Ел аузындағы аңыздарда қос батыр жақсы жолдас болған. Екеуі де Ертіс өңірінде жоңғарлармен шайқаста қаза тапқан.

Жазы батыр – қыпшақтан шыққан Абылайдың әйгілі батырларының бірі. Ол туралы деректер заманында көп болғанымен, қағаз бетіне түсіп сақталғаны аз. Зерттеуші Мағзұм Ахметұлы арабша жазылған шежіре дәптерінде былай деп жазады (ықшамдап беріп отырмыз. С.М.): «Қыпшақ Жазы батыр мен Бәсентиін Малайсары батыр Абылайдың соғысында садақ атып, жақ тартып, батырлық көрсетіп жаннан кешіп жүрген. Абылайда бұл екеуінен күшті батырлар болмаған. Жазы мен Малайсары келе жатқанда жаудың беті қайтып, үріккен қойдай болыпты. Қазақ жасағы қалмақпен соғысқанда қалмақты қойдай қырып, қалмақтың қызы менен қатынын жетім қылатын батырлары Жазы менен Малайсары екен. Жазы батыр жақ тартқанда, оның оғы нендей тас темірден өте шығады екен. Бір күні Абылай батырларының күшін сынау үшін жеті балтаны қатар қойып, осыдан атыңдар дегенде, Абылайдың басқа батырларының оғы бір-екі-ақ балтадан өте шығыпты. Абылай Жазының күшін сынау үшін, ішіне шеге мен жүн араластырып тігіп, қына артқан жеті түйені қатар қойып, сонан жақ тартқанда Жазының оғы одан да өте шыққан. Жазының жасөспірім кезінде қалмақ ханы Сыбанның Шарш (Чаршы) деген батыры болған. Шарш - заманының хас батыры, зордың зоры екен. Ол келе жатқанда қазақтар үрке қашатын болған. Шаршқа қазақтан жекпе-жекке келетін батыр болмаған. Қазақтың қолын қиратып, қайратын сөндіріп, қанын судай шашып тұрған мезгілде, қазақтан Жазы, Малайсары батырлар шыққан. Жазы 19 жасында ат үстінде батырлық қылған. Бір соғыста қалмақтың Шарш батырына қарсы қазақтан Жазы батыр шығады. Бұрыннан «менің бетіме кім шығады» деп, биманас ағып жүрген Шарш «мен, мен» деген тәубәсіз біреу екен, бір салып жығамын» деп ойлап, найзасын бір салып өте береді. Жазы аттан жығылмай, сау қалады. Кезек Жазыға келді. Шарш Жазының аман қалғанына «нағып қалды» дегенде, бетін бұрып алып: «Сен қай баласың, менің ұрғаныма шыдап қалған?» деді. «Менің кім екенім не керек, менің бала екенімді қаруласқанда айтарсың, менің атым Жазы, арманда қалмай естіп кет» деп, қос қолдап тұрып көк желкеден бір салып өткенде Шарш аттан өкіре құлап, аты ойнап шыға берді дейді. Қалмақтар оны көріп, көбі жан-жаққа быт-шыт болып қашты. Қазақ батырлары қашқан қалмақты соңынан қуып, қойдай қырып, шауып, шаншып, қиратып, қанша аттың саймандарын олжа қылып, қарық болыпты. Сонда Абылайдың жолы болып, мерекеге батып, жорықтан қуанып қайтыпты. Екінші бір соғысында қазақ әскері тағы жеңіп, Абылайдың қолдары олжа алған соң, соғыстың ақырына қарамай, елге қайтып кетіпті дейді.

Жазы батыр әлдеқалай қалмақтардың қолына түсіп қалады. Қалмақ ханы Ежен күнде тұтқындардың жанына барып тұрады екен. Бір күні Ежен: «Әу, Абылайдың батырлары, қалмақ Шарш батырды қайсың өлтірдің?» - деп сұрайды. Жазы батыр: «Шарш батырыңды омақата құлатып, мойнын үзіп, жанын дозаққа жіберуші мен!» - деп, ұшып тұра келді. Ежен Жазының батырлығына сүйсініп мойнын иіп, басын бұлғап «мон-мон» депті. Қалмақтың «мон-мон» дегені қалмақ тілінде «жөн-жөн» дегені екен. Жазы батыр Сілеті бойында, Бестөбе маңында болған сұрапыл соғыс кезінде зеңбірек оғынан мерт болған.

Батырдың мәйіті туған жеріне жеткізіліп, Қызылағаш ауылы маңындағы кейін Жазы төбесі деп аталған биік төбеде жерленді. Жоңғарлармен соғыс кезінде даланы бақылау үшін қарауылдар осы төбеде орналасқан деседі. Төбе биігінен айналадағы 15-20 шақырым қашықтық өте жақсы көрінеді. 1995 жылы Жазы төбеде Ертіс ауданының Құрметті азаматтары Амангелді Мусин мен Бек Мұхамеджановтың ұйытқы болуымен батырға ескерткіш орнатылды.


Түгел батыр

Түгел батыр серігі Жазы батырдан көп өмір сүрген жоқ. Ол қалмақ алтынына қызыққан сатқындардың қолынан қаза тапты. Өлтіргендердің есімдері халық жадында сақталмаған. Олардың арасында әйел болған деседі.

Түгел батырдың зираты бұрынғы Көкшетау облысының аумағындағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында ) Құмдыкөл көлінен алыс емес Жуантөбенің биіктігінде орналасқан. Жоңғар басқыншылары қазақ халқын 1723 жылы ақтабан шұбырындыға ұшыратқаннан кейін, қазақтың шұрайлы жерлерінің бірі - осы өңірге қоныс теуіп, бекініп алған. Қалмақтардың біразы бұл жерге 1757 жылы қытайлықтардан қырғынға ұшырағаннан кейін бас сауғалап қашып келіп, орналасқан деген де болжам бар. Осы жерді паналап, одан соң жергілікті халықпен соғыста жеңіліп, қашып құтылғаны анық болса керек. Екінші бір аңыз бойынша Ертіс өзені бойында орныққан қазақтарды орыс отаршылдары ығыстырып шығарады. Қырға қарай жол жоқ, Жалаулы, Сілеті бойында қалмақтар. Екі оттың ортасында қалған қазақтар амалсыз Сілеті бойындағы қалмақтармен соғысуы қажет. Осы мақсатта сол кездегі әйгілі батырлар Түгел, Жазы, Қошқарбай бас қосып ақылдасады да, әрқайсысы ел арасында қол жинауға аттанып кетеді.

Ертіс өңіріндегі Қошқарбай, Мойнақ, Жазы, Лепес, Өтел, Байсары және Қожаберген батырлармен бірге жоңғарларға қарсы күресте Түгел батырдың атағы шыққан. Түгел, Жазы және Қошқарбай батырлармен Жалаулы көлі рулық-әскери жасақ жиналатын орын деп жарияланды, мұнда олар өздерінің күрес жалауларын көтерді, сол себептен көлдің атауы «Жалаулы». Тізе қосқан үш қыпшақ батырының әскері жоңғарлармен шайқасты бастап, оларды Бестөбе маңынан Сілеті өзеннің бойымен қуды. Түгел батыр жоңғар батырымен жекпе-жек шайқасқа шығып жеңіске жетті. Жау қолынан босаған Сілеті өңіріне қыпшақтар қайтадан қоныстанды. Ал тұзды көл жағасындағы тігілген баяғы жалау, соғыс біткеннен соң ұзақ жылдар бойы жеңістің белгісіндей желбіреп тұрыпты.

Шайқаста ойсырай жеңіліп, қырғынға ұшыраған жаудың тірі қалғандары қазақтар-ды енді күшпен жеңе алмасын түсініп, жымысқы айлаға көшеді. Бұл өңірдегі қазақтардың бас батыры - Түгел. Бас батырын мерт қылса, қазақтар жеңілмесе де сағы сынады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін опасыз сатқынды қазақтардың өз ішінен табу керек. Өйтпегенде күні-түні нөкерлерімен және қару-жарақ асынып жүретін айбынды батырдың маңайына жау жақындай алмасы белгілі. Мұндай айламен олар қазақтан жеңіл мінезді же-сір әйелді тауыпты. Түгел батыр Жуантөбе деп аталатын дөңестің етегіндегі шағын ауылға жиі соғады екен. Бұл төбеге шығып қарағанда, жиырма-жиырма бес шақырым-дық төңіректі шолуға болады екен. Батыр сол ауылдағы бір үйге келіп ауқаттанған ба әлде қонған ба, белгісіз. Сол кезде сатқын әйел ұрланып келіп, батырдың ерттеулі тұрған тұлпарының үзеңгісіне у жаққан дейді. Бұны аңғармаған батыр жолдастарымен атқа қонып, аттанып кетеді. Бірақ көпке ұзамай әлсірей бастағанын, уланғанын сезеді де ауылға қайта оралады. Батыр сол удың зардабынан көз жұмған деседі.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz