Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартине Павлодар облысына жұмыс сапары барысында «ФудМастер-Lactalis»-«Сүт» акционерлік қоғамының өндірістік жұмысымен танысты. Бұл ретте ерекше атап өтерлігі, былтыр сүт зауыты «President» брендімен сары май шығарып, экспорттауды қолға алған болатын. Павлодарлық майдың дәмін көрген мейман оның франциялық өнім сапасымен тең екенін айтты.

- Шыны керек, сары майды Франциядан артық ешқайда өндіру мүмкін емес деп ойлайтынмын. Бірақ, бүгін павлодарлық өнімнің дәмін татып, бұл ойымнан бас тарттым. Жергілікті шикізаттан өндірілетін майдың сапалық құрамы франциялыққа дес бермейді, - деді Ф.Мартине.

Зауыт директоры Арман Алдабергеновтің айтуынша, облыстағы «Победа», «Агро-Даму», «Ивановское» және тағы басқа ірі шаруашылықтар өндіріс орнын сапалы шикізатпен қамтып отыр. Компания күніне 150-180 тонна сүт қабылдайды. Өз кезегінде «Сүт» акционерлік қоғамы сапалы шикізаттан әлемдік талаптарға сай келетін өнім шығару үшін барын салуда. Бүгінде кәсіпорын 200-ге жуық өнім өндіріп, оларды көршілес облыстар мен Ресейге жеткізіп отыр.

- 2007 жылдан бері компанияның инвестициясы 61 млн. еуроны құрады, оның 33 млн. еуросы – соңғы 5 жылда құйылған қомақты қаражат. Ал 2009 жылдан бастап біздің павлодарлық зауыт пен «Киров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне салынған сомма – 15,5 млн. еуро. Осы орайда сары май өндірісіне басымдық беріліп, оны іске қосу үшін 305 млн. теңге бөлінгенін баса айтқан жөн. Соның нәтижесінде «Группа Лакталис» франциялық зауыттарына лайықты бәсекелес бола алатын өнім дайындау мүмкіндігі туды. Енді «President» майын Ресейге экспорттап отырмыз, - деді А.Алдабергенов.

Сүт зауытының басшысы алдағы жоспарлармен де бөлісті. Таяу арада 600 басқа арналған сүт фермасы ашылмақ. Сөйтіп, өнімділіктің жылдық көрсеткіші 10-15 пайызға артады. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысқан Филипп Мартине қытайлық нарықтан орын алу тетіктерін де қарастыруға кеңес берді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz