақтаған қыран құс та осы жерден орын тепкен. Он саусағынан өнер тамған әр ауылдың шеберлері мен өнерпаз қыз-жігіттері этноауылдың ажарына көрік қосты. Мәселен, Лебяжі ауданының шеберлері Елорданың құрметіне арнап «Астанаға - 20 жыл» атты киіз басқан.

- Этноауылға барлығы 26 киіз үй құрылды. Шараға облыстағы барлық аудандар мен қалалар жұмылдырылған. Кешен қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаз бойы жұмыс істейтін болады. Осы жерден жергілікті қолөнер шеберлері мен кәсіпкерлердің ұлттық тағамдарын, қолөнер бұйымдарын сатып алуға да болады, - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков.

Халыққа қуырдақ, қымыз, айран секілді ұлттық тағамдар мен сусындарды ұсынатын жергілікті кәсіпкердің бірі - Қазыбек Кәкенов. Ол Павлодар қалалық әкімдігімен бірлесе отырып, этноауылға келушілерге арнайы қызмет көрсетуді жоспарлауда. Қ.Кәкенов басқаратын «Ақорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының рұқсатымен халал сертификатын алған.

Қаланың шырайын арттырған этноауыл күн сайын жұмыс істейді. Демалыс күндері сағат 15.00-18.00 аралығында әртүрлі мәдени бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізеді. Бой сергітіп, ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, спорттық шараларға қатысам деушілерге қала ортасындағы ауылдың есігі 30 қыркүйекке дейін ашық.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz