Бұл ретте өңірімізде де жүйелі жұмыстар қолға алынған. Жақында ғана Баянауыл ауданына қарасты Бірлік ауылында ашылған Коворкинг-орталық - соның айқын дәлелі.

Бұл - аудан бойынша ашылған алғашқы орталық. Ауыл тұрғындары кітапханадағы оң өзгерістерге дән риза. Ел игілігіне берілгеніне аз уақыт болса да, бүгінде орталық жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда. Мұнда күнделікті күйбең тірліктен қолы қалт еткен тұрғындар келіп, өзі қалаған форматта жұмыс істей алады. Тіпті, онлайн қызметке жүгініп, қалаған кітабын оқып, кәдесіне жарата алады. Жалпы, толық жаңғыртудан өткен орын бүгінде үлкен-кіші бас қосатын ерекше орталыққа айналған.

- Бұрын кітапханаға аптасына екі-үш рет келіп, өзіме қажетті кітаптарды алып оқитынмын. Енді тіпті жиі келетін болдым. Өйткені, коворкинг орталықта ағылшын тілін үйрену курсына жазылдым. Бұл орталық тек сауатымызды арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарымен дидарласып, тілдесуге де айтарлықтай ықпал етуде. Осындай мүмкіндік жасаған аудан басшылығына айтар алғысымыз шексіз, - дейді ауыл тұрғыны Гүлмира Санғожина.

Аталмыш кітапхананың меңгерушісі Жанат Әлжанованың айтуынша, орталықтың ашылуына аудандық бюджеттен 2 млн. теңге қаражат бөлінген.

– Оқырман үдесінен шығу – біз үшін басты талап. Сондықтан заман талабына сай кітапханада ұсынылатын қызмет түрін жаңғырту үстіндеміз. Ал коворкинг-орталық - оқырмандар үшін оңтайлы жүйе. Олар мұнда кітап оқумен ғана емес, өздерінің жеке шығармашылық жұмыстарымен айналыса алады. Яғни, түрлі ғылыми жобаны бірлесе отырып жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, ғаламтор желісін пайдалана отырып, өздеріне қажетті дүниелерді іздей алады, - дейді ол.

Мереке АМАНТАЙ
Бірлік ауылы, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz