Жақында Баянауылдың Жұмат Шанин ауылындағы әлдебір тұрғынның қора-қопсысынан өрт шықты. Сұмдығы сол, сол күні соққан сұрапыл жел шамалы ғана уақыт ішінде әлгі үймен қоңсылас келесі тұрғынның қорасына жалынның шоғын ұшырып, лап еткізді. Ол ол ма, желдің ығында тұрған тағы бір қораның үстіне үйілген мая шөпке де от тиіп, гүр ете жөнелді. Осылайша күтпеген жерден бір көшенің бойында орналасқан 3 бірдей үйдің қора-қопсысы жалынға орансын. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген. Ауылда не өрт бекеті, не өрт сөндіретін арнаулы машина жоқ. Қолқаны атқан көк түтіннің астында қалған үй иелері қайда хабарласарларын білмей, есі шықты. Мұндайда алдымен ауызға ауыл әкімі түсетіні шын. Алайда жалғыз тракторы мен шағын тіркемелі су цистернасы ғана бар әкім алапат өртке қарсы не істей алсын? Ал өртке қарсы қызмет аудан орталығында орналасқан. Ол жақтан ауыр көлік келіп жеткенше кемі 2 сағат уақыт кетеді. Ауыл азаматтарының су толы шелек ұстап жүгіргенін, жалынды жалаңаш қолмен сөндіруге жаппай ұмтылысқан дәрменсіз тірліктерін көріп, жанымыз күйзелді.

Көрші-қолаң, ағайын қай кезде де бірлікшіл ғой. Жапа-тармағай қолдарынан келгенше әрекет жасап, жалынмен күресті. Қолда бар шағын цистерналарға су толтырылып жеткізіліп, жанып жатқан ғимараттарға суды қолмен шашты жұртшылық. Қуантарлығы, жергілікті орманшылардың иелігінде су бүріккіш қондырғы орнатылған тіркемелі бөшке бар екен. Соның арқасында тілсіз жаудың жолын бөгеп, өрттің одан әрі таралуын болдырмады. Абырой болғанда жан аман. 2-3 сағат арпалыстан соң жалын ауыздықталды. Соны күтіп тұрғандай түске таман аудан орталығынан өрт сөндіру бригадасы да жетті...

Бұл - Жұмат Шанин секілді шалғайда жатқан ауылдардың бірінде ғана болған оқиға. Айдалада орналасқан елді мекендердің расымен де еш қорғансыз, шарасыздың күйін кешіп жатқанына куә болдық. Айтпақшы, бұл ауылдың аумағында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарайтын айрықша қорғалатын орманды алқаптар бар. Құдай бетін аулақ қылсын дейік, төтеннен өрт шықса, ауылдағы санаулы орманшы жалғыз су бүріккіш цистернамен не әрекет жасай алады? Тіпті, олардың өртке қарсы қолданатын сауыт-сайманы, арнайы құрал-жабдығы да жоқ көрінеді.

Ауыл тұрғыны Ерсін Сәрсенбаевтың айтуынша, бұдан бірер жыл бұрын мұнда орман шаруашылығының қолданыстан шығарылған ескі өртке қарсы машинасы болған. Соны жөндеп, керек-жарағын түгендесе, дәтке қуат болар еді. Алайда оның қазірде қайда әкетілгені белгісіз. Ал ұлттық паркке қарайтын «Далба» орман бөлімшесінің басшысы Еламан Кендіров аумақта өрттің шықпауын үнемі орманшылар бақылап отыратынын айтады.

- Таудың биік нүктелеріне орналасқан шолу бекеттеріміз бар. «Далба» бөлімшесіне ұлттық парктің 27300 гектар жері енсе, соның 12 мың гектары Күркелі ауылдық округінде орналасқан. Елді мекендерде өрт шықса, алдымен техникамызды алып жүгіреміз. Бүгінде көбі бізді өрт сөндірушілер деп түсінеді. Біздің қызметкерлер ұлттық парктің аумағындағы кез келген өрттің таралмауына жауапты. Сондықтан амалсыздан жеке үйлер мен қора-қопсыларда орын алған өртті де сөндіреміз. Себебі су бүріккіш қондырғы орнатылған цистерна тек бізде ғана бар. Соның арқасында біраз тұрғындардың дүние-мүлкін тосыннан келген тілсіз жаудан аман қалып жүрміз. Алайда біздің орманда қаншама шаруаларымыз бар. Үнемі көмекке келе алмауымыз мүмкін. Сондықтан жауапты органдар ауылдың өртке қарсы қорғанысын құрғаны дұрыс болар еді деп ойлаймын. Ол әрі қауіпсіздік әрі біраз адамдарға жұмыс тауып берер еді, - дейді Е.Кендіров.

Өкінішке қарай, ауылда болған әлгі сұмдық өртте бір тұрғын барлық малынан айырылды. Қорасындағы 4-5 ірі қарасы, 10 шақты ұсақ малы жалында күйіп кете барды. Өзі де бір жоқтан бар жасап, азғантай малымен күнелтіп отырған отбасы еді. Ендігісін үй иелерінің шаруасын түзеп алуы қиынға соғатындай.

Жоғарыдағы келеңсіз жайттар Баянауыл ауданының атқарушы билігін, тұтастай облыстың төтенше жағдай қызметін ойлантады, ауылдарға алдағы уақытта көңіл бөлінеді деп сенеміз. Төтеннен туындайтын оқиғаларды болжап білу мүмкін емес. Ал кез келген жағдайдың алдын алу, салдарын азайту үшін кәсіби тұрғыда маманданған арнайы мекемелер мен техникалар қажет. Осы бір мүмкіндіктің жоқтығынан ауылдардың соры қайнап отыр. Ауылдағы ағайынның мұңына, жылдар бойы айтып келе жатқан шағымына естір құлақ пен көрер көз болса, жауап қатады, әрекет етеді деген үміттеміз...

Мұрат АЯҒАНОВ
Баянауыл ауданы,
Жұмат Шанин ауылы.

saryarka-samaly.kz