Содан, ұялы телефон арқылы мал сатамын деп жан-жаққа хабарлама жіберді. Бір күні тал түсте Камаз және иномарка мінген бір топ жігіт «мал сатып алуға келдік!» деп Аңқаубайдікіне сау ете түсті. Бірі Иванов, бірі Сидоров, - деп өздерін таныстырған олар он сиырды түгелімен сатып алатынын айтып, қарқ-қарқ күлді. Жерден жеті қоян тапқандай Аңқаубай, - «құп» деді қуанып. Он шақты бөтелке арақты Сидоров Аңқаубайдың қолына ұстатты. Ол жалма-жан ауылдың үш-төрт қасапшысын шақырды. Ащы судың қызуы аман қойсын ба? Қолдары қан-қан қасапшылар аш қасқырдай он сиырды отап болып, тағы малың бар ма дегендей жалақтай қарады. Қуырдаққа тойған ауылдастар жабылып жүріп еттің бәрін Камаз-ға артып берді. Сидоров бір бума көк қағазды Аңқаубайға сытырлатып санап беріп еді, мал иесі Сидоровтың бетінен шылп-шылп сүйді. «Енді - Я городской буду» - деді қызып қалған Аңқаубай. «Будешь-будешь» - деді Сидоров құшақтап тұрып. Содан қимастар осы жерден қош айтысты.

Күндер өтті. Аңқаубай бәйбішесі Ыңқылжанды ертіп қаладан үй іздеуге кірісті. Содан көп қабатты үйден қалаған төрт бөлмелі үй тапты. Аңқаубай үй иесі Сабыржанды ертіп банкке барды. Бір бума су жаңа долларды сумкасынан суырып алды да, кассирге ұсынып еді, долларды машинкаға салған қыз әлдекімге қоңырау шалды. Кенет түрлері өрт сөндіргендей болған екі полицияның қызметкері келіп, Аңқаубайдың қолын қайырып, бақыртып алып кетті. Осылайша Аңқаубай абақтыға қамалды. Ыңқылжан ыңыранып барып, талып қалды. Болған жайды басынан бақайшығына дейін айтқан Аңқаубай полицияға ақталып бағып еді, онысынан түк шықпады. Полиция алаяқтарды әрлі-берлі сабылып іздегенімен, таба алмады. Полиция Аңқаубайды шартты түрде босатқанымен, бала-шағасы аш қалды. Мал сойған достары мен көршілері: «Қалаға қашан көшесің? Еруліктеріңді жеп кет!» - дейді. Амалы таусылған Аңқаубай ауылдастарына шынын айтты. Содан ауыл-аймақ жиналып, Аңқаубайға бір бұзаулы сиыр сатып әперді. Ауруханадан Ыңқылжан да дін аман үйіне келді. «Бастан құлақ – садақа!» деген көрші-қолаң той жасады.

Қайролла АЙТБАЕВ, зейнеткер, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz