Аталмыш бағдарламаны қаладағы №4, №21 және №46 сәбилер бақшаларының әдіскерлері талдаған. №4 сәбилер бақшасының әдіскері Фариза Әбілмажинованың сөзінше, «Тілашар» бағдарламасы арқылы 3-4 жастағы балалардан құралған топ қазақ тілін ойын, серуен, жаттығу, ертегі айту барысында және дастарқан үстінде қолданады. Аталмыш топта 31 бала бар. Оның 30-ы - өзге ұлт өкілі. Балабақшада 26 педагог қызмет атқарады. Оның 11-і - өзге ұлт өкілдері. Оның 7-еуі қазақ тілі курсынан өткен. Қалған 4-еуі жаз мезгілінде арнайы курсқа қатысады. Топтарда қазақ және орыс тілді тәрбиеші жұмыс істейді. Сөздіктер, әндер жинағы, ойындар екі тілде берілген. Сандар, түстер, пішіндерді де екі тілде үйренеді. Сонымен қатар, қазақ тілінде қарым-қатынас жасайды.

- №4 балабақша аралас тілде жұмыс істейді. Мекемеде 8 топ бар. Оның 6-уы - орыс, 2-еуі - қазақ тілінде. «Тілашар» бағдарламасы 3-4 жастағы балалардан құралған топқа енгізілді. Қыркүйек айында барлық топтар аталмыш жобамен жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта бұл балабақшада 225 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде қазақ балаларының саны 56-ны құрайды. Ата-аналар бұл жаңалықты қуана қабылдады. Мекеме қызметкерлері мен ата-аналар үшін қазақ тілі үйірмесі жұмыс істейді. Басында бұл шараға 3-4 адам қатысатын. Қазір күніне 10 ата-ана келіп, сауаттарын ашады. Осы арқылы олардың қызығушылығын аңғаруға болады. Бұл бағдарлама шаһардағы 10 балабақшада жұмыс істейді. Келесі оқу жылында қатарға тағы 6 балабақша қосылады деп күтілуде. Сөйтіп 150 балғын қазақ тілінде тәлім-тәрбие алмақ, - дейді Фариза Назымбекқызы.

Қазір балғындар түстерді, пішіндерді мемлекеттік тілде айтады. Сонымен қатар, өсімдіктер, жануарлар, жеміс-жидектердің атауын да қазақ тілінде үйренуде. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде видео оқу жүктелген. Ата-аналар сол арқылы білімдерін арттыра алады.

Жалпы, облыс орталығында орта білім беретін күндізгі 42 мектептің 7-еуі - мемлекеттік тілде, 23 білім ошағы - аралас тілде, 12 мектеп орыс тілінде оқытады.

- Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Ал қазақ ұлтының мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін. 2025 жылға дейін қазақ тілі әрбір қазақстандықтың күнделікті қолданыс құралына айналуы тиіс», - деді. Қазақстанда тұратын әрбір азамат өзінің ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, мемлекеттік тілдің одан әрі нығаюына жауаптылықпен қарап, өзі өмір сүріп жатқан елдің тілін меңгеруі арқылы сол ұлтқа деген құрметін көрсетері анық. Қазақстандықтардың әрқайсысы мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтата түсуге өз үлесін қосса, қазақ тілінің келешегі нұрлана түспек, - дейді Фариза Назымбекқызы.

Атап өтерлігі, шаһарда мектеп жасына дейінгі 435 бала мемлекеттік тілді меңгерудегі қабілеттерін дамытқан. Оның 354-і - өзге ұлт өкілдері.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz