Журналистер экспедициясын қос облыстың ішкі саясат басқармалары ұйымдастырды. Мақсаты - Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру және еліміздегі сакралды орындарды халыққа насихаттау. Делегациясының құрамында 12 адам болдық. Оларды өңірлік коммуникациялар қызметі орталығының басшысы Еркін Мержақыпов бастап алып жүрді. Қатарымызда облыстық «ERTIS» телеарнасының түсірілім тобы, журналисі - Құралай Рахымжанова, облыстық «Павлодарньюс» ақпарат агенттігінің редакторы Ақбота Сейсенбаева, блогерлер Яков Федоров, Күмісай Асайынова, Рахат Қаппасов, облыс әкімінің баспасөз қызметкері Асқар Ғазизов, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Шынболат Ташеков және Лебяжі аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Аманжол Еренұлы болды.

Ерекше үңгір

Біздің экспедициялық жұмысымыз Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына қарасты Қоңыр әулие үңгірінен басталды. Үңгір аузының үлкендігі небары кісі бойындай ғана болғанымен, оның ішкі құрылысы көрген жанды тамсандырады. Үңгірдің жалпы ұзындығы 120-130 метр болса, ені 10-15 метрді құрайды. Түптеп барғанда тереңдігі 5-6 метрдей болатын көл бар. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, көл суының құрамында күміс көп болғандықтан, емдік қасиеті бары анықталған. Сырқатына шипа таппаған талай адам осында келіп, суға шомылып, ауруынан айыққан деседі. Цельсий шкаласы бойынша судың температурасы +4 градус. Қысы-жазы өзгермейдi. Біз болған бірнеше сағаттың өзінде оншақты адам арнайы келіп, көл суына түсіп жатты. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үңгірдің ішіне электр шамдары тартылып, түбіне дейін баратын ағаш баспалдақ салынған. Тағы бір ерекшелігі – үңгір ішіндегі тастардың бетінде қазақ мәдениетіне тән ою-өрнектер мен жабайы аң-құстардың бейнесі қашалып салынған. Бұл үңгірден табиғаттың ерекше жаратылысын, сұлулығын байқауға болады. Бұрын-соңды аяқ баспаған қыз-жігіттер қазақ даласының тағы бір құпиясына қанық болып шықты.

Абайдың үйі

Біз отырған көлік Қоңыр әулие үңгірінен қозғалып, Жидебайдағы Абай мұражай-үйіне қарай бет алды. Жалпы, Абайдай ұлы ақынды, Шәкәрімдей кемеңгер тұлғаны және Мұхтардай ұлы жазушыны тудырған киелі топыраққа табан тигізу тым әсерлі. Бұл даланың ауасы да өзгеше. Әсіресе, көктемгі уақытта алдыңнан даланың хош иісті аңызақ желі соғады да тұрады. Ал, сары даланың сәнін келтірген ақ жусанның иісі бас айналдырады. Мұның бәрi - «Абай жолы» тарихи романында суреттелген қым-қуыт заманаға және көшпенді қазақ тіршілігіне куәгер болған тарихи өңiр. Жалпы, Абайдың туған жеріне келген адам сол туындыны қайта бір парақтап шыққандай, тіпті сол заманға қайта оралғандай әсер алады. Арадағы жайдақ жолмен екі сағаттай уақыт жүріп, ұлы ақынның қара шаңырағына келіп тоқтадық. Бұл – Абай атамыздың 1895 жылы өз жобасы бойынша салғызып кеткен үйi. 1971 жылы мұражайға қайта жаңғырту жұмыстары жүргiзiлген. Ал бөлмелердің биiктiгi мен көлемi өзгеріске ұшыраған жоқ, алғашқы қалыбында сақталып қалған. Мұнда бізді Абай мұражай-үйінің экскурсия жүргізушісі Сандуғаш Мұратқызы қарсы алып, музей ішіндегі аса құнды жәдігерлермен таныс-тырды. Мұражай қызметкерінің сөзінше, Абай атамыз бұл үйде үшінші жұбайы Еркежанмен бірге тұрған, яғни соңғы оншақты жылын осы шаңырақта өткізген. Ал бірінші жары Ділдә көбіне Аралтөбеде, екінші әйелі Әйгерім Ақшоқыда тұрыпты. Біз алдымен ас бөлмеге кірдік. Ақынның отырған орнына отырып, өзі тұтынған заттарды қолмен ұстап көрсеңіз, өзімен сырласқандай, тілдескендей күй кешеді екенсіз.

- Сырттан қонақ келмеген кезде бала-шағасымен бірге ас үйінде тамақтанған екен. Ас бөлмедегі пеш арнайы шеберлердің қолымен жасалған. Доғаланған пешінің қос қақпағы бар, екі тамақты бірдей пісіруге болады. Атамыздың үйіне адам өте көп келетін болғандықтан, бір жағына ет асылса, екінші көзіне жеңіл тамақ пісірген, - дейді Сандуғаш.

Ас үйдің бір бұрышында үлкен жез самауыр тұр. Мұны ақынның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында біреулер осы мұражайға сыйға тартыпты. Ас бөлменің оң жағында әдемі қазақ оюымен көмкерілген ағаш төсек пен кебеже тұр. Біреуге арнаған ет-сыбағасы мен қарынға салынған сары май осы кебежеде сақталған. Төсек-орынның бетіндегі оюларды жылқының жақ, жауырын сүйектерінен ойып жапсырыпты. Мұндай ерекше қолөнер туындысы тек жылқы сүйегінен ғана жасалады екен. Бұдан басқа ағаштан ойылған ет табағы, құрт езетін астауы, қымыз құятын тегенесі, арқардың мүйізінен жасалған ожауы қазақтың көшпенді дәуіріндегі табиғи тұрмыс-тіршілікті көзге елестетеді. Оң жақ қабырғаға қызыл түсті масаты деп аталатын матадан тігілген тұскиіз ілінген. Бұл ақынның бірінші әйелі Ділдә анамыздың жасауымен келіпті. Мұны ата-бабаларымыз сол кездегі қыз-келіншектердің ең құнды қолөнер туындысы деп бағалаған. Одан кейін ақынның қонақ бөлмесіне «қонақ» болдық. Бұл бөлмеге көп дүние жинамаған дейді мамандар. Абай атамыз үнемі сырмақтың үстіне құрақ көрпе төсеп, сонда малдас құрып отырып, келген қонақпен әңгіме құрған. Қабырғада ескі кілем тұр. Бұл ақынның екінші әйелі Әйгерімнің жасауымен келген екен. Тегінде парсы елінде тоқылыпты. Бөлмеде ақынның ат-әбзелдер бұйымы мен аңшылық қару-жарақтары орналасқан. Мұндағы азуы алты қарыс арлан қасқырдың терісін көрген адам Абай Құнанбайұлының тағы бір қырына, яғни аңшылық өнеріне қанық болады. Сондай-ақ, 1980 жылдары Сiбiр генерал-губернаторы Баден Табе сыйға тартқан үш ауызды мылтық бар. Алтынмен апталып, күміспен көмкерілген ертоқымның қандай шеберлікпен құрастырылғанына таңданасыз. Ұлы ақын Әйгерім анамызды екінші жары етіп алған кезде осы күміс ертоқымды жорға атты сыйға тартқан екен. Абай атамыздың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы заманның қиын күнінде Алланың әмір еткен бес парызының бірін орындау мақсатында Меккеге қажылыққа барғаны баршаға мәлім. Сол сапардан қайтарда өзіне арнайы тіктіріп киіп келген тақиясы мен күмістелген кісе белбеуі де сол үйде сақтаулы тұр. Хакім көзі тірісінде екі рет қана фотосуретке түсіпті. Оның бірі 51 жасында, екіншісі 58 жасында түсірілген. Сол екі фотосуреттің бірі осы Абай мұражайында тұр. Ақынның жұмыс бөлмесіне де бас сұқтық. Жұмыс орнына қарасаңыз, құдды бір күні бойы жұмыс істеп отырып, қазір ғана тұрып кеткен адамның үстелі іспетті. Барлық заттары сақадай сай дөңгелек үстелдің үстінде тұр. Осы үстел басына отырып біз де бір-бір рет суретке түстік. Әсерлі, әрине. Содан кейін Абай атамыздың қанша туындысы осы үстел басында «өмірге» келді екен деген ой келді. Оны өзінен басқа кім білсін?..

- Жалпы, мұндай құнды жәдігерлердің кейінгі ұрпаққа қаз қалпында жетуіне Абай атамыз өзі себеп болған. 1885 жылы жалпы Құнанбай әулетіне және өзіне тиесілі 60-тан астам құнды жәдігерді Семей өлкетану мұражайына тапсырған. Мына дүниелердің көбі содан бері сақтаулы тұр, - дейді мұражай қызметкері. Мұражай төрінде Абай Құнанбайұлының шаңырағында қызмет көрсеткен адамдардың суреттері мен естелік жазбалары да бар. Солардың бірі - ерлі-зайыпты Қатпа Қорамжанұлы мен Мақып Қорамжанкеліні.

- Абай отырғанда көйлегін киіп отыратын. Тысқа шыққанда костюмдерін киеді. Сары тоны болды. Соны иығына жабамыз. Аяғына мәсілі галош, басына дөңгелек бөрік киеді. Еркежанда киім көп болды. Үйде қарапайым киінеді. Оқалаған қамзолы болды, сандықта жататын. Абай асты ас үйде ішеді де, қонақтар келгенде қонақ үйде ішеді. Сиырдың сүтін пісіріп, машинаға тартқызып, соны ішеді. Бірер стақан ғана шай ішеді. Еттен екі-үш жапырақтай ғана жейді. Артынан хаһрым дейтін айранға қосып кішкене сорпа ішеді. Бастарына бір-бір жастық береміз, сонда жатады. Үйдің асты-үсті сары тақтай болатын. Шошалаға бауырсақ істейміз, илейміз. Бір қап бауырсақты бірақ істеп аламыз. Не керек, кісі көп, бір-екі-ақ күнге жетеді, - деп жазыпты Мақып Қорамжанкеліні өз естелігінде.


Мұхтар БӘШЕЙҰЛЫ, Абай әулетінің қызметшісі:
- Әубәкірдің мылтығы, тазы иттері, бүркіті болды. Тазы иттері біздің үйде жататын. Мылтығы болды қосусыз. Мылтық ататын мергені, құсбегісі болды ертіп жүретін. Сүйектен беті өрнектелген ағаш төсектері, екі кісілеп көтеретін ақ самауырлары болды. Неше түрлі үлкенді-кішілі шіләпшіндері болды. Ас үй бөлек еді. Әкем Бәшей бір орнатқанда алты қазанды қатар орнатқан. Күмістеген қымыз теген және ожауы болды. Кәрлен кесе, құлақты шыныаяқтар көп еді. Қымыз ішетін сары тостағандар бар болатын.


 Қос бәйтерек

Абайдың мұражай үйінен шамамен екі-үш шақырымдай жерде зәулім-зәулім екі кесене көрініп тұр. Бұл кесенелердің ішінде қазақ руханиятының қос бәйтерегі, қос алыбы Абай мен Шәкәрім мәңгілік жай тапқан. Қос кесененің құрылысы ҚР Президентiнiң Жарлығы негiзiнде 1993 жылы басталды. Осы екі кесенені тұрғызар кезде түрлi жобалар байқауға түстi. Соның ішінде көрнекті қазақ сәулетшiсі Бек Ибраимовтың ерекше сәулет өнері сарапшылардың көңілінен шығып, жеңімпаз атанды. Сәулетші бұл кесенелерді Сарыарқаның төсiнде баяу жүзiп бара жатқан Абай мен Шәкәрiмнiң қос желкені іспетті бейнелеген. Яғни, екі ақынның қазақ әдебиеті айдынында жүзіп келе жатқан қос поэзия кемесін аңғаруға болады. Абай атамыздың күмбезiнiң жерден биiктiгi – 38,5 метр. Ал Шәкәрiм қажының күмбезiнiң биiктiгi - 37 метр. Iшкi шеңбер аумағы жағынан Абай кесенесi 16 метр болса, Шәкәрiмдiкi 8 метрдi құрайды. Шәкәрiм күмбезiн Абайдан бiр жарым метр аласа қылғанының өзіндік себебi бар. Шәкәрiм -Абайдың немере iнiсi, шәкiртi. Яғни, бiр мүшел жас кiшi болған.

- Қазақта «Он алты қанат Ақ орда» деген қасиеттi сөз, қастерлi ұғым бар. Осы ұғыммен келгенде, Абай - қазақ поэзиясының аспанында жарқыраған күнi. Сондықтан қазақ поэзиясының он алты қанат Ақ ордасы Абай күмбезi болса, Шәкәрiм соның жанынан жаңа шаңырақ көтерген жас отау сынды. Неге? Себебi Шәкәрiмнiң сүйегi 30 жыл Құрқұдықта жатты. Қажының денесi де, еңбегi де кеңес үкiметiнiң құрсауында болды. Шәкәрiм атамыз қазақ Тәуелсіз ел болғаннан кейiн ғана толық ақталды. Оны Шәкәрiмнiң кесенесiнде былай суреттеген: Шәкәрiмнiң күмбезiнде егемендiктiң сегiз қырлы елтаңбасын келтiредi. Одан жаңадан атқан күн сәулесiн шашыратып қойған. Бұл егемендiктiң жаңа таңы атқанда, Шәкәрiм ақталып, жарыққа шықты деген үлгiдегi ойды бiлдiредi, - дейді белгілі тарихшы Қайыржан Күзембаев.

Бұл даладағы тағы бір ерекше тарихи орындардың бірі – Еңлік пен Кебектің зираты. Бұлар - қазақ даласында аңызға айналған ғазалы махаббат иелері. Еңлiк пен Кебекке жаза кескен жер Шiлiктi кезеңi деп аталады. Ру ақсақалдарының үкiмiмен ғашықтарды асаудың құйрығына байлап жiберiп, 15 шақырым жердегi Ащысудың бойындағы жыраға келгенде арқан үзiледi. Қос ғашықтың сүйегi сол жерде қалған. Қос ғашықтың мүсіні мен оларға жәудірей қараған еліктің бейнесін көргенде бір сәт сол Еңлік-Кебек ғасырына қайта оралғандай күй кешесіз. Кесене ішіне кірген адамға күмбездің төрт бұрышынан аңыраған азалы қылқобыздың үні естілгендей болады. Ал зираттың басындағы құлпытаста Абайдың «Көп жасамай көк орған, Жарасы үлкен жас өлім» деген өлеңі жазылған.

Тілеуберді САХАБА
Павлодар-Шығыс Қазақстан-Павлодар.

Жалғасы бар.

saryarka-samaly.kz