Бұл туралы өңірлік коммуни-кациялық қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев айтты.

- Жартылай финалға шыққан 35 өнерпаз 16 маусым күні сағат 10.00-де Орталық жағалаудағы «Ертіс Променад» сахнасында додаға түседі. Жеңімпаз болған бір әнші, бір күйші мен бір термеші республикалық жарысқа жолдама алады. Мерекеге орай Астана қаласынан арнайы қонақ келеді деп жоспарланып отыр. Бұл жоба халықтың мәдениетін жаңғыртуға зор үлесін қосады деп ойлаймын. Мақсатымыз - Ертіс өңірінде дәстүрлі ән шығармашылығының сақталғанын көрсету, - деді М.Бегентаев.

«ERTIS» телеарнасының директоры Гүлнаш Әбішеваның айтуынша, аймақтық іріктеу кезеңін телекөрерменге жеткізу үшін «Мен қазақпын» мегажобасының 8 күнделігі эфирден берілген. Ал жуырда өтетін байқаудың жартылай финалы мен финалын павлодарлықтар «ERTIS» телеарнасынан онлайн режимде көре алады.

- «Қазақстан» ұлттық телеарна-сының ұйытқы болуымен қолға алынған «Мен қазақпын» мегажобасы атадан балаға мирас болған өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқау аймақтың барлық аудандарында өтті. Ерекше дайындалған Екібастұз өңірін атап өткім келеді. Ол жерде шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Залда бос орын болған жоқ, - деді Г.Әбішева.

Айта кетелік, өткен жылы бұл байқаудың іріктеу кезеңіне біздің өңірден 40-тан астам термеші, әнші мен күйші өнер көрсеткен болатын. Олардың ішінен суырылып шыққан дәстүрлі әнші Нұрболат Әбілxан, термеші Нұржан Сарқамбаев, күйші Бекзат Сәбиxанов республикалық байқауда аймақ намысын қорғаған еді.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz