Жыл басынан бері Павлодар облысында 163 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 214 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған. 15 адам бақилық болды. Сонымен қатар, балалардың қатысуымен 31 жол-көлік оқиғасы орын алып, 33 бала жарақаттанды. Аймағымызда жаяу жүргіншілердің қатысуымен 91 жол апаты тіркеліп, 6 адам қайтыс болды, 89 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды.

Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстық ішкі істер департаменті өңірде «Жол қауіпсіздігі апталығы» акциясын ұйымдастыруда. Бұл ретте Павлодар қаласының бірқатар көшелерінде апатқа ұшыраған көліктер, дәлірек айтқанда көліктердің қаңқасы орналастырылды. Әр көлікке сақтыққа шақыратын баннерлер ілінген. Мәселен, «Мен ұялы телефонмен сөйлестім», «Мен бағдаршамның қызыл жолағына өттім», «Мен қарсы жолаққа шығып кеттім», «Мен көлікке мас күйінде отырдым», «Мен көлік жылдамдығын асырдым», «Есіңде болсын! Жол ортасында сенің балаң қалуы мүмкін» сынды жұртты сақтыққа шақыратын сөйлемдер жазылды.

Шара барысында тәртіп сақшылары «Сенің жолаушың – бала»! атты рейдтік шара ұйымдастырды. Осы орайда жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тағуы мен көлікте балаларға арналған орындықтың болуы назарға алынды. Жалпы, мамандар көлікте ата-аналардың балаларды алдарына алып отырғызуына тыйым салады. Арнайы жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша, жүргізуші тежегішті жылдам басып, тоқтаған кезде алда отырған баланың салмағы 30 есеге көбейеді екен. Мұндай жағдайда баланы ұстау мүмкін емес. Сонымен қатар, шаһарда қауіпсіздік трамвайы жолға шықты. Қоғамдық көлікте LED экран орнатылып, жасөспірімдерге жол ережелерін сақтауға арналған видеороликтер көрсетілді. Ал кондукторлар балаларға сақтыққа шақыратын жадынамалар таратты.

Иә, «Сақтансаң сақтаймын» деген ғой. Осы сөзді күнде қайталап айтсақ та, орындай бермейтініміз өкінішті. Күре жолдың бойындағы ахуалды күрделендіріп отырған да осы салғырттығымыз болар, бәлкім. Санамызға сақтық ұғымын сіңірсек игі!

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz