«Өмір бойы Катюшамен бірге!» деп аталған интерактивті жиында Ұлы Отан соғысы кезеңі мен Тың игеру жылдары халыққа қызмет еткен «Урал ЗИС-5» жүк көлігі көпшілік назарына ұсынылды. Тарихи жәдігер аймақта біреу ғана. Аталған экспонат 2001 жылдан бері қарай музейдегі құнды дүниелердің қатарына қосылған.

Жалпы, «Катюша» деген бейресми атауға ие техникаларды КСРО қарулы күштері екінші дүниежүзілік соғыста кеңінен пайдаланған. Түйдек-түйдек оқ ататын БМ-14, БМ-21 «Град» құрылғылары да ел арасында осы атаумен танымал болған. Жүк машинасының үстіне орналастырылған 16 ұңғыдан атылған реактивті снарядтар түскен аумағын жойып жіберетін құдіретті күшке ие.

Ал талай тарихтың куәсі болған «Урал ЗИС-5» техникасы 1944 жылы Орал қаласында жасалған. Ол Мәскеу мен Берлинге жақын шайқастарда Сталинград маңындағы әскери операцияларға қатысып, жеңісті жақындатуға өз септігін тигізген.

Соғыс аяқталған соң «Катюша» өңіріміздегі Майқайың кен орнына әкелінген. 1954 жылы Тың игеру науқаны басталған кезде машина ауыл шаруашылығы саласында да кеңінен пайдаланылды. 1970 жылдардың соңына дейін халыққа қызмет еткен техника кешегі қиын кезеңдерді елмен бірге еңсеріп, бейбіт күнге жетуге қосқан үлесімен бағалы.

Аталған музей қызметкерлері алдағы уақытта да тарихтан сыр шертетін құнды жәдігерлерді ел назарына ұсынамыз дейді.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz