Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының сөзінше, мектеп бітірушілерге арналған тосынсый мұнымен шектелмейді.

- Ауқымды шараны орталық жағажайда өткізудің бірнеше себебі бар. Өткен жылдары үнемі орталық стадионда өткізілетін кешке шақырылатын адамдардың санына шектеу қойылатын. Салтанатты шараға қаладағы 1600 түлек қана қатыстырылып келді. Сондықтан биыл «Түлектерді бүкіл қаламен шығарып саламыз!» деген ұранмен өтетін жиынға мектеп бітірушілердің ата-аналары мен туған-туыстары да шақырылады. Сонымен қатар, өңірдегі 209 «Алтын белгі» иегері де кеш қонақтарының қатарында болады. Салтанатты жиынға облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, түлектермен вальс билейді деп күтілуде, - деді Дінислам Болатханұлы.

Басқарма басшысы кеш барысында «Үлкен өмірге - игі іспен» қайырымдылық акциясы жарияланатынын атап өтті. Жастар жаңа өмірді Ертіс жағалауында қарсы алады. Шараны Қазақстан эстрада жұлдыздары Серікбол Сайлаубек пен Анар Батырхан жүргізеді. Бұдан бөлек, түлектерді құттықтауға Қазақстандық «BN» тобы және «Райым және Артур» дуэті келеді. Осылайша, 15 маусым күні сағат 17.00-ден сағат 19.00-ге дейін орталық жағажайда «Жас толқын – 2018» түлектер кеші өтеді. Мерекені сағат 20.00-де «Ертіс Promеnаdе» сахнасында өтетін концерттік бағдарлама жалғастырады.

Ал 16 маусым күні дәл осы уақытта аталмыш сахнада ресейлік «Белый Орел» тобының концерті ұйымдастырылады. Биылғы түлектер сағат 22.00-де мерекелік отшашуды тамашалай алады.

Сонымен қатар, 17 маусым күні сағат кешкі 20.00-де Қазақстанның эстрада жұлдыздары Жанар Дұғалова, Ринат Малцагов, Меруерт Түсіпбаева және Роза Мұқатаеваның қатысуымен «Ертіс-Баян жұлдыздары» атты гала-концерті өтеді. Мерекелік кеште барлық қауіпсіздік шаралары назарға алынған.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz