Орталық жағалаудың төменгі бөлігінде орналасқан үлкен сахнаның алдына жиналғандар саны әдеттегіден де көбейе түскен. Сенбі күні «Ertis Promenadе» сахнасында павлодарлықтармен жүздесіп, әсем әні, келісті биімен тамсандырған Әли Оқапов тыңдармандарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Алдағы уақытта қазақ үшін қасиеті мол, табиғаты тамаша Баянауыл ауданында бейнебаян түсіруді жоспарлап отырған Ә.Оқапов жұмыс жоспарымен де бөлісті.

- Павлодар қаласында бастау алған тамаша дүниені көріп, ерекше қуанып тұрмын. Маған ұсыныс келіп түскенде осы үлкен сахнада өнер көрсететін әртістер тізімімен танысып шыққан едім. Шынымды айтсам, алғашқылардың бірі болып павлодарлық-тармен жүздескеніме ризамын. Болашақта табиғаты сұлу Баянауыл жерінде бейнебаян түсірсем деген ойым бар. Әрине, бұл идея жүзеге асып, қолдау тауып жатса, керемет болар еді. Болашақта жаңа әндер жаздырып, тыңдармандар назарына жаңа бейнебаянымды ұсынамын, - деді Әли Оқапов.

Ал жексенбі күні Ертіс жағасын әнмен тербеген павлодарлық әнші қыз Роза Мұқатаеваны жерлестері ерекше ықыласпен қарсы алды. 4 жаңа әнінің тұсауын кескен әнші қызды тыңдармандары сахнадан жібермеді.

Бүгінде әншілік өнерімен бірге актерлік қырымен де көптің ықыласына бөленіп жүрген Роза «Кейкі мерген» тарихи телехикаясына түсуде.

- Туған жеріме келіп ән айту маған ерекше күш береді. Өзімді бақытты сезінемін. Шынын айту керек, жаз бойы демалыс күндерін ерекше етіп өткізетін Павлодар тұрғындары үшін қуаныштымын. Ертіс жағасында бой көтерген «Ertis Promenadе» сахнасында талай өнер жұлдыздарымен қауышып, әдемі кештердің куәсі болатын жерлестерім бақытты. Бүгін бір сағаттық жаңа бағдарламамен келіп тұрмын. Оның ішінде жаңа әндерім де бар. Халық жылы қабылдайды деген үміттемін. Алдағы уақытта көрермендерімді жаңа қырыммен таңқалдыратын боламын, - деді әнші.

Айта кетелік, 1 маусым күні салтанатты түрде ашылған «Ertis Promenadе» сахнасында бұған дейін әйгілі «МузАрт» тобы өнер көрсеткен болатын. Алдағы уақытта ресейлік поп-орындаушысы Сати Казанов, молдавандық әнші Дан Балан мен қазақ эстрадасының жұлдыздары Меруерт Түсіпбаева, Ринат Малцагов, Қайрат Нұртас және «Жігіттер» тобы өнер көрсетпек.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz