2016 жылы Ленин кентінде орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы басталған еді. Жоспарға сәйкес жұмыстар осы жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ теміржол жолы астынан су құбырын өткізуге қатысты мәселе туындап, белгіленген уақыт кейінге шегерілді. Сөйтіп, осы айдың соңына дейін жұмыстар толығымен аяқталмақ. Қазірдің өзінде-ақ 350-ден астам үй желіге қосылды. Мұндай қуанышқа кенелгендердің бірі – Салтанат Сәрсенбаева. Тұрғынның айтуынша, бұған дейін талай рет көтеріліп, жауыр болған таза ауызсу мәселесі енді толыққанды шешілді.

- Қазіргі уақытта шаю жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, суды тек шаруашылық мақсатында қолдануға болады. Бұл бау-бақшаны суаруға жақсы болды. Бұрындары су болмай, соның салдарынан көкөніс өсіру қиын еді. Ал маусым айының соңында үйге дейін тартылған құбырдан аққан суды ас үйде де пайдалана аламыз. Бұл Ленин кенті тұрғындарының көптен күткен арман-тілегі еді, - дейді С.Серікбаева.

Ленин кентінің әкімі Дәулет Тайгулин жалпы ауылда 2800-ден астам үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылатынын айтты. Қазіргі уақытта құбырды үйге дейін тарту, шаю жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда үйге дейін суды жеткізу әр тұрғынның өз қалтасынан төленетінін атап өту керек. Бұл жұмысты «ЭкоСервис» жауапкер-шілігі шектеулі серіктестігі атқарады. 1 метр құбырды тарту – 2500 теңге, оған қосу су есептеуіш құралдарды, басқа да қажеттіліктерді орнату бар. Сөйтіп, құдық пен үйдің алшақтығына байланысты тұрғындар 35-150 мың теңге аралығында қосымша ақша төлейді. Су тарту жұмыстарымен барлығы 3 бригада айналысады. 1 үйге су тарту шамамен бір күндік уақытты қажет етеді.

Алғашқылардың бірі болып М.Мәметова көшесінің тұрғындары ортақ жүйеге қосылуда. Себебі, дәл осы көшеде таяу арада асфальт төселеді. Жалпы, биыл Ленин кентіндегі Мәметова, Павлодарская, Маслозаводская және Комарова көшелеріндегі жол жөнделіп, қалпына келтіріледі. Сондықтан тұрғындарға су тарту жұмыстарын жеделдету керек. Құрылысқа жауапты мердігер компания – «Ай-Су Мелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Юрий Куставаловтың айтуынша, құбырдың жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асады. 3 метр тереңдікке диаметрі 225, 200 мм болатын құбырлар төселді. Құрылысқа қажетті материал-дардың басым бөлігі Қарағанды облысынан жеткізілді.

- Кент сыртында 5 тазалау ғимараты орналасқан. Мұнда су сүзгіден өтіп, тазаланады. Құрал-жабдықтардың қалтқысыз жұмыс істеуін арнайы мамандар қадағалайтын болады, - дейді Ю.Куставалов.

Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Асхат Омаров Ленин кентінде су тарту жобасына 2 млрд. 100 млн. теңге қаржы жұмсалғанын айтты. Осындай қомақты сомаға салынған құбыр енді жергілікті тұрғындардың игілігіне ұзақ уақыт жараса болды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz