Мектеп қабырғасынан ұшқанымызға 8 жыл өтіпті. Оқу орнына түсіп, қызмет істеп жүріп, уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қалыппыз. Біз мектеп бітірген жылы мектепке қабылданған бала қазір 8-сыныпты тәмамдады деген сөз. Шыны керек, қанша жыл өтсе де соңғы қоңыраудың үні мен ҰБТ тапсырған шақтағы көңіл-күйіміз есімізде жақсы сақталыпты.

Бұл сынақты тапсыру үшін біз де талай ұйқысыз түндерді өткіздік. Біздің алдымызда он бір жылдықтың табалдырығын тәп-тәуір аттап шыққан талай жастың жоғары оқу орнына түсе алмағанын, ата-аналарының сары уайымға салынғанын да естіген едік. Сол уақытта бізге де ҰБТ тағдырымызды шешетіндей көрінді. Себебі соңғы қоңырау шарасынан кейін күллі ауыл үшін үлкен сынақ тұратындай еді. Сондықтан ҰБТ-дан өте алмасақ, өмірімізге «соңғы нүкте» қойылатындай күй кешіп едік.

Биылғы түлектердің ішкі жан дүниесін осыдан 10-15 жыл бұрын бітірген түлектер де жақсы түсінеді десем қателеспеймін. Бірақ түлектер ҰБТ қорытындысына бола болашақтарын болжамаса екен дейміз. Аталмыш сынақта қажетті ұпайды жинай алмаса да, өмір мұнымен тоқтамайды дегім келеді. Себебі кезінде ҰБТ-дан сүрінген талай қыз-жігіт қазір өз ісінің маманы. Бірі кәсіпкер, ұстаз, дәрігер, қарымы мықты журналист! Оқушының ой-өрісін тест сұрақтарымен ғана шектеп қою түлектердің болашағын шешпейді. Бастысы, өз ісіне ұқыпты, жауапты, талапты, білімді болу қажет! Бойдағы осы қабілеттер тұлғалық қасиетіңді қалыптастырып, барлық ортада сыйлы етеді. Осынау құнды қарым-қабілет «жаттанды» тест кітапшасындағы 120 сұрақтан мың есе артық.

Биыл облысымызда Ұлттық тестілеуге 2857 түлек қатысқалы отыр. Баршаңызға бұл сынақта сәттілік тілеп, қалаған маман иесі атануына тілектеспін!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz