Халық қандай ауылдан кеткісі келмейді? Әлбетте, жұмысы, тұрақты табысы бар елді мекеннен ешкім алыстай қоймайды. Міне, сондықтан осы ауылдағы, тіпті, Екібастұз өңіріндегі ірісі – «Табыс» шаруа қожалығының елді мекендегі ерекше ахуалға қосып отырған үлесін айтпасқа болмас. Еліне сыйлы азамат Манат Алғамбаров басшылық ететін бұл шаруашылық 2000 жылы іргесін қалапты.

- Ісімді 12 бас ірі қарамен бастадым. Қазір қолымда 2500 бас ірі қара мал, 1500 жылқы бар. Мұндай табысқа жетуіме, алдымен Алла, одан кейін мемлекеттің жан-жақты қолдауы деп білемін. Үкіметіміздің ауылға деген айрықша көзқарасының жемісіне балаймын. Біздің әр шығынымыз мемлекеттен субсидия арқылы төленеді. Сиыр етіне, жылқы етіне жыл сайын субсидия түрінде көмек беріліп келді. Биыл жылқы етіне субсидия алынып тасталыпты, қайтадан жанданса жөн болар еді, - дейді Манат Қажыбекұлы.

Шаруашылық қаланың бала-бақшалары мен ауруханаларын етпен қамтиды. Одан бөлек, Екібастұз шаһарының шағын аудандарындағы базарларға, Астана қаласына жылқы мен сиыр етін үздіксіз жеткізіп отырады.

Мемлекет көмегі демекші, «Табыс» шаруа қожалығы техниканы да жеңілдікпен сатып алып келеді. Манат Қажыбекұлының айтуынша, соңғы 5 жыл ішінде 15 жаңа трактор сатып алған. Одан бөлек, 2 тиегіш көлік пен 2 «Камаз» маркалы жүк көлігін сатып алыпты. Биыл тағы да екі тракторға тапсырыс беріпті, жуырда қолына тимек. Бұл техникалар құнының елу пайызын мемлекет өтеп беріп отыр. Шаруашылық басшысы мемлекеттен мұндай жәрдем болмағанда, дәл бүгінгідей жетістікке жету мүмкін емес дейді.

Үкіметтің қолдауын сезінген кәсіпкер қолдағысымен бөлісуді азаматтық парызы санайды екен. Ауылының басты жанашыры десеңіз болады. Олай дейтініміз, дәл қазір Зеленая роща елді мекенінде бюджет есебінен мектеп құрылысы басталыпты. Бірақ, жобасында спорт зал қарастырыл-мапты. Сондықтан ауылдың тумасы, іскер Манат Қажыбекұлы білім ордасына өз қаражатына спорт зал салып беруді ұйғарған. Бүгінде қос ғимараттың құрылысы қызу.

- Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әр белсенді, жағдайы бар азаматтарды өзінің кіндік қаны тамған жеріне қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырып, ұран тастағаны белгілі. Сондықтан мен де бұл игі істен шет қалмауды жөн санадым. Негізі, ауылымызда 78 отбасы, яғни, 320 жан тұрады. Клубымыз, фельдшерлік-амбулато-риялық пунктіміз, балабақшамыз, мешітіміз бар. Жайқалған саябағымыз да көз тартады. Тек мектебіміз ғана жұпыны еді. 1964 жылы салынған бір қабатты ғимараттың тозығы жеткен. Енді міне, биліктегілер ауылдастарымның аманатын жерге тастамай, білім ордасының құрылысына қаржы бөлді. Оған өзім де үлес қосуды жөн деп санадым, - дейді Манат Алғамбаров.

Айтпақшы, ауылдағы саябақ та - «Табыстың» тартуы. Кәсіпкер 2015 жылы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай 7,5 млн. теңгеге салып беріпті. Мектеп құрылысына қазынадан 55 млн. теңге бөлінген. Спорт залдың құрылысына бизнесмен 35 млн. теңгесін жұмсамақ. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыс қызу. Жұмысшылар нысанды тамыздың басына дейін аяқтап, қолданысқа беруді жоспарлауда. Тағы бір айта кетерлігі, бұл білім ордасына кәсіпкердің әкесі Қажыбек Алғамбаровтың есімі берілмек. Ол кісі Ұлы Отан соғысының қатысушысы, соғыстан кейін ауыл мектебінде 40 жылға жуық директорлық еткен екен. Математика пәнінен сабақ берген. Елге сыйлы азаматтың есімін өзі көп жыл қызмет еткен мектепке беру ұсынысын ауылдастары жасапты. Бүгінде ұсыныс қалалық, облыстық, республикалық ономастикалық комиссияларда қолдау тапқан. Шешімі шығыпты. Демек, биыл жаңа оқу жылында Зеленая роща елді мекенінің оқушылары Қажыбек Алғамбаровтың атындағы су жаңа мектептің табалдырығын аттайды.

Манат Қажыбекұлы - ауылының келешегіне зор сенім артып отырған азамат. Жасалған жұмыстар жастардың тұрақтап қалуына бағытталғанын айтады. Кәсіпкер ел азаматтарының біразы егделеп қалғандықтан, ізбасарлар - жастар жағы ауылдан алыстамағанын қалайды. Сондықтан бар күш-жігерін туган жерін көркейтуге жұмсаудан жалықпайды. Мұндай қамқорлықты өзінің азаматтық парызы деп біледі. Ауылда соңғы екі жылда 9 үй тұрғызылыпты. Биыл тағы екі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл өзгеріс те ауылдың келешегінің зор екенін аңғартса керек.

Қайырымды жан игілікті істерін туған ауылына ғана жасап жатқан жоқ. Ауылдастарының айтуынша, іргесіндегі өзге елді мекендерге де қолғабыс жасауды ұмыт қалдырмайды. Мәселен, былтыр Солнечный кентінің 60 жылдығына 2 млн. теңгесін беріпті. Оған кентте сахна салынып, Абай ескерткіші жаңартылған. Әжелер ансамбліне сахналық киім тігілген.

Ақкөл ауылы маңындағы қасиетті аталардың мәңгілік мекенін көріктендіруге де көп көмек етеді. Кесенелерді қоршауға, ретке келтіруге жыл сайын миллиондап қаржы бөліп келеді. Жалпы, кез келген қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайды. Ауылдың аз қамтылған отбасыларына қарайласып, жем-шөп, көмір алып беру дәстүрге айналыпты. «Береген қолым - алаған», «қанағат пен жомарттық - бақытқа бастар жол» дейді атымтай азамат. Бергеніне сай Алла да сыйын аямайтынына көзі жеткен. Сондықтан жомарттық - бұл жанның бір қанаты десе болады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz