Әлқисса

Әрбір адам жылына кемінде 14 килограмм балық етін тұтынуы тиіс. Дәрігерлердің бұл тоқтамын орындау үшін өндірісті қамшылау қажет. Себебі біз әлі де сыртқа тәуелдіміз. Аймағымызда балық етін өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Өңдемек түгілі өндіруге де қауқарымыз жетпей жатыр. Есесіне, елімізге балық өнімдері әлемнің 40-тан астам мемлекетінен импортталады екен.

Қазақ үшін балық шаруашылығы таңсық дүние емес. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп бекер айтпаса керек. Өткенімізге көз жүгіртсек, кеңестік кезеңде елде шаруашылықтың бұл түрі мейлінше дамыған. Мысалы, 1970-1990 жылдар аралығында тауарлы балық өсiру көлемi 0,7 мың тоннадан 9,8 мың тоннаға дейiн өсiпті. Алайда, бір кездері дүрілдеп тұрған балық шаруашылығы экономикалық дағдарыс жайлаған жылдарда тоқырауға ұшырады. 1990-2005 жылдар аралығында тауарлық балық өсiру мүлдем дамымады десек, қателеспейміз. Қазір де жағдайымыз мәз емес. Сонымен, аймағымызда балық шаруашылығын дамытуға не кедергі? Бұл сауалға жауап табу үшін салаға жауапты аймақтық және аумақтық мемлекеттік мекемелердің басшыларының пікірін білдік.

Бюрократия - қолбайлау

Павлодар облысындағы балық шаруашылығы қорын Ертіс өзені мен республикалық деңгейдегі 9 және жергілікті мәндегі 265 су қоймасы құрайды. Бүгінде аймағымыздың 40 жеке субъектісі табиғат пайда-ланушы ретінде аталған су қоймаларының біразын балық өсірмекке бекініп, жалға алған көрінеді. Өкінішке қарай, көпшілігінің бұл талпынысы ниет күйінде ғана қалуда.

Жалпы, Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, балық шаруашылық су қоймаларын жеке кәсіпкерлерге бекіту бойынша конкурс негізінен 2016 жылы өткізілген. Соңғы екі жылда бұл бағыттағы жұмыстар саябырсып қалған. Себебі су қоймаларына тиісті биологиялық негіздемелер жасалмапты.

Ә.Қабылтаева аймағымызда балық шаруашылығын дамытуға бюрократиялық кедергілер жол бермей отырғанын жасырмады. Қазіргі кезде бұл саладағы басты мәселенің бірі – осы. Әуелде жай ғана балық шаруашылығын дамыту мақсатында су қоймаларын жалға алған кәсіпкерлердің көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы дәрежесіне ауысуы мүмкін болмай отыр. Салдарынан, өндірістік негізде балық тұқымын шығарып, оларды су қоймаларына жіберу жұмысы кенже қалып жатыр. Қағаз жүзінде ресми рұқсаты болмаған соң, бизнес өкілдерінің қолы «байлаулы».

- Сәйкесінше, бүгінде жергілікті табиғат пайдаланушылар балық тұқымын өзге өңірлерден сатып алуға мәжбүр. Бұл тауарлы балық өсіруді ұйымдастыру жұмысына кедергі болуда, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Негізінен, 2014 жылға дейін балық шаруашылығынан көл-тауарлы балық шаруашылығы дәрежесіне ауысуға мүмкіндік беретін заңнама болған көрінеді. Алайда соңғы 4 жылда заңнамаға өзгерістердің енгізілуі салдарынан бұл үрдіске шектеу қойылыпты. Яғни, қазір балық шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерге көл-тауарлы балық шаруашылығына ауысу үшін алдымен өздері иелік ететін су қоймасынан ресми түрде бас тарту қажет. Артынша сол су қоймасына қайтадан жалпы негізде мемлекеттік конкурсқа қатысуға тура келеді. Бірақ конкурс барысында оған бұл су қоймасы екінші мәрте иелігіне берілетініне ешқандай кепілдік жоқ. Осылайша, шаруашылығын кеңейтіп, «тауарлы балық шаруашылығын дамытамын» деп ниеттенген табиғат пайдаланушылар мүлде кәсіпсіз қалуы мүмкін.

Бұл мәселені оңтайлы шешу мақсатында облысымыздың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциясына, «Нұр Отан» партиясына өтініш білдірген. Ә.Қабылтаева аталған мәселе кәсіпкерлердің пайдасына шешілетініне үмітті екенін жеткізді. Әйтпеген жағдайда, балық шаруашылығының көсегесі көгере қоюы екіталай.

Аймағымызда тауарлы балық шаруа-шылығын дамытуға қолайлы орын – Баянауыл ауданындағы Жарлыкөл көлі. Онда балықтың бірнеше түрі бар көрінеді. Онымен қоса, аталған көлде балықтар үшін табиғи азық жеткілікті. Демек, олардың өзіндік құны арзан болады. Ал егер тұқымын өсіру қолға алынып, мелиоративтік жұмыстар оң жолға қойылса, онда су қоймасындағы балықтардың санын еселеп арттыруға болады. Бұдан бөлек, қосымша жұмыс орындары пайда болып, тұрғындарымыздың балық өнімдеріне деген сұранысының біршама бөлігін қанағаттандыра алатын едік, дейді Ә.Қабылтаева. Өкінішке қарай, заңнамадағы олқылық оған мүмкіндік бермей отыр.

Жұмыс әлсіз...

Аймағымыздағы балық шаруа-шылығының дамуына кедергі болып отырған тағы бірқатар өзекті мәселелерді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комите-тінің аумақтық өкілдігінен білдік. Ондағылар салаға жауапты жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысы өз деңгейінде емес екеніне баса назар аударуда.

Біз әңгіме етіп отырған салада «аквамәдениет» деген ұғым бар. Бұл – асыл тұқымды балық өсіру шаруашылығы. Өкінішке қарай, облысымызда аквамәдениет дұрыс дамымай келеді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Павлодар облысы бойынша аумақтық инспекция-сының басшысы Қазыбек Әметовтің сөзіне сүйенсек, жергілікті жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы кәсіпкерлерге тиісті деңгейде қолдау көрсете алмай отыр. Негізі мемлекет тарапынан балық шаруашылығын өркендетуге көп күш жұмсалуда. Тек оны ұтымды пайдалана білу қажет.

- Өкінішке қарай, облысымызда балық шаруашылығы көп жағдайда тек балық аулаумен ғана шектеліп отыр. Керісінше, қазір аквамәдениетке көп көңіл бөліп, су қоймаларындағы балық санын арттыруды ойлау қажет. Аймағымызда әлі күнге дейін бірде-бір балық етін өңдейтін кәсіпорын жоқ, - дейді Қ.Әметов. Сондай-ақ, инспекция басшысы мемлекет тарапынан балық шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар маңызды қолдау шаралары қарастырылғанын атап өтті. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында балық өсіру шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне қомақты субсидия төлеу қарастырылған. Бірақ, осынау қолдау қаржысының бір тиыны да облысымыздың балық шаруашылығына тимейді. Себебі аймақта тауарлы балық өсірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға жоқ. Қазыбек Қасымұлы бұл - салаға жауапты басқарма жұмысының әлсіздігі екенін баса айтты.

Облысымызда су қоймаларын кәсіпкерлерге беру үрдісі де дұрыс жүргізілмейтін көрінеді.

- Мысалы, өткен жылы облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Қ.Сәтбаев атындағы каналды балық шаруашылығын жүргізу мақсатында жеке тұлғаға беру бойынша конкурс өткізген. Алайда, аталған конкурс барысында заңнама талаптары бұзылды. Салдарынан іс сотқа жетіп, басқарма мен кәсіпкер арасындағы келісімшарт күшін жойды, - дейді Қ.Әметов.

Жоғарыда аталған Комитет тауарлы балық өсіру шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар нормативтік-құқықтық актілер құрған. Онда су қоймаларын пайдаланушыларды қолдау шаралары, субсидия бөлу тәртібі сияқты маңызды мәселелер қамтылған.

Бүгінде бірқатар су қоймаларын пайдаланушылар балық шаруа-шылығын жүргізуден бас тартып жатқан көрінеді. Кәсіпкерлер бұл әрекетін саладағы талаптың күшеюімен, шығындардың көптігімен түсіндіруде. Өткен жылдың өзінде төрт жекеменшік субъекті өз міндеттемелерінен бас тартқан. Кәсібіне салғырт қараған тағы бес табиғат пайдаланушымен келісімшарт мемлекеттік мекеме тарапынан бұзылыпты.

Алайда, Қ.Әметов балық шаруашылығын дамыту саласындағы талаптың күшеюін жоққа шығарып отыр. Керісінше, қазіргі таңда мемлекет тарапынан балық шаруашылығымен шұғылданғысы келетіндерге айтарлықтай жеңілдіктер жасалды. Ең бастысы, мемлекетке төлейтін салықтары төмендетілген.

Заң олқы соқса...

Балық өндірісін айтпаған күннің өзінде тұрғындардың балық аулауына да жағдай жасай алмай келеміз. Оның да өзіндік себебі бар. Биыл облысымыздың алты резервтік су қоймасында қармақпен балық аулауға бес тонна көлемінде квота белгіленген. Ал негізінде, аймағымызда мұндай 140 су қоймасы бар. Сөйте тұра, оның тек алта-уында ғана қармақ салуға рұқсат. Неліктен? Мәселе қаражатқа тірелуде. Құзырлы орган өкілдері тиісті квота алу үшін су қоймаларында арнайы ғылыми зерттеу жүргізу керек екенін айтуда. Ондай бір зерттеудің құны – 160 мың теңге. Мұндай шығынды әрбір табиғат пайдаланушының қалтасы көтермейді. Балық аулауға ниетті тұрғындардың рұқсат қағаздары үшін төлейтін төлемі де бұл шығындарды ақтамайды. Онымен қоса, аталған ұсақ су қоймаларының көпшілігінде қыс мезгілінде балықтар оттегінің жетіспеушілігінен толығымен қыры-лып қалатын көрінеді. Жергілікті шенеуніктер болса, қолдан келетін шара жоқ деп отыр.

Өкінішке қарай, облысымызда балық өсіретін қолайлы орын жоқ. Салдарынан жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар балық шабақтарын Қарағанды облысынан сатып алуға мәжбүр. Жер қойнауын пайдалану басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Равиль Қалиевтің айтуынша, қазір аймағымызда Сәтбаев каналының иелігіндегі екі балық тәлімбағы ғана жұмыс істеуде. Оның өзінде, ол тек аталмыш каналда балық өсірумен айналысады. Қуаты аз. Ал кезінде дүркіреп тұрған Качир ауданының балық тәлімбағы кешегі күннің естелігі болып қалуда. Оны қалпына келтіргеннен гөрі, жаңасын салған тиімдірек, дейді лауазым иесі. Кадр мәселесі тағы бар. Р.Қалиевтің сөзіне сүйенсек, бүгінде аймағымызда балық шаруа-шылығының қыр-сырын меңгерген маман саусақпен санарлық.

- Бұл саладағы негізгі мәселенің бірі – заңның олақтығы. Өкінішке қарай, қазіргі заңнама талаптары балық өсірумен айналысуға ниетті кәсіпкерлерге қолбайлау болуда. Атап айтсақ, белгілі бір су қоймасын иелігіне алған бизнес субъектілері қандай және қанша көлемде балық өндіретінін өз еріктерімен шеше алмайды. Салыстырмалы түрде алар болсақ, бұл мемлекеттен бірнеше гектар жер алған диқанға еркінен тыс «сен бұл жерге астық емес, көкөніс отырғыз» деп бұйырғанмен бірдей. Осылайша, көптеген нормативтік-құқықтық актілер балық шаруашылығын жүргізуде қосымша кедергілер тудырып отырғанын мойындау қажет. Олар бір-біріне кереғар. Салдарынан осы салаға аяқ басқан кәсіпкерлер көп ұзамай қайта бас тартып жатады, - дейді Р.Қалиев.

Заң талаптары кәсіпкерлер үшін қолайлы болмайынша балық шаруашылығының дамуы жайында әңгіме қозғау әбестік болар. Бизнес өкілдері қай көлде қандай балық өсіретінін өзі шешуі тиіс.


Тобықтай түйін:
Міне, облысымыздағы балық шаруашылығының бүгінгі ахуалы шамамен осындай. Кәсіпкерлердің бұл салада жұмыс істеуге ниеті асып-тасып жатса да, жақын болашақта тұтынушыларды балыққа қарық қыла алмайды. Ол үшін заңнама талаптарын өзгерту қажет. Ал бұл республика деңгейінде шешілетін мәселе екені түсінікті. Дегенмен, тиісті ұсыныстар біздің аймағымыздағы құзырлы органдардан шығуы тиіс екені де белгілі. Өкінішке қарай, жоғарыда пікірлері келтірілген мемлекеттік мекемелердің басшылары «менікі дұрыс» деген ұстаныммен жұмыс істеп жатқанын түсіндік. Жоғарыда аталған кемшіліктер уақытылы жойылмай, заң кәсіпкерлердің ырқына «жығылмай», құзырлы органдар күш біріктірмей, бұл межені бағындыруымыз екіталай болып отыр.


Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz